30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыДастан Сәтпаевтың Англиядағы алғашқы толыққанды маусымы «Челсиде» емес, Чемпионшипте өтеді. 18 жастағы қазақстандық шабуылшы лондондық клубтан «Бернлиге» бір маусымға жалға берілді. Премьер-лига алпауытынан екінші дивизионға аттану сырт көзге бір саты төмендеу болып көрінуі мүмкін. Алайда Сәтпаевтың қазіргі мансаптық кезеңін ескерсек, бұл – ағылшын футболына бейімделіп, тұрақты ойын тәжірибесін алуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Шағын қаланың үлкен футбол тарихы
«Бернли» – Англияның солтүстік-батысындағы Ланкашир графтығына қарасты аттас қаланың клубы. Манчестерден шамамен 35 шақырым жерде орналасқан Бернлиде 100 мыңға жетпейтін халық тұрады. Бірақ футболдағы тарихы қаланың көлемінен әлдеқайда ауқымды. Клуб 1882 жылы құрылды. 1888 жылы Англия футбол лигасының негізін қалаған 12 команданың бірі болды. Ал өзінің «Терф Мур» стадионында 1883 жылдан бері ойнап келеді.
«Бернли» – Англияның екі дүркін чемпионы. Команда 1920/21 және 1959/60 жылғы маусымдарда ел біріншілігін жеңіп, 1914 жылы Англия кубогын иеленді. Сондықтан Сәтпаев тарихы мен футбол мәдениеті қалыптасқан ортаға келіп отыр.
Премьер-лигаға қайта-қайта оралатын клуб
Қазіргі «Бернлидің» басты ерекшелігі – Премьер-лига мен Чемпионшип арасындағы тұрақты қозғалысы. 2021/22 жылғы маусымда элитадан түскен команда араға бір жыл салып Венсан Компани бастаған ұжыммен Чемпионшипті 101 ұпаймен жеңіп алды. Бірақ Премьер-лигадағы келесі маусым сәтсіз аяқталып, клуб қайта төмендеді.
2024/25 жылғы маусымда Скотт Паркердің командасы Чемпионшипте 100 ұпай жинап, Премьер-лигаға тағы көтерілді. Сол маусымда «Бернли» 46 кездесуде небәрі 16 гол жіберіп, қорғаныста тарихи көрсеткішке қол жеткізді. Дегенмен элитада тағы тұрақтай алмады. 2025/26 жылғы маусымнан кейін команда Чемпионшипке қайта оралды. Ендігі міндет айқын – Премьер-лига жолдамасы үшін қайта күресу.
Бұл Сәтпаев үшін маңызды фактор. Ол турнирлік мақсаты жоқ ортаға емес, әр матчта жеңіс талап етілетін командаға келді.
«Бернли» Сәтпаевтан нәтиже күте ме?
Ағылшын баспасөзіндегі алғашқы пікірлерге қарағанда, қазақстандық шабуылшы тек болашаққа арналған трансфер ретінде қарастырылып отырған жоқ. Burnley Express шолушысы Мэтт Скрафтон Сәтпаевты жаңа маусымда «Бернлидің» негізгі құрамына бірден ықпал етуі мүмкін футболшылар қатарына қосты.
Макс Аллейн мен Дастан Сәтпаев Уго Рагубермен бірге болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ойыншылар. Қазірше осы үш футболшы жаңа маусымда негізгі құрамға бірден ықпал ете алатын трансферлер болып көрінеді. Дегенмен клубқа әлі де жаңа ойыншылар қажет, – деп жазды Скрафтон.
Сәтпаев Англияға мүлде тәжірибесіз келген жоқ. «Қайрат» сапында ересектер футболына ерте араласып, 41 кездесуде 21 гол соқты. Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп, Қазақстан ұлттық құрамасының жейдесін де киіп үлгерді.
Ағылшын медиасында жас қазақстандыққа қатысты алғашқы салыстырулар да пайда болды. Ойын мәнері жағынан оны Килиан Мбаппеге, ал дене бітімі мен шабуылдағы қозғалысы бойынша Серхио Агуэроға ұқсататын пікірлер айтылып жүр. Әрине, мұндай салыстырулар әзірге аванс қана. Сәтпаевтың Англиядағы деңгейін алаңдағы ойыны көрсетеді.
«Бұл – Дастан үшін ең тиімді нұсқа»
Қазақстан футболының ардагері әрі функционер Болат Есмағамбетов те «Бернлиді» Сәтпаев үшін қолжетімді нұсқалардың ішіндегі ең тиімдісі деп есептейді.
Дастанның бірден «Челсиде» қалуы қиын екенін бәріміз түсінеміз. Қазақстан Премьер-лигасынан кейін бірден АПЛ-де, оның үстіне осындай бәсекелестік жағдайында ойнау іс жүзінде мүмкін емес. «Челсидің» қосалқы құрамы, «Бернли» және француздық «Страсбур» нұсқалары болды. Соның ішінде Чемпионшип – ең қолайлы таңдау, – дейді Есмағамбетов.
Оның пікірінше, Сәтпаевтың ұзақмерзімді мақсаты Англия Премьер-лигасында ойнау болса, оған дәл қазір ағылшын футболының ішкі ортасында қалу маңызды.
Дастанға шетелдегі тұрмысқа үйреніп, ағылшын тілін меңгеру және жергілікті футболдың ерекшелігі мен атмосферасын түсіну қажет. Меніңше, оның қолынан келеді, – деді ол.
Неге Чемпионшип?
Чемпионшип – атауы бойынша ғана Англияның екінші дивизионы. Мұнда 24 команда ойнайды, әр клуб тұрақты маусымда 46 матч өткізеді. Ұзақ маусым, тығыз күнтізбе, физикалық футбол және негізгі құрамдағы орын үшін жоғары бәсеке жас ойыншыға мүлде басқа талап қояды. Сәтпаев үшін ең маңыздысы да осы – тұрақты түрде ересектер футболын ойнау.
@burnleyofficial Dastan Satpaev signs for the Clarets #BurnleyFC #Football #EFL original sound - @rohankisi
«Челсиде» оның әр минут үшін әлемдік деңгейдегі футболшылармен бәсекелесуіне тура келер еді. Жастар командасында мұндай бәсеке мен қысым жоқ. Ал басқа елдің чемпионатына жалға кетсе, кейін Англияға қайта бейімделу мәселесі туындайды. «Бернлиде» Сәтпаев ағылшын футболының ішінде қалады. Ол Чемпионшиптің физикалық қарқынын сезінеді, жергілікті ойын стиліне үйренеді және Премьер-лигаға шығуды көздейтін команданың құрамында нәтиже үшін күреседі.
Сондықтан «Бернлиге» жалға берілу – «Челсиден» бір қадам алыстау емес. Керісінше, Сәтпаев үшін лондондық клубтың негізгі құрамына апаратын жолдың бір бөлігі болуы мүмкін. Енді бәрі ойын уақытына байланысты. Егер қазақстандық шабуылшы «Бернлиде» тұрақты ойнап, Чемпионшип деңгейінде өзін көрсете алса, келесі жазда «Челсиге» Англия футболына енді ғана келген талант емес, бір маусымдық британдық тәжірибесі бар футболшы болып оралады.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды