Сұхбат

«Бізге менсінбей қарайтындар бар»: Астана көшелерін тазалап жүрген ерлі-зайыптының ерекше оқиғасы

29.06.2026 13:36
Ажар Лаубаева
Фото: Артем Чурсинов

Таза көше, жинақы аялдама, қоқыссыз аула. Көпшілік үшін бұл – күнделікті қалыпты көрініс. Алайда мұндай тазалық жол жұмысшыларының таң атпай басталатын тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Қала әлі оянбай жатып, күннің аптап ыстығы мен қыстың боранына қарамай еңбек ететін жандар бар. Солардың бірі – «Астана Тазалық» мекемесінде сегіз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ерлі-зайыпты Барбол Мұханбет пен Айгүл Хисап.

Жол жұмысшылары күн сайын Бұлақсай ауылынан елордаға қатынайды. Жұмысқа үлгеру үшін таңғы бесте оянып, бес жарымда үйден шығады. Сағат жетіде қолдарына сыпырғыш пен күрек алып, Нұра ауданындағы көшелерді тазалауға кіріседі. Барбол – Қабанбай батыр даңғылынан Шыңғыс Айтматов көшесіне дейінгі аумаққа жауап берсе, Айгүл Тұран даңғылы мен Сығанақ көшесінің бойын ретке келтіреді.

«Балалардың болашағы үшін еңбек етіп жүрміз»

Барбол мен Айгүлдің басты мақсаты – отбасының жағдайын жасап, балаларын аяқтандыру. Ерлі-зайыпты төрт бала тәрбиелеп отыр. Бүгінде үлкен қыздары Меруерт тұрмыста, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол жоғары оқу орнында ақылы бөлімде білім алған. Қызының білім алуына қажет оқу ақысын ата-анасы өздері төлеп берген. Қазір олар үш жиеннің қызығын көріп отыр.

Екінші ұлдары Есенкелді де жоғары білім алып, бүгінде жұмысын істеп жүр. Отбасын құрған, бір ұл тәрбиелеп отыр. Ал үшінші қызы Інжу биыл 11-сыныпқа көшеді. Кенже ұлдары Нұрдәулет сегізінші сыныпта оқиды. Ерлі-зайыптының бар ойы – осы екі баласын оқытып, өз жолын табуына жағдай жасау.

Барбол Мұханбет қызының алдағы оқуына қазірден бастап дайындалып жүргендерін жасырмайды. Оның айтуынша, ең бастысы – қызының өзі таңдаған мамандығы бойынша білім алуы.

Фото: Артем Чурсинов 

Үшінші қызым енді 11-сыныпқа барады. Бұйыртса, грантқа түседі деп үміттеніп отырмыз. Бірақ грантқа түсе алмай қалса, ақылы болса да оқытамыз. Үлкен қызымызды да солай оқыттық. Білім алсын деп барымызды салдық, – дейді ол.

Балаларының мамандық таңдауына да ата-анасы шектеу қоймайды.

Мұғалім бола ма, дәрігер бола ма, бухгалтер бола ма – оны өздері шешеді. Біз тек жақсы оқып, адал еңбек ететін маман болса екен дейміз, – дейді Барбол.

Ерлі-зайыпты балаларына еңбек етудің де, білім алудың да қадірін қатар үйретіп келеді.

Фото: Артем Чурсинов 
Фото: Артем Чурсинов 

Балаларға «біз сияқты көше сыпырғыларың келмесе, оқыңдар» деп айтып отырамыз. Қазір заман басқа. Білімді адамның мүмкіндігі көп. Біз оқи алмай қалдық. Сондықтан балаларымыз білімді болса екен дейміз, – дейді Барбол.

Айгүл де бұл сөзді толық қолдайды.

Біздің қалай еңбектеніп жүргенімізді көріп жүр. Сондықтан үнемі «жақсы оқыңдар, өздерің ұнатқан мамандықты таңдаңдар» деп айтып отырамыз. «Еңбек етуден ешқашан қашпаңдар, бірақ білім алсаңдар, қалаған маман иесі бола аласыңдар» деп айтамыз, – дейді ол.

«Балаларымызды үйде қалдырып кететін күндер болды»

Қазір балаларының алды ержетіп, кенжелері де есейіп қалғанымен, Айгүл үшін ең ауыр кезеңдердің бірі – олардың кішкентай кезі еді. Таңғы сағат төрт-бесте жұмысқа кетуге тура келетін. Ал үйде төрт жасар қызы мен екі жасар ұлы ғана қалатын.

Балаларды қарайтын ешкім болмаған. Үлкен екі баласы – студент,  Астанаға қатынап оқиды. Сондықтан ерлі-зайыпты таңнан жұмысқа кетіп, екі кішкентайын үйде қалдыруға мәжбүр болған.

Фото: Артем Чурсинов 

Үйде балалар өздері жалғыз қалатын. Тамақтарын дайындап, дастарқанға қойып кетеміз. Телефонды жанына қалдырамыз. Мен сағат сайын хабарласамын. Бірдеңе болып қала ма деп қорқасың ғой. Ана болған соң уайымдайсың, – дейді Айгүл.

Қыстың боранды күндері тіпті қиын болған. Жол жабылып, ауылға қайта алмай, қалада қонуға тура келген кездері де аз болмапты.

«Кейбір адамдар бізді жақтыртпайды...»

Күн сайын көшені тазалап жүрген адамның еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Бірақ кейде осы жұмыстың ауырлығы физикалық еңбектен емес, адамдардың көзқарасынан сезілетінін Айгүл жасырмайды.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары алғыс айтатын адамдар көбейгенімен, жол жұмысшыларына менсінбей қарайтындар әлі де кездеседі.

