Жаңалықтар

Декрет төлемін заңсыз көбейтудің схемасын ұйымдастырғандар сотталды – министр

02.06.2026 14:15
Диана Орынбасар
Фото: Фото: коллаж AI / El.kz

Соңғы уақытта декреттік төлемді көбейту үшін табысын қолдан өсіріп көрсететіндерге қатысты бақылау күшейтілді. Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев әлеуметтік төлемдерді заңсыз жолмен алуға тырысқан азаматтарға қатысты қылмыстық істер қозғалып, сот үкімдері шыққанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, кейбір азаматтар арнайы делдалдардың көмегімен табысын бірнеше есе арттырып көрсетіп, әлеуметтік сақтандыру қорынан жоғары көлемде төлем алуға әрекеттенген.

«Помогайкалардың» схемасы қалай жұмыс істеген?

Асқарбек Ертаевтың сөзінше, мұндай схемалар көбіне бірнеше жеке кәсіпкер арқылы жалған аударымдар жасауға негізделген. Яғни, азаматтың нақты табысы төмен болғанымен, әртүрлі көздерден әлеуметтік аударымдар жүргізіліп, құжат жүзінде табыс көлемі бірнеше миллион теңгеге дейін жеткізілген. Нәтижесінде декреттік немесе басқа да әлеуметтік төлемдерді жоғары мөлшерде алу көзделген.

Министр мұндай әрекеттердің барлығы анықталып жатқанын айтты.

Ақтөбеде екі адам 5 және 6 жылға сотталды

Министр нақты мысал ретінде Ақтөбе облысында анықталған жағдайды келтірді. Оның айтуынша, бір азаматқа 17 түрлі көзден әлеуметтік төлемдер аударылған. Соның нәтижесінде оның ресми табысы шамамен 4,3 миллион теңгеге дейін көтерілген. Аталған деректер тексеріліп, материалдар құқық қорғау органдарына жолданған. Кейін сот шешімі шығып, іске қатысы бар екі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Ақтөбе облысында болған бір жағдай бойынша азаматтың табысы 17 түрлі көзден төлем жүргізу арқылы шамамен 4 миллион 300 мың теңгеге дейін көтерілген. Барлық материалдарды құқық қорғау органдарына жібердік. Соттың шешімі шықты. Нәтижесінде екі адам 6 жылға және 5 жылға сотталды, – деді министр.

тікелей эфирден скриншот

Осындай схема Ақтауда да анықталған

Ұқсас жағдай Ақтау қаласында да тіркелген. Министрдің мәліметінше, бұл жолы бірнеше жеке кәсіпкер арқылы әлеуметтік аударымдар жасалып, азаматтың табысы құжат жүзінде 4,2 миллион теңгеге дейін жеткізілген. Бұл факт бойынша да қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдарының қарауына берілген. Кейін сот айыпталушыларға қатысты үкім шығарған.

«Мұндай схемалардың жолын кесуді жалғастырамыз»

Асқарбек Ертаев әлеуметтік сақтандыру жүйесін алдау әрекеттеріне қарсы жұмыс тоқтамайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Әлеуметтік сақтандыру қоры күмәнді төлемдер мен жасанды схемаларды тұрақты түрде бақылап отыр. Егер заң бұзушылық белгілері анықталса, материалдар бірден құқық қорғау органдарына жолданады.

Әлеуметтік қорда мұндай схемаларды жою бағытындағы жұмыстарды тоқтатпай жүргізіп жатырмыз. Егер күмәнді жағдайларды байқасақ, материалдарды бірден құқық қорғау органдарына тапсырамыз, – деді министр.

Декрет төлеміне қатысты бақылау күшейтілді

Соңғы жылдары декреттік төлемді көбейту мақсатында табысын қолдан арттырып көрсету фактілері жиілеген. Осыған байланысты мемлекет әлеуметтік төлемдердің заңды әрі әділ тағайындалуын қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтіп отыр.

Мамандардың айтуынша, жалған аударымдар жасау немесе табысты әдейі көтеріп көрсету тек әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін. Сондықтан азаматтарға әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу кезінде заң талаптарын сақтауға кеңес беріледі.

 
 

Оқи отырыңыз