29.04.2026
11:00
144

Біржан Оразов қай клубқа ауысады?

Біржан Оразов 2025/2026 маусым аяқталған соң, «Қайрат» футзал клубынан кетеді. Осы жөнінде ол ресми мәлімдеме жасап, Instagram парақшасында «жақында жаңа парақтың куәгері боласыздар» деп жазды. 

 «Бұл қалаға жаңа қаһарман керек» 

Алдымен, «Қайраттың» 17-нөмірлі ойыншысы Көктөбеде Дастан Сәтпаевпен бірге суретке түсіп, парақшасына «бұл қалаға жаңа қаһармандар» керек деп жазды. Осыдан-ақ халық Оразовтың Алматыдағы мансабы аяқталатынын түсінді. Өйткені «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев та осы жазда Англияға аттанады. Осылайша желідегі жазба көп лүпіл жинап, жанкүйерлер толассыз тілек жазып жатты. Оған қоса Біржанның қай командаға ауысатынын топшылағандар да табылды.

Кейінірек ойыншы ресми мәлімдеме жасап, жанкүйерлерге жазба жариялады. 

Соңғы жаңалықтарға байланысты ресми мәлімдеме жасағым келеді. Шынын айтсам, бұл жаңалықты өзім ресми түрде жариялап, маусым соңында жанкүйерлермен әдемі қоштасқым келген еді. Алайда ақпарат пабликтерде ертерек тарап кетті. Барлық жанкүйерлеріммен осы уақытқа дейін әрқашан шынайы болдым және солай қала беремін. Сондықтан бұл шешімді сіздерге өз аузымнан жеткізуді дұрыс деп санадым, – деп бастады жазбасын ол. 

Клубтан кету туралы шешім қабылдағанын, жаңа белеске қадам басқысы келетінін хабарлады. 

Соңғы 8 жыл бойы «Қайрат» футзал командасы сапында өнер көрсетіп, осы клубтың бір бөлшегі болдым. Клубтан кету туралы шешім қабылдадым. Бұл менің жеке шешімім. Өзіме жаңа белес, жаңа сынақ қоюды жөн көрдім. Осы жылдар ішінде бірге еңбек еткен барлық жаттықтырушыларға, медициналық штабқа, клуб басшылығына және әрдайым қолдау білдірген жанкүйерлерге шынайы алғысымды білдіремін.
Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз мен үшін әрдайым ерекше болды. Осы маусымды соңына дейін командамен бірге аяқтаймын. Алда жаңа мақсаттар, жаңа команда және жаңа жеңістер. Жақын арада жаңа парақтың куәсі боласыздар, – деп жазды ол. 

Оразовтың не ойлағаны бар?

Биыл «Қайрат» футзал клубы екі ойыншымен қоштасады. Командадағы Біржан Оразов пен Дәурен Тұрсағұловтың келісімшарты аяқталады. Жыл басынан бері Тұрсағұловтың «Семейге» ауысуы мүмкін екені айтылды. Тиісінше кеше Дәурен де әлеуметтік желіде қоштасу жазбасын жариялап, «Рақмет, Қайрат!» деп жазды. Сонымен, екі дос туған жеріне қайта орала ма?

Біржан Оразов пен Дәурен Тұрсағұлов бұрынғы Семей облысы Аягөз қаласында дүниеге келген. Сондықтан «Семейден» ұсыныс түссе, қарастыратыны анық. Оның үстіне ақпарат құралдары бірнеше мәрте Тұрсағұловтың «Семейге» ауысуы мүмкін екенін жазды. «Семей» ойыншысы Есенамановтан қос футзалшының Семейге ауысатыны туралы сұрағанында, анығын білмейтінін, бірақ ортаға қосылса қуанатынын жеткізген. Ал Біржан Оразовқа Рикардо Кака баптайтын ресейлік «ИраЭро» футзал клубы қызығушылық танытқаны туралы дерек бар. Бірақ ойыншы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. 

Біржан Оразов – «Қайрат» сапында Еуропа чемпионатында 7 гол соғып, «Алтын бутсы» иегері атанған алғашқы қазақстандық спортшы. Сондай-ақ әлем чемпионатында Испания қақпасына 7 секундта гол соғып, тарихи рекорд орнатқан.