Чайлдфри: саналы таңдау ма, әлде қоғам үшін жаңа сын ба?

Чайлдфри: саналы таңдау ма, әлде қоғам үшін жаңа сын ба?

Амангүл Тілейқызы
Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Саналы түрде балалы болудан бас тарту – соңғы жылдары қоғамда жиі талқыланатын тақырыптың біріне айналды. Әлемде кең таралған чайлдфри ұстанымы Қазақстанда да қызу пікірталас туғызып отыр. Бұл мәселеге жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да үн қатып, өз ұстанымын жариялады. Бұл құбылыстың артында қандай себептер жатыр және оған қоғам қалай қарайды?

Чайлдфри дегеніміз не?

«Childfree» термині өткен ғасырдың 70-жылдары Батыс елдерінде пайда болды. Ол балалы болмауды өз еркімен таңдаған адамдарға қатысты қолданылады. Яғни мұндай адамдардың баласы жоқ болғандықтан емес, ата-ана болуды өмірлік мақсаты ретінде көрмегендіктен чайлдфри деп аталады.

Бұл ұғымды балаларды жек көрумен шатастыруға болмайды. Көптеген чайлдфри өкілдері балалармен жақсы қарым-қатынаста болуы мүмкін, алайда өздері бала тәрбиелеу жауапкершілігін саналы түрде мойнына алғысы келмейді.

фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Неліктен адамдар балалы болудан бас тартады?

Чайлдфри таңдауының артында әртүрлі себептер жатыр. Кейбір адамдар мансапқа, білім алуға, саяхаттауға немесе өзін-өзі дамытуға көбірек уақыт бөлгісі келеді. Енді бірі қазіргі экономикалық жағдайда бала тәрбиелеу үлкен қаржылық жауапкершілік екенін алға тартады. Денсаулық мәселесі, тұқым қуалайтын аурулар, психологиялық дайындықтың болмауы немесе экологиялық алаңдаушылық та мұндай шешім қабылдауға әсер ететін факторлардың қатарында.

Урбанизация мен жаңа құндылықтар әсер етіп жатыр

Әлеуметтік мәселелер жөніндегі стратегиялық кеңесші Ілияс Тілеубергеновтің айтуынша, соңғы жылдары балалы болудан саналы түрде бас тартуға қоғамдағы бірқатар өзгерістер ықпал етіп отыр.

Соңғы жылдары бұл үрдістің күшеюіне бірнеше әлеуметтік фактор әсер етуде. Біріншіден, урбанизация қарқыны артқан сайын адамдардың өмір салты өзгеріп, мансап пен жеке даму алдыңғы орынға шықты. Екіншіден, индивидуализм, гедонизм және материалистік құндылықтардың күшеюі отбасы құру мен бала тәрбиесіне деген көзқарасты өзгертті. Сонымен қатар қымбатшылық, тұрғын үй мәселесі және дәстүрлі отбасы құндылықтарының әлсіреуі де көптеген адамның балалы болуды кейінге қалдыруына немесе одан мүлде бас тартуына ықпал етіп отыр, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, қоғамдағы құндылықтар өзгерген сайын жастардың өмірлік басымдықтары да өзгеріп келеді. Бұрын отбасы мен ата-ана болу қалыпты өмір жолының бір бөлігі ретінде қабылданса, бүгінде кей азаматтар оны міндет емес, жеке таңдау деп санайды.

Чайлдфри әрдайым эгоизмнің көрінісі емес

Бүгінде көптеген психологтар чайлдфри шешімін біржақты бағаламайды. Кей жағдайда бұл адамның эмоционалдық саулығын сақтауға, жеке шекарасын қорғауға немесе өзін-өзі дамытуға бағытталған саналы таңдауы болуы мүмкін.

Психология саласындағы бірқатар зерттеулер де балалы болудан саналы түрде бас тартқан адамдардың өмірге қанағаттану деңгейі ата-аналардан төмен болмайтынын көрсетеді. Кейбір ғылыми еңбектерде олардың жеке автономиясы жоғары болатыны, өз уақытын басқаруға көбірек мүмкіндігі бар екені айтылады.

Сондай-ақ мамандар қоғамда қалыптасқан «чайлдфри адамдар міндетті түрде эгоист немесе жетілмеген» деген пікірдің ғылыми тұрғыдан толық дәлелденбегенін айтады. 

Чайлдфри ислам қағидаларына қайшы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеге қатысты ресми ұстанымын жариялап, Ғұламалар кеңесінің қорытындысы бойынша саналы түрде балалы болудан түбегейлі бас тарту ислам шариғатына қайшы екенін мәлімдеді.

Діни басқарманың түсіндіруінше, ерлі-зайыптылар денсаулық немесе өзге де орынды себептерге байланысты жүктілікті уақытша кейінге қалдыра алады. Алайда тұрмыстық қиындықтардан немесе жауапкершіліктен қашып, әдейі балалы болудан бас тарту исламда құпталмайды.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлының айтуынша, бұл ұстаным исламдағы отбасы құндылықтарына негізделген.

Жалпы бұл шариғат үкіміне қайшы. Шариғатта құпталмайды, Пайғамбарымыздың сүннетіне де қайшы. Өйткені Пайғамбарымыз өзінің көптеген хадистерінде: «Үйленіңдер, көбейіңдер. Ертең қиямет күні мен сендердің көптіктеріңмен қуанамын», – деді ол.

фото: 

Қоғам екі түрлі көзқараста

Қазақстанда отбасы институты мен көпбалалы болу дәстүрлі құндылықтардың бірі саналады. Сондықтан чайлдфри мәселесі қоғамда қызу пікірталас тудырып отыр. Бір тарап мұны әр адамның жеке өміріне қатысты шешім деп есептесе, енді бірі мұндай көзқарастың кең таралуы демографиялық өсімге және ұлттық құндылықтарға кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.

Мамандардың пікірінше, бұл құбылысты тек бір себеппен түсіндіру мүмкін емес. Оның қалыптасуына әлеуметтік-экономикалық жағдай, урбанизация, қоғамдағы құндылықтардың өзгеруі, психологиялық ерекшеліктер және жеке өмірлік ұстанымдардың барлығы ықпал етеді.

Чайлдфри – қазіргі қоғамда түрлі пікір туғызып отырған күрделі әлеуметтік құбылыс. Бір жағынан, бұл – адамның өмір жолына қатысты жеке таңдауы. Екінші жағынан, демография, отбасы институты, мәдени және діни құндылықтармен тығыз байланысты қоғамдық мәселе.

Біз бұған жейін «Баланы кім тәрбиелеп жатыр: ата-ана ма, әлде телефон ба?» деген мәселеге де жан-жақты тоқталған едік.

Оқи отырыңыз

{