Баланы кім тәрбиелеп жатыр: ата-ана ма, әлде телефон ба?

Баланы кім тәрбиелеп жатыр: ата-ана ма, әлде телефон ба?
Фото: El.kz коллажы

Бала тәрбиесі туралы сөз болғанда, көпшілік мектепті, мұғалімді немесе әлеуметтік желіні кінәлауға бейім. Алайда мамандар кез келген тәрбиенің бастауы отбасы екенін айтады. Бүгінде ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуі, цифрлық ортаның ықпалы және ортақ құндылықтардың өзгеруі қоғамды алаңдатып отыр. Баланың тұлға болып қалыптасуына не әсер етеді? Ата-ана қандай қателіктер жіберіп жүр?  El.kz тілшісі психологтармен және отбасы институтын нығайту бағытында жұмыс істеп жүрген мамандардың пікірін білді.

Агрессияның астарында не жатыр?

Балалар психологы Ақгүл Төлеуханқызының айтуынша, мұндай мәселелердің себебін тек мектептен немесе әлеуметтік желіден іздеу жеткіліксіз. Ең алдымен баланың өсіп жатқан ортасына, әсіресе отбасындағы қарым-қатынасқа назар аудару қажет.

Маманның сөзінше, бала ата-анасының айтқан сөзінен бұрын, олардың өмір сүру салтын бойына сіңіреді. Ата-ананың күйзеліспен қалай күресетіні, қателігін қалай қабылдайтыны, ренжігенде немесе қиындыққа тап болғанда өзін қалай ұстайтыны – бәрі баланың психологиялық дамуына әсер етеді.

Баланың буллингке қалай жауап беретіні, қиындықты қалай еңсеретіні немесе эмоциясын қалай реттейтіні көбіне отбасынан бейсаналы түрде алған тәжірибесіне байланысты. Бала ата-анасының сөзін ғана емес, олардың күнделікті өмірдегі әрекеттерін де бақылап өседі, – дейді психолог.

Оның айтуынша, кейбір отбасылар сырт көзге мінсіз болып көрінгенімен, балаға эмоциясын еркін білдіруге мүмкіндік бермейді. Мұндай ортада өскен бала қайғыруға, ашулануға немесе әлсіздігін көрсетуге болмайды деген түсінікпен өседі. Соның салдарынан ол қиындықпен бетпе-бет келгенде өзін кінәлауға бейім болады.

<em>Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан&nbsp;</em>
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Психотерапияда «мен жаман баламын», «бәріне өзім кінәлімін» деген ішкі сенімі қалыптасқан балалар жиі кездеседі. Олар айналасында болып жатқан жағдайлардың бәрін өзімен байланыстырады, – дейді маман.

Ал керісінше, үнемі айқай-шу, жанжал мен қорқыныш басым болатын ортада тәрбиеленген балалар әлемді қауіпті орын ретінде қабылдай бастайды. Мұндай жағдайда баланың жүйке жүйесі үнемі қауіп күтуге бейімделіп, агрессияны немесе дөрекілікті өзін қорғаудың бір тәсілі ретінде қабылдауы мүмкін.

Психологтың пікірінше, буллинг көрсететін балалардың бәрін бірден «тәртіпсіз» немесе «қатыгез» деп бағалау дұрыс емес. Көп жағдайда әлімжеттік көрсету – баланың ішкі қорқынысының немесе психологиялық жарақатының көрінісі.

Маман ретінде мен ең алдымен «Бұл бала неліктен бұлай әрекет етіп жүр?», «Ол кімді немесе нені қорғауға тырысып жүр?» деген сұрақтарға жауап іздеймін. Себебі агрессияның астарында көбіне қорғану механизмі жатады, – дейді Ақгүл Төлеуханқызы.

Балаға ең қажеті – қауіпсіз байланыс

Оның айтуынша, баланың құндылықтары мен өмірге деген көзқарасы да ең алдымен отбасында қалыптасады. Бала адамдарға сенуге бола ма, көмек сұрауға бола ма, қателесуге бола ма деген маңызды түсініктерді дәл осы кезеңде меңгереді.

