30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыСингапурда туу көрсеткіші тарихи төмен деңгейге түсіп, ел халқының қартаюы үдей түсті. Осыған байланысты үкімет отбасыларға берілетін қолдауды күшейтіп, әр балаға туғаннан 17 жасқа дейін 62 мың сингапур долларына дейін, яғни шамамен 18,5 млн теңге бөлмек. Бұл қаржы ата-анаға бірден берілмей, бала күтімі, білімі және басқа да қажеттіліктерге арналған бірнеше мемлекеттік бағдарлама арқылы ұсынылады. Үкімет осылайша баланы дүниеге әкелу мен тәрбиелеуге кететін шығынды азайтуды көздеп отыр.
Сингапурдағы дағдарыс
Елдегі негізгі мәселе – туу көрсеткішінің тұрақты төмендеуі. Сингапурдың ресми статистикасына сәйкес, 2025 жылы жалпы туу коэффициенті 0,87 болды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 0,97 еді. Яғни бір әйелге өмір бойы орта есеппен бір баладан да аз келеді.
Демографияда халық санының ұрпақ ауысуы арқылы тұрақты сақталуы үшін бұл көрсеткіш шамамен 2,1 болуы керек. Сингапурдағы қазіргі деңгей осы межеден екі еседен астам төмен. Туу көрсеткішінің азаюы ел тұрғындарының қартаюына да әсер етеді. Ресми статистика бойынша, 2025 жылы Сингапур азаматтарының 20,7%-ы 65 жастан асқан. Бұл көрсеткіш қоғамдағы егде жастағы адамдар үлесінің жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.
Сингапурда бала тууды ынталандыру саясаты жаңа бастама емес. Елде бірнеше жылдан бері Baby Bonus бағдарламасы жұмыс істейді. Оның аясында ата-аналарға бала туғаннан кейін арнайы ақшалай төлемдер беріліп, баланың жинақ шотына мемлекет тарапынан қосымша қаражат аударылады.
Жаңа жүйенің ерекшелігі – қолдау баланың алғашқы жылдарымен шектелмей, 17 жасқа дейінгі кезеңді қамтиды. Үкіметтің бұл саясаты бір нәрсені көрсетеді: қазіргі демографиялық жағдайда бала туу мәселесін тек бір реттік төлем арқылы шешу қиын. Сондықтан Сингапур қаржылай көмекті бала күтімі, білім беру және ата-аналарға көрсетілетін басқа да жеңілдіктермен біріктіруге тырысып отыр. Ал 62 мың сингапур доллары – ата-ана бірден алатын ақша емес, баланың 17 жасқа дейінгі кезеңінде түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін қолдаудың жиынтық мөлшері.
БАӘ ең ауқымды көлемде төлейді
Біріккен Араб Әмірліктерінде бала дүниеге келген кезде мемлекет 50 мыңнан 200 мың долларға дейін, яғни шамамен 23,5-94 млн теңге көлемінде қолдау көрсетеді. Ай сайынғы табысы 50 мың дирхамнан төмен отбасыларға әр бала үшін қосымша 600 дирхамнан төленеді. Алайда бұл төлем төрт баладан артық емес және бес жылдан ұзақ уақыт берілмейді.
Көпбалалы отбасыларға да жеке қолдау қарастырылған. Төртінші және бесінші бала дүниеге келген кезде эмират билігі ипотекалық несиенің мерзімін үш жылға ұзартады. Ал алтыншы бала туғаннан кейін отбасының 40 мың дирхам қарызы кешіріледі. Бұл шамамен 5 млн теңгеден сәл асады.
Аталған төлемдердің барлығы тек БАӘ азаматтарына тиесілі. Елде ондаған жыл өмір сүрген шетелдік резиденттер де мұндай қолдауға ие бола алмайды. Соған қарамастан, Әмірліктердегі туу көрсеткіші бір әйелге шаққанда 1,21 баланы құрайды.
Оңтүстік Кореяда төлем көлемі өңірге байланысты
Оңтүстік Кореяда туу көрсеткіші әлемдегі ең төмен деңгейде – бір әйелге 0,8 бала. Ел билігі бұл мәселеге тек ұлттық бағдарламалар арқылы ғана емес, өңірлерге қарай айтарлықтай ерекшеленетін жергілікті қосымша төлемдер арқылы да жауап беріп отыр.
Мемлекеттік деңгейде бала туған кездегі бір реттік төлем мен ай сайынғы ата-ана жәрдемақысы қарастырылған. Бала туғаннан кейінгі сегіз жыл ішінде отбасы жалпы есеппен 22,1 мың долларға дейін, яғни шамамен 10,4 млн теңге көлемінде қолдау ала алады.
Жекелеген ауылдық аудандар орталық үкіметтен де ауқымды қолдау көрсетеді. Елдің ауылдық аймақтары арасында бірнеше жыл қатарынан туу көрсеткіші бойынша көш бастап келе жатқан Йонгван уