Білім

БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастауы мүмкін: білім жүйесінде не өзгереді

26.05.2026 18:15
Ажар Лаубаева
Фото: El.kz

Мектепте БЖБ мен ТЖБ-дан біртіндеп бас тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Оның орнына диктант, мазмұндама, шығарма секілді дәстүрлі бақылау жұмыстары кеңірек қолданылуы мүмкін. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

БЖБ мен ТЖБ орнына қандай жүйе ұсынылады

Министрдің айтуынша, ведомство қазір мектептердегі бағалау жүйесіне қатысты ауқымды талдау жүргізіп жатыр. Әсіресе оқушыларға түсетін жүктеме мен бағалау тәсілдерінің тиімділігі жан-жақты саралануда. Осыған байланысты мектептерде бөлек бақылау жұмыстары кезең-кезеңімен енгізіле бастаған.

Оқи отырыңыз:

Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, критериалды бағалау жүйесі білім стандартына енгізілгенімен, қазіргі таңда оның кейбір тетіктерін қайта қарау қажеттілігі туындаған. Сондықтан министрлік дәстүрлі форматтағы бақылау жұмыстарын көбейтуді жоспарлап отыр.

Қазір біз диктант, шығарма, мазмұндама секілді жеке бақылау жұмыстарын енгізіп жатырмыз. Сол себепті біртіндеп ТЖБ-дан алыстауды ойластырып отырмыз. Бірақ мұның бәрі нақты талдау мен негіздемені қажет етеді, – деді министр.

Сонымен қатар министрлік 2025-2026 оқу жылындағы 1-11 сыныптарға арналған БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларына арнайы талдау жүргізген. Ведомство оқушылардың жауаптары мен тапсырмалардың мазмұнын саралаған. Алайда кейбір білім беру жүйелерінде БЖБ мен ТЖБ нәтижелері толық жүктелмегені анықталған.

Қандай сыныптарда өзгеріс болады

Министрдің мәліметінше, тамыз конференциясына дейін қай сыныптарда БЖБ мен ТЖБ сақталатыны, ал қай деңгейлерде басқа бағалау формалары енгізілетіні нақты белгілі болады.

Айта кетейік, соңғы жылдары ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан БЖБ мен ТЖБ-ға қатысты сын жиі айтылып келеді. Әсіресе бір күнде бірнеше бағалау жұмысын қатар өткізу оқушыларға шамадан тыс салмақ түсіреді деген пікірлер болған.

БЖБ – белгілі бір бөлім немесе тақырып аяқталғаннан кейін алынатын жиынтық бағалау болса, ТЖБ – тоқсан соңында өткізілетін қорытынды жұмыс. Бұл жүйе жаңартылған білім беру бағдарламасымен бірге енгізілген еді.

Оқи отырыңыз