Әрине, уақыт өте келе мектеп, достар және әлеуметтік желінің ықпалы күшейеді. Әсіресе жасөспірім шақта құрбы-құрдастарының пікірі ерекше маңызды бола бастайды. Дегенмен сыртқы ортаның әсерін қалай қабылдайтыны көбіне отбасында қалыптасқан эмоционалдық байланыстың беріктігіне тәуелді.

Кейде ата-аналар бәріне әлеуметтік желіні немесе достарын кінәлайды. Бірақ егер баланың ата-анасымен эмоционалдық байланысы мықты болса, ол сыртқы ықпалдарды саралап қабылдай алады. Ал өзін түсінілмеген немесе жалғыз сезінген бала тиістілік сезімін басқа ортадан іздей бастайды, – дейді маман.

Сондықтан психолог «баланың өміріне ең көп кім әсер етеді?» деген сұрақтан гөрі, «баланың өміріндегі ең қауіпсіз байланыс кіммен?» деген сауал маңыздырақ екенін айтады.

Қанаты сау құс бұтақ сынады деп қорықпайды. Сол сияқты баланың да екі қанаты – оның жақындары. Егер ол өзін отбасында қауіпсіз әрі қабылданған сезінсе, өмірдің көптеген қиындығын еңсеруге қабілетті болады, – дейді балалар психологы Ақгүл Төлеуханқызы.

Отбасыдан басталған бастама

Отбасы – баланың тұлға болып қалыптасатын алғашқы ортасы. Дегенмен бүгінгі қоғамда күнделікті күйбең тіршілік, жұмысбастылық пен цифрлық технологиялардың ықпалы ата-ана мен бала арасындағы байланысты әлсіретіп барады.

Осы бағытта бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан ұйымдардың бірі – «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі. Ұйым еліміздің әр өңірінде ата-аналармен, жастармен және балалармен жұмыс істеп, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді.

«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлерді дамытушы үйлестірушісі Жанарыс Хызырдың айтуынша, ұйымның құрылуына қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуі себеп болған.

Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыс ресми түрде бірлестік құрылғанға дейін-ақ басталған. 2017 жылдан бастап мектептерде әкелер кеңесін құрып, ата-аналармен жұмыс жүргізілген. Ал пандемия кезінде көптеген отбасы үшін уақыттың ең үлкен құндылық екені айқын сезілген.

<em>Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан&nbsp;</em>
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Бір күні ұйымның негізін қалаушы Нұркен Асанов қызының: «Пандемияның арқасында сіз бізді қайта таптыңыз. Бұрын уақытыңыз болмайтын, ал қазір бізбен жарты сағат сөйлесудің өзі біз үшін үлкен бақыт» деген сөзін естиді. Осы әңгімеден кейін ол отбасына уақыт бөлудің маңызын терең түсініп, отбасы құндылығын насихаттайтын ұйым құру туралы нақты шешім қабылдайды, – дейді Жанарыс Хызыр.

Осылайша 2021 жылдың 28 шілдесінде «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ресми түрде құрылды. Ұйымның негізгі мақсаты – қоғамдағы сананы өзгертіп, отбасы тәрбиесінің маңызын арттыру.

Көп жағдайда ата-аналар, әсіресе әкелер, күнкөріс қамымен жүріп, отбасы мен баласына жеткілікті көңіл бөле алмайды. Біз адамдарға өмірдің мәні тек материалдық табыс емес, ең алдымен отбасы бақыты мен ұрпақ тәрбиесінде екенін жеткізуді мақсат еттік, – дейді ол.

Бүгінде бірлестік еліміздің әр өңірінде ата-аналарға кеңес беріп, жастармен, балалармен және отбасылармен түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Ұйымның барлық әлеуметтік бастамалары демеушілік қаражат есебінен жүргізіледі және халыққа тегін ұсынылады.

