Спорт

Даулы шешім, тарихи жеңістер: Қытайдағы Әлем кубогы несімен есте қалды?

22.06.2026 12:15
Диана Орынбасар
Фото: Фото: коллаж AI / El.kz

Қытайдың Гуйян қаласында өткен бокстан Әлем кубогының екінші кезеңі мәресіне жетті. 44 елден келген 300-ге жуық спортшы бақ сынаған турнир Қазақстан құрамасы үшін сәтті аяқталды. Ұлттық құрама бес алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.

Алайда бұл жарыс қазақстандық жанкүйерлердің есінде тек медальдар санымен ғана қалған жоқ. Турнир бірнеше тарихи жетістікке, тартысты жекпе-жектерге және қызу талқы тудырған төрешілер шешімдеріне толы болды.

Қазақстан қоржынына бес алтын түсті

Гуйяндағы жарыста Қазақстан құрамасының сапынан Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Абылайхан Жүсіпов (70 келіге дейін), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Назым Қызайбай (54 келіге дейін) және Виктория Графеева (60 келіге дейін) чемпион атанды.

Әсіресе Абылайхан Жүсіпов үшін бұл жеңістің орны бөлек. Көп жылдан бері ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі саналатын боксшы алғаш рет Әлем кубогы кезеңінің алтын медалін жеңіп алды.

Назым мен Виктория тарихи жетістікке жетті

Гуйяндағы жарыста екі қазақстандық спортшы тарихқа өз есімдерін жазды. Назым Қызайбай Әлем кубогын екі түрлі салмақ дәрежесінде – 48 және 54 келіде жеңіп алған алғашқы қазақстандық боксшы қыз атанды. Үш дүркін әлем чемпионы үшін бұл тағы бір маңызды белес болды.

Ал Виктория Графеева турнирдің басты қаһармандарының біріне айналды. Ол финалда Париж Олимпиадасының чемпионы Линь Юй-Тинді жеңіп, Қазақстан, Бразилия және Қытайда өткен Әлем кубогы кезеңдерінде топ жарды.

Осылайша Графеева Әлем кубогының үш дүркін жеңімпазы атанған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде тарихқа енді. Сондай-ақ Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбай өз мансабында екінші рет Әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетіп, екі дүркін чемпион атанды.

Сабыржан Аққалықовтың жекпе-жегі талқыға түсті

Турнирдің ең даулы сәттерінің бірі Сабыржан Аққалықовтың жартылай финалдағы кездесуі болды. Қазақстандық боксшы өзбекстандық әлем чемпионы Жавохир Умматалиевпен қолғап түйістіріп, төрешілер шешімімен жеңіліс тапты. Алайда бұл нәтиже көпшілік арасында түрлі пікір туғызды.

Жекпе-жек аяқталғаннан кейін Аққалықов эмоциясын жасыра алмай, төрешілер шешімімен келіспейтінін білдірді. Әлеуметтік желілерде де бұл кездесу қызу талқыланып, жанкүйерлердің бір бөлігі қазақстандық спортшының жеңіске лайық болғанын жазды.

Головкин медаль табыстады

Гуйяндағы Әлем кубогының есте қаларлық сәттерінің бірі марапаттау рәсімінде орын алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль табыстағандардың қатарында Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті, кәсіпқой бокстың аңызы Геннадий Головкин болды.

Әлемдік рингте ұзақ жылдар бойы Қазақстанның атын танытқан GGG-дің қатысуы турнирдің мәртебесін арттырып қана қоймай, жас боксшылар үшін ерекше мотивацияға айналды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы бес алтын және үш қола медальмен медальдық есепте екінші орын алды. Бірінші орын Қытай құрамасына бұйырса, үздік үштікті Өзбекстан құрамасы түйіндеді.

Осылайша Гуйяндағы Әлем кубогы қазақстандық боксшылардың жарқын жеңістерімен, тарихи рекордтарымен, даулы жекпе-жектерімен және Геннадий Головкиннің қатысуымен өткен марапаттау рәсімімен есте қалды.

Оқи отырыңыз