Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен бокстан әлем кубогы басталды. Бәсеке 20-26 сәуір аралығында өтеді. Бес отандасымыз шаршы алаңға шығып, үшеуі келесі кезеңге жолдама алды.
Назым Қызайбай жарысты сәтті бастады
Ұлттық құрама саңлағы Назым Қызайбай осы бәсекеде 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Өзі де әлеуметтік желіде халықтан қолдау сұрап, жаңа салмақта өзін байқап көретінін жазды. Күткеніміздей, 3 дүркін әлем чемпионы атанған отандасымыз жарысты сәтті бастап, Түркия өкілі Айсен Таскинмен жолығып, 4:1 есебімен басым түсті. Енді ол 22 сәуір күні 1/8 финалда Польша спортшысы Виктория Биата Рогалинскамен жұдырықтасады.
Жігіттер тосырқап қалды
Назым Қызайбай жарысты қыздырып, қыз-жігіттерге шабыт бергендей көрінген. Қалған төрт жігіт те сенімді ақтап, қара үзіп шығар дестік. Алайда 1/8 финалда Дәулет Төлемісов бразилиялық Фильо Исайастан жеңіліп қалды. Төлемісов бірінші нөмірде жұдырықтасып, оза шабуға тырысқанымен, Бразилия қамалы алдырған жоқ. Қарсыласы қарымта шабуылда жылдам қимылдап, дәл соқққысын дарытты. Осылайша, Дәулет 5:0 есебімен жеңіліп қалды.
Дәулеттің жеңілісіне кейін 60 келі салмақта Жансері Көшербаев еңсемізді көтерер дегенде, ол да білгенінен жаңылды. Десе де 1/16 финалда ирландиялық Джуд Галлахерге қарсылас атанған отандасымыз барын салуға тырысты. 3 раунд бойы жоғары қарқында жұдырықтасқанымен, соққы саны бойынша Галлахер дәлдік танытты. Сөйтіп, төрешілер шешімімен жеңісті жұлып алды. Бұған жанкүйерлер оң қабақ танытпады, білем...
Төлемісовтан кейін шаршы алаңға 70 келі салмақта Фарух Тоқтасынов шықты. Ол ирландиялық Джон МакКоннелді 3:2 есебімен жеңді. Тоқтасыновтың қарқыны Көшербаевтың кегін қайтарып жатқандай әсер қалдырды. Осылайша, ирландиялық қарсыласын жарыс жолынан шығарып, келесі кезеңге өтті. Ол 22 сәуірде 1/8 финалда былтырғы әлем чемпионатының финалисі, жапониялық Севон Оказавамен жұдырықтасады.
Одан бөлек ұлттық құрама сапынан Диас Молжігітов (80 келі) жапон боксшысы Кай Ториабемен қолғап түйістіріп, қапы қалдырды. Төреші жекпе-жекті екінші раундта тоқтатты.Отандасымыз 22 сәуірде 1/8 финалда аустралиялық Марлон Севехонмен шаршы алаңға шығады.
Сондай-ақ әлем кубогында Даниял Сәбит (50 келі), Бағлан Кенжебек (55 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 65 келі, Санжарәлі Бегалиев (75 келі), Сұлтан Айбарұлы (85 келі) өнер көрсетеді.
Ал әйелдер құрамасында Алуа Балқыбекова (55 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Наталья Богданова (70 келі), Жібек Жарасқызы (80 келі), Валерия Аксенова (80 келіден жоғары) бар.
Күндізгі сессия Қазақстан уақытымен 19:00 -де және кешкі сессия 01:00–де басталады.