Қарым-қатынас әлсіреп барады

Жанарыс Хызырдың айтуынша, қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуі.

Бүгінде балалардың өмірінің үлкен бөлігі цифрлық ортада өтеді. Олар ауа райын да терезеден емес, телефоннан қарайды. Уақыттарының басым бөлігі экран алдында өтетіндіктен, ата-анамен ашық сөйлесу, бірге уақыт өткізу азайып барады, – дейді ол.

Мәселе телефонның өзінде емес, ата-ана мен бала арасындағы сапалы қарым-қатынастың азаюында. Егер үйде ашық әңгіме, өзара түсіністік болмаса, уақыт өте келе екі буынның арасы алшақтай береді.

Қазір ата-ана мен бала бір-бірін тыңдамайды, түсінбейді. Бала өзінше өмір сүргісі келеді, ал ата-ана өз айтқанын орындатқысы келеді. Осындай кезде олардың арасындағы эмоционалдық байланыс әлсірейді, – дейді ол.

Сонымен қатар Жанарыс Хызыр балаға тек отбасы үшін емес, қоғам үшін де жауапкершілік сезімін қалыптастыру маңызды екенін айтады. Оның пікірінше, бала мектептегі мүлікке немесе қоғамдық орындарға өз дүниесіндей қарауды үйренуі керек.

<em>Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан&nbsp;</em>
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Бала үйіндегі дүниені бүлдірмейді, өйткені оны өзінікі деп біледі. Ал мектептің мүлкін немесе қоғамдық дүниені өзіне қатысы жоқ деп қабылдайды. Біз осы түсінікті өзгертуіміз керек. Мемлекеттің дүниесі – халықтың дүниесі, демек ол әрқайсымыздың ортақ байлығымыз, – дейді.

Оның айтуынша, бала тәрбиесі ең алдымен күнделікті қарым-қатынастан басталады. Сондықтан ата-ананың баласына бөлген уақыты, оны тыңдай білуі және үлгі көрсетуі ешқандай материалдық дүниемен алмастырылмайтын ең үлкен құндылық болып қала береді.

Цифрлық орта да тәрбие құралына айналды

«Talbesyk» көпбалалы аналар одағы» ҚБ негізін қалаушы Ләззат Қожахметованың айтуынша, баланың мінез-құлқын бір ғана фактормен түсіндіру мүмкін емес. Оның тұлға болып қалыптасуына отбасы, мектеп және қоғам бірдей ықпал етеді.

Алайда осы үш ортаның ішінде отбасының орны ерекше. Өйткені бала өмірдегі алғашқы құндылықтарды, адамдармен қарым-қатынас жасауды және жанжалдарды шешу тәсілін ең алдымен үйінен үйренеді.

Бала ашуды қалай шығаруды, әлсізге қалай қарауды, үлкенді қалай сыйлауды кітаптан емес, ата-анасының күнделікті әрекетінен көреді. Егер үйде айқай, қорлау немесе күш көрсету қалыпты жағдайға айналса, бала оны өмірдің бір бөлшегі ретінде қабылдайды. Кейбірі мұндай жағдайда тұйықталып, өзін кінәласа, енді бірі сол агрессияны сыртқа шығарып, қатарластарына көрсетеді, – дейді ол.

Оның пікірінше, қазіргі қоғамдағы ең үлкен өзгерістердің бірі – тәрбиенің бұрынғы ұжымдық моделінің әлсіреуі. Бұрын баланы тек әке-шешесі емес, ата-әжесі, аға-әпкелері, көрші-қолаң мен ауыл ақсақалдары да тәрбиелейтін. Ал бүгінде урбанизацияның әсерінен мұндай байланыс сиреп, оның орнын смартфон мен әлеуметтік желі басып келеді.