Фото: Артем Чурсинов 
Фото: Артем Чурсинов 

Кейбір адамдар бізді жақтыртпайды... Бір күні қоқыс жинап жатқанмын. Бір әйел «Ананы шашпай жина» деп ұрысты. Мен оған «Жұмыс істеп жатырмыз ғой» дедім. Қоқысты енді қалай жинайсың? Осындай жағдайлар болады, – дейді ол.

Айгүлді қынжылтатыны – кейбір тұрғындардың тазалыққа немқұрайлы қарауы.

Су ішкен бөтелкесін, темекі тұқылын, қолындағы қағазын  қоқыс жәшігіне дейін жеткізбей жерге тастап кететіндерді күнде көреді.

Үйдегі қоқысын алып шығып, арнайы үлкен контейнерге апармай, аялдамадағы шағын жәшікке тастайтындарды да талай көрдік. Кейде «Үйлеріңізде де осылай істейсіздер ме?» деп айтамыз. Кейбіреуі ренжиді, бірақ тазалық бәрімізге ортақ қой, – дейді кейіпкеріміз.

Соған қарамастан ол астаналықтардың арасында еңбекті бағалайтын адамдардың көбейгенін айтады.

Қазір көп адам келіп рақметін айтып кетеді. «Еңбегіңіз адал», «Қаламыз сіздердің арқаларыңызда таза» дейді. Осындай сөздер шаршағаныңды ұмыттырады, – дейді Айгүл.

Фото: Артем Чурсинов 

«Жанымызға Мейрамбек Беспаев келіп алғыс айтты»

Барбол Мұханбеттің еңбектеніп жүріп елге танымал адамдарды сырттай көретін кездері де болған. Бірақ бір оқиға оның есінде ерекше сақталып қалыпты.

Былтыр ол әріптесімен бірге көшені тазалап жүрген кезде қастарынан көлік тоқтайды. Көліктен әнші Мейрамбек Беспаев түсіп, арнайы амандасып кеткен.

Фото: Артем Чурсинов 
Фото: Артем Чурсинов 
Фото: Артем Чурсинов 

Алғашында Барбол танымай қалыпты. Кейін ғана қарсы алдында халықтың сүйікті әншісі тұрғанын аңғарған.

Өзі келіп амандасты. «Сіздерді көріп, алғыс айтып кетейін деп тоқтадым» деді. «Қаланы таза ұстап жүрген еңбектеріңізге рақмет. Ауырмаңыздар» деп жылы сөз айтты, – дейді Барбол.

Әңгімеден кейін әнші екі жұмысшыға шай ішіп алсын деп ақша ұсыныпты.

Әрқайсымызға ақша беріп, «Шай ішіп алыңыздар» деді. Бірге шай ішейік деп едік, жұмысы бар екен, кетіп қалды. Бірақ қарапайымдылығы қатты ұнады, – дейді ол.

«Бұл жұмысты жақсы көріп қалдық»

Көшеде қолына сыпырғыш ұстап жүрген адамның бәрі бұл жұмыста ұзақ тұрақтай бермейді. Ауыр еңбекке шыдамай кетіп қалатындар аз емес. Ал Барбол мен Айгүл үшін бұл жұмыс өмірінің бір бөлшегіне айналған.

Айгүлдің айтуынша, өзі басқа жұмысқа ауысуды ойламайды.

Осы жұмыс өзіме ұнайды. Үйреніп қалдық. Ең бастысы – адал еңбек. Жұмысыңды уақытында істесең, ешкім саған артық сөз айтпайды. Басшыларымыз да түсіністікпен қарайды, – дейді ол.

Барбол да жұбайының сөзін құптайды. Оның айтуынша, еңбек адамның жаманы болмайды. Қандай жұмыс істесең де, оны адал атқару маңызды.

«Қызымыз «Астана Тазалыққа» жұмысқа орналысты»

Биыл 11-сыныпқа көшетін Інжу де ата-анасының еңбегін көріп өскен. Жазғы демалыста ол «Астана Тазалық» мекемесіне уақытша жұмысқа орналасыпты. Жаңа оқу жылына қажет киім-кешегін ата-анасына алдырмай, өз еңбегімен тапқан ақшасына сатып алғысы келеді.

Қызым өзі келіп: «Жұмыс істейін. Киімімді өз ақшама алайын. Сендерге салмақ салмайын» деді. Біз оған ештеңе деген жоқпыз. Бұл – өзінің шешімі. Баланың ата-анасының жағдайын түсініп өскені көңілімізге жылу сыйлады, – дейді Айгүл.

Осылайша ерлі-зайыпты қыздарының мұндай шешімін қолдаған.  

«Арманымыз – Астанадан баспана алу»

Көп жылдан бері Бұлақсай ауылынан қатынап жұмыс істеп жүрген ерлі-зайыптының ендігі арманы – Астанадан өз баспанасын алу.

Балаларымызды оқытып, аяқтарына тұрғызсақ дейміз. Енді Астанадан бір үй алсақ деген арманымыз бар. Сонда бәріміз бір-бірімізге жақын болар едік. Таңнан кешке дейін еңбек етіп жүргеніміздің бәрі – сол балаларымыз үшін, – дейді Айгүл.

Фото: Артем Чурсинов 

Айта кетейік, бұған дейін Астана көшелерін тазартуда қандай заманауи технологиялар қолданылатыны жайлы жазған едік. 

Оқи отырыңыз