Бір сынақ бүкіл өміріңді анықтайды: Қытайдағы «Гаокао» емтиханы несімен ерекше?

Бір сынақ бүкіл өміріңді анықтайды: Қытайдағы «Гаокао» емтиханы несімен ерекше?

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Қытайдағы гаокаоны әлемдегі ең ауқымды әрі бәсекесі жоғары емтихандардың бірі деп атайды. Биыл аталған емтиханға 12,9 миллион адам тіркелген. Салыстырып көрсек, бір мемлекеттің халқымен пара-пар миллиондаған талапкер жыл сайын бір уақытта университетке түсу үшін сынақтан өтеді.

Маңызды емтихан тапсыратын күні мектеп маңындағы көлік қозғалысы шектеледі, құрылыс жұмыстары уақытша тоқтайды, полиция кешігіп бара жатқан талапкерге көмектеседі, ал мектеп қақпасының алдында жүздеген ата-ана баласын күтіп тұрады. Емтиханға кірерде металл іздегіштен өтіп, құжатын тексереді, кей жерлерде тіпті адамның жүзін тану технологиясы (Face ID) қолданылады.

Бірақ гаокаоның ерекшелігі қатысушылар санында ғана емес. Бірнеше күнге созылатын емтиханға оқушылар жылдар бойы дайындалады, ал жинаған бірнеше балл олардың қай университетке түсе алатынына әсер етуі мүмкін.

Қытайдағы ең маңызды емтихандардың бірі қалай өтеді? Неліктен оның кезінде тұтас қалаларда тыныштық сақтауға тырысады? Ал қажетті балл жинай алмаған түлектің тағдыры не болады?

Гаокао деген не?

Гаокао (gāokǎo) – еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сияқты Қытайдың жоғары оқу орындарына түсуге арналған ұлттық емтихан.

Ол жылына бір рет өткізіледі. Негізгі емтихандар маусымда басталады. Өңір мен қолданылатын нұсқаға байланысты сынақ бірнеше күнге созылуы мүмкін. Талапкерлер қытай тілі мен әдебиеті, математика, шет тілі, көбіне ағылшын тілі сияқты үш пәннен, сондай-ақ таңдау пәндерінен емтихан тапсырады.

Бұрын оқушылар негізінен екі бағыттың бірін таңдайтын. Жаратылыстану бағытына физика, химия және биология, ал гуманитарлық бағытқа саясат, тарих және география кіретін. Кейін көптеген өңірде жүйе өзгеріп, оқушыларға болашақ мамандығына байланысты пәндерді икемдірек таңдауға мүмкіндік берілді. Көп жағдайда ең жоғары нәтиже – 750 балл. Негізгі үш пәннің әрқайсына 150 балдан беріледі, қалған ұпай таңдау пәндерінен жиналады.

Ары қарай миллиондаған талапкер шектеулі орындарға таласады. Әсіресе елдің беделді университеттеріне түсу үшін өте жоғары нәтиже қажет. Сондықтан кей жағдайда бірнеше балдың өзі талапкердің мүмкіндігіне елеулі әсер етеді.

Фото: Reuters

Неліктен гаокао соншалық қиын?

Гаокаоны қиындататын нәрсе тек тапсырмалардың күрделілігі емес. Біріншіден, бәсеке өте жоғары. Бір жылда емтихан тапсыратындардың саны 10 миллионнан асады. Екіншіден, емтихан нәтижесінің университетке қабылдаудағы маңызы өте үлкен. Жоғары нәтиже талапкерге беделді оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, оқушы бұл сынаққа бір-екі ай емес, ұзақ уақыт дайындалады. Әсіресе мектептің соңғы жылында оқу қарқыны күшейіп, негізгі сабақтарға кешкі дайындық пен қосымша сабақтар қосылуы мүмкін.

Сондықтан гаокао – білімді тексеретін емтихан ғана емес, бірнеше жылдық дайындықтың қорытындысы. Қытайда оқушылар арасында тіпті, «бір емтихан бүкіл өміріңді анықтайды» деген сөз де бар екен. Әрине, адамның бүкіл өмірі бір емтиханмен шешіледі деу дұрыс емес. Бірақ бұл сөз гаокаоға байланысты қалыптасқан психологиялық қысымды жақсы сипаттайды.

Емтихан кезінде неге көшелерде тыныштық орнайды?

Гаокаоның ең қызық ерекшеліктерінің бірі – емтиханға оқушының өзі ғана емес, айналасындағы қоғам да бейімделеді. Емтихан өтетін мектептердің маңында артық шу болмауына ерекше мән беріледі. Кейбір жерлерде көлік қозғалысы шектеліп, жақын маңдағы құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылады.

Талапкер кешігіп бара жатса, полиция қызметкерлері оның емтихан өтетін жерге дер кезінде жетуіне көмектесетін жағдайлар кездеседі. Жеке басын куәландыратын құжатына байланысты мәселе туындаған талапкерлерге жедел көмек көрсету шарасы да ұйымдастырылады. Мұның бәрі оқушының бірнеше жылдық дайындығына сыртқы жағдай кедергі келтірмеуі керек деген қағидатқа бағытталған.

Фото: AI көмегімен жасалды

Аналар неге көйлек киіп барады?

Гаокаоның айналасында уақыт өте келе түрлі дәстүрлер де қалыптасқан. Соның бірі – кейбір аналардың баласын емтиханға шығарып салғанда ципао (qípáo) деп аталатын дәстүрлі қытай көйлегін киюі.

Мұның астарында сөз ойыны жатыр. «Ципао» атауы қытай тіліндегі алғашқы қадамнан-ақ жеңіске жетуді білдіретін жағымды тіркеспен үндеседі. Сондықтан мұндай киім сәттілік әкелетін нышан ретінде қабылданады. Осылайша, бір қарағанда қарапайым киімнің өзі гаокао күндері ата-аналардың баласына деген қолдауының символына айналып отыр.

Көшіруге тырысса не болады?

Гаокаодағы бақылау да емтиханның ауқымына сай қатаң. Технология дамыған сайын бақылау әдістері де күрделене түскен. 2026 жылы ұялы телефон немесе смарт-көзілдірік секілді құрылғыларды пайдаланып көшіру әрекеттерін анықтауға арналған жаңа технологиялық шаралар енгізілген.

Мұндай қатаңдықтың құқықтық себебі де бар. Қытайда мемлекеттік емтихандар кезінде алаяқтық ұйымдастыру қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Яғни гаокаода «ұсталып қалсам, емтиханнан шығарып жібереді» деген мәселе ғана емес, заң алдындағы жауапкершілікке де тартылады.

Бірнеше күндік сынаққа жылдар бойы дайындалады

Гаокаоның ең ауыр бөлігі емтихан өтетін аудиторияда ғана емес, оның алдындағы дайындық кезеңінде жатыр. Мектептің соңғы жылында көптеген оқушы үшін күн тәртібінің негізгі бөлігі емтиханға дайындыққа айналады. Сабақтан кейінгі өздік дайындық, тест орындау және қосымша сабақтар оқу жүктемесін арттырады. Сондықтан гаокаоға дайындық Қытайдағы білім беру жүйесіндегі жоғары бәсекенің ең айқын көріністерінің біріне айналған.

Ал қажетті балл жинай алмаса ше?

Осындай бәсеке мен ұзақ дайындықтан кейін «қажетті балл жинай алмаса, талапкер не істейді?» деген сұрақ туындайды. Мұндай жағдайда ол жинаған балына қарай басқа университетке немесе түсу ықтималдығы жоғары мамандыққа құжат тапсыра алады. Сондай-ақ кәсіптік білім беру бағытын таңдауына болады.

Тағы бір жол – гаокаоны келесі жылы қайта тапсыру. Нәтижесіне көңілі толмаған кейбір түлектер тағы бір жыл дайындалып, емтиханға қайта қатысады. Сондай-ақ шетелде білім алуды таңдауға болады. Ондай жағдайда қабылдау талаптары гаокао жүйесінен бөлек жүреді.

Фото: AI көмегімен жасалды

Шетелдік студенттер де гаокао тапсыра ма?

Қытайда білім алғысы келетін шетелдік талапкерлер үшін қабылдау тәртібі жергілікті мектеп түлектерінен өзгеше. Талаптар университет пен бағдарламаға байланысты белгіленеді. Мысалы, қытай тілінде білім беретін бағдарламаларға түскенде HSK – қытай тілін меңгеру деңгейін растайтын емтихан нәтижесі сұралуы мүмкін. Оқу орны қосымша талаптар да қоя алады.

Сондықтан Қытай университетіне түсуді жоспарлаған шетелдік студентке жергілікті түлектермен бірге гаокаода 750 балл үшін бәсекеге түсу міндетті емес.

Гаокаоның соңғы жылдағы өзгерісі қандай?

Соңғы жылдары гаокаоға деген көзқарас өзгере бастаған. 2025 жылы аталған емтиханға шамамен 13,4 миллион адам тіркелген болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 12,9 миллионға дейін төмендегені хабарланды.

Сондай-ақ Қытайда кәсіптік білімге қызығушылық артып келеді. Бұған еңбек нарығындағы жоғары бәсеке де әсер етеді. Университет дипломының өзі жақсы жұмысқа орналасуға автоматты түрде кепілдік бермейді. Сондықтан кейбір жастар бірнеше жыл университетте білім алудың орнына нақты кәсіп меңгеріп, еңбек нарығына ертерек шығуды таңдай бастады. Дегенмен гаокао өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Оны әлі де миллиондаған талапкер тапсырады және емтихан нәтижесі олардың жоғары білім алу жолына тікелей ықпал етеді.

Гаокаоның ерекшелігі де осында. Бірнеше күндік емтиханның артында бірнеше жылдық дайындық, миллиондаған талапкер арасындағы бәсеке және баласының нәтижесін күткен миллиондаған отбасы тұр. Сондықтан маусым айының басында Қытайда гаокао тек оқушылар үшін ғана маңызды емес. Емтихан өтетін күндерде елдегі күнделікті тіршілік те соған қарай өзгереді.

Оқи отырыңыз

{