<em>Фото: El.kz</em>
Фото: El.kz

Телефон – жау емес, ол тек құрал. Мәселе – смартфонның тәрбиешіге айналып кеткенінде. Бұрын ата-ана ертегі айтып, баласымен ұзақ әңгімелесетін болса, қазір бұл міндетті көбіне YouTube, TikTok немесе басқа платформалар атқарып жүр. Көп отбасы бір дастарқан басында отырғанымен, әркім өз телефонына үңіліп отырады. Осылайша баламен өткізетін сапалы уақыттың орнын гаджет алмастырып барады, – дейді Ләззат Қожахметова.

Қазіргі таңда ата-ананың міндеті баласының кіммен араласатынын ғана емес, интернетте қандай контент көретінін, кімдерді үлгі тұтатынын және әлеуметтік желіде қандай ортада жүргенін де білу. Өйткені бүгінгі тәрбие үйдің ішінде ғана емес, экранның ар жағында да жүріп жатыр.

Құндылықтар отбасында қалыптасады

Маманның пікірінше, қазіргі қоғамда ата-аналар баласының оқу үлгерімі мен жетістіктеріне көп көңіл бөлгенімен, оның адам болып қалыптасуына жеткілікті мән бере бермейді. Ал мейірімділік, жанашырлық және жауапкершілік күнделікті өмірдегі қарапайым әдеттер арқылы қалыптасады.

Баланы тек жоғары баға алуға немесе үздік университетке түсуге емес, қоғамға пайдалы азамат болуға тәрбиелеу маңызды. Үйдегі қарапайым міндеттерді орындау, үлкенге көмектесу, қоғамдық жұмыстарға қатысу, еріктілікпен айналысу – мұның бәрі баланың жауапкершілігін де, жанашырлығын да дамытады, – дейді ол Ләззат Қожахметова.

Сонымен қатар қазіргі тәрбиеде «цифрлық гигиена» ұғымының маңызы артып келеді. Бұл телефонды толық тыйым салу емес, оны дұрыс әрі мәдениетті пайдалануды үйрету деген сөз.

Ләззат Қожахметованың айтуынша, отбасының бірге кешкі ас ішуі, күн сайын балалармен еркін әңгімелесуі, кітап оқуы, табиғатқа шығуы немесе ортақ еңбекпен айналысуы баланың эмоциялық интеллектісін дамытуда әлеуметтік желіден әлдеқайда тиімді.

<em>Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан&nbsp;</em>
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Ләззат Қожахметова қазіргі балаларға ең алдымен жауапкершілік, эмоциялық төзімділік, еңбекқорлық, эмпатия және құқықтық сауаттылық жетіспейтінін айтады. Оның сөзінше, цифрлық дәуірде баланың өзін әлеуметтік желідегі «лайкпен» емес, өзінің еңбегімен, білімімен және адами қасиеттерімен бағалай білуі аса маңызды.

Бала ата-анасының айтқанын емес, істегенін қайталайды. Егер үйде өзара құрмет болса, бала да құрмет көрсетеді. Егер ата-ана мәселені күшпен емес, диалог арқылы шешсе, бала да сол үлгіні қабылдайды. Сондықтан XXI ғасырда да бала тәрбиесінің ең тиімді тәсілі өзгерген жоқ. Ол – жеке өнеге, – деп түйіндеді «Talbesyk» көпбалалы аналар одағы» ҚБ негізін қалаушы Ләззат Қожахметова.

Бүгінде бала тәрбиесіне әсер ететін факторлар көбейгенімен, мамандар бір мәселеде ортақ пікірде: баланың тұлға болып қалыптасуы ең алдымен отбасынан басталады. Мектеп те, қоғам да, цифрлық орта да өз ықпалын тигізеді. Алайда олардың ешқайсысы ата-ананың орнын баса алмайды. Сондықтан балаға бөлінген уақыт, сенімге құрылған қарым-қатынас және жақсы үлгі – оның жарқын болашағына салынған ең құнды инвестиция.

Оқи отырыңыз