30.04.2026
14:50
280

«Бизнес-класс сұрайды, бірақ ақша төлемейді»: футзал трансляциясына қатысты дау қалай шешілмек?

Қазақстан футзалындағы трансляция мәселесі қызу талқыланып жатыр. Себебі ел біріншілігінің көрсетілімін қамтамасыз етіп отырған ұйым мен Қазақстан футбол федерациясы арасында қаржылық дау ашық сипат алды.

Ақылбек Досжанов басқаратын ұйым футзал біріншілігінің трансляциясын жүзеге асырып келеді. Алайда, оның айтуынша, федерация былтырдан бері бері қызмет ақысын төлемеген. Ал қарыз көлемі бүгінде 100 млн теңгеге жеткен.

Қарыз және орындалмаған міндеттемелер

Ақылбек Досжанов басқаратын ұйым бірнеше жылдан бері футзал біріншілігінің трансляциясын қамтамасыз етіп келеді. Оның айтуынша, федерация тарапынан қараша айынан бері төлем жасалмаған.

Ең қызығы, келісімшарт әлі де күшіндеғ яғни формалды түрде тараптар арасындағы әріптестік тоқтамаған. Бірақ іс жүзінде жағдай басқаша.

Федерацияның басқа компаниямен жұмыс істей бастағанын естідік. Әйтпесе бізбен келісімшарт бұзылған жоқ. Келісімшартты біржақты, яғни федерация ғана бұза алады. Жұмысымызға көңілі толмаса, неге сол кезде осындай әрекетке бармады?! – дейді Досжанов.

«Қиындыққа қарамастан эфир тоқтаған жоқ»

Досжанов өз командасының еңбегін ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, қаншама техникалық және ұйымдастырушылық қиындықтарға қарамастан, эфир бірде-бір рет тоқтамаған.

Біз ешқандай эфирді тоқтатқан жоқпыз. Керісінше, қиын жағдайларға қарамастан жұмысты жалғастырып келдік. Ойлаңызшы, кейбір өңірлерде интернет жоқ, соған қарамастан барынша қолдан келгенше көмектестік. Ұйымдастыру жағынан да кемшіліктер болды, бірақ біз оған да түсіністік танытып, қолдау көрсетіп отырдық, – дейді ол.

Рас, өңірлердегі инфрақұрылым мәселесі, техникалық мүмкіндіктердің шектеулігі – мұның бәрі трансляция сапасына тікелей әсер ететін факторлар.

Егер менің жұмысым нашар болса, біреу келіп ашық айтып, дәлел келтірсін. Тікелей эфир – үлкен жауапкершілік пен тәуекелді талап ететін сала. Бұл кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бізге дейін де қаншама адам жұмыс істеді, бірақ нәтижесіз жобалар көп болды. Ал біз соңғы екі жылда футзал трансляциясының техникалық деңгейін көтердік деп айта аламын, – дейді ол.

Федерацияның ұстанымы

Қазақстан футбол федерациясы бұл мәселеге қатысты нақты пікір білдіруден гөрі, жауапкершілікті футзал қауымдастығына қарай ысыратын сияқты.

Александр Кеплиннің айтуынша:

Футзалға қатысты жағдай – жеке қаралатын мәселе. Мұны ең алдымен футзал қауымдастығымен бірге талқылауымыз керек. Өйткені жарыстарды өткізуге байланысты барлық кәсіби құқықтар сол қауымдастыққа тиесілі. Сондықтан бұл сұрақтың жауабын да алдымен сол жерден іздеу қажет. Бізге бұл туралы ақпарат жетті, оны назарға алдық. Енді нақты не болып жатқанын анықтап, жан-жақты зерделеп, тиісті шешім қабылдаймыз, – деді ол.

«Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» деуші еді. Өкінішке қарай, бұл жерде де ең ауыр соққы трансляциямен айналысатын қатардағы қызметкерлерге тиіп отыр. Қалай дегенмен бірнеше ай бойы жалақы ала алмай отырған мамандардың жұмыс істеуге құлқы да жоқ тәрізді.

Қарамағымыздағы адамдардың еңбекақысын уақытында төлей алмай отырмыз. Сырт көзге ақша бізде қалғандай көрінеді, бірақ іс жүзінде олай емес. Бір тиын алмай жаман атты болып отырмын. Сол үшін де құрғақ уәдеге сене бермей, бұл мәселені ашық айту керек деп шештім. Бұл жағдай бізді де қиын жағдайға қалдырды, – дейді Досжанов.

«Бизнес-класс сұрайды, бірақ төлемейді»

Досжановтың сөзіне қарағанда, трансляция үшін жұмыс істейтін операторлардың жалақысы да көп емес:

Бұл жерде бір парадокс бар: бізден бизнес-класс деңгейіндегі қызмет сұрайды, бірақ тіпті эконом-класқа жететін қаржыны да төлемейді. Қазіргі заманда кез келген сапалы қызметтің өз бағасы бар. Мысалы, қарапайым мобильді трансляцияның өзі белгілі бір қаражатты талап етеді. Ал бізден жоғары деңгей сұрап отыр. Мобилографтардың өзі бір реттік жұмысына 50 мың теңге алады, біздің операторларға ондай ақша төленбейді, ал қазір мүлде айлық ала алмай отыр, – дейді ол.

Сарапшы пікірі: мәселе сотқа жетуі мүмкін

Футбол ардагері Асқар Қожабергенов бұл дау құқықтық жолмен шешілуі мүмкін екенін алға тартты.

Жүз миллион теңге – аз ақша емес. Егер екі тарап өзара келісімге келе алмаса, мұндай мәселе, меніңше, сот арқылы шешілуі мүмкін. Қай тарап болса да мұндай соманы оңайлықпен бере салмайды. Егер келісімшарт бойынша федерация төлеуге міндетті болса, онда төлеуі керек. Бірақ бұл жағдайдың барлық нюанстарын білмеймін, мүмкін екі жақтың бірі келісімшарт талаптарын толық орындамаған шығар. Қалай болғанда да, мұндай ірі мәселе түбінде бір шешімін табады деп ойлаймын, – дейді ол.

Сонымен қатар ол трансляция сапасының маңызын ерекше атап өтеді:

Қазір технология қарыштап дамыды. Бүгінгідей технология дамыған, ЖИ мүмкіндіктері шексіздей көрінетін заманда трансляцияға байланысты мәселенің әлі де өзекті екені шынымен де өкінішті жағдай. Қазақстан – үлкен мемлекет, барлық жанкүйер стадионға барып көре алмайды. Сондықтан трансляцияның сапалы болуы өте маңызды, – дейді Қожабергенов.

Мәселеге футболға да жете ме?

Айтпақшы, Ақылбек Досжанов басқаратын ұйым футзалдан бөлек қазір футболдан ел біріншіліктерін де көрсетіп жатыр. Бірақ Кеплин футболға қатысты ешқандай мәселе жоқ деп сендірді.

Футбол бойынша үлкен трансляциялық проблемалар жоқ, кем дегенде қазір ондай мәселе байқалмайды. Және алдағы уақытта да болмайды деп үміттенеміз. Қазіргі таңда трансляциялар қалыпты түрде жүріп жатыр, бәрі бақылауда. Иә, маусым басында белгілі бір қиындықтар болды. Олар негізінен инфрақұрылымға, интернетке және техникалық мәселелерге байланысты туындады.

Қазір бұл түйткілдердің барлығы біртіндеп шешіліп жатыр, жүйе жолға қойылуда. Сондықтан алдағы уақытта да айтарлықтай проблема болмайды деп сенеміз. Әсіресе төменгі лигаларда – бірінші және екінші лигада маусым басында біраз қиындық болды. Себебі бұл бағытта жаңа қызмет көрсетуші компания жұмысын бастаған еді, ал олар үшін футбол трансляциясы алғаш рет жүзеге асырылып жатқан жоба болды.

Нәтижесінде, тараптар арасындағы келісімді тоқтату туралы шешім қабылданды. Кейін жаңа конкурс жарияланып, оны басқа компания ұтып алды. Қазір жаңа мердігер жұмысқа кірісіп, трансляцияларды жүргізіп жатыр. Сондықтан барлық ойындар эфирге шығып жатыр, әрі қарай да ешқандай мәселе туындамайды деп үміттенеміз, - деді ол.

Ал Досжанов төменгі лигалар бойынша тіпті келісімшарт толық рәсімделмеген деп отыр. Соған қарамастан олар жұмысты бастап кеткен.

Егер жақын күндері келісімшартқа қол қойылып, нақты шешім қабылданбаса, біз жұмысты тоқтатуға мәжбүр болуымыз мүмкін. Халық алдындағы жауапкершілікті түсінеміз. Бірақ қаржы мәселесі шешілмесе, жұмысты әрі қарай жалғастыру қиын. Қарамағымдағы жігіттерге тегін істей беріңдер деп қалай айтамын? – дейді ол.

Даудың нүктесін сот қоя ма?

Ақылбек Досжанов бұл мәселені сотқа дейін жеткізгенін айтады. Оның пікірінше, бұл – мәжбүрлі қадам.

Сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Егер шешім біздің пайдамызға шықса, федерацияға қаржылық міндет жүктелетіні анық. Біз заң тұрғысынан дұрыс әрекет еттік. Біздің тарапымыздан ешқайдай құқық бұзушылық болған жоқ, – дейді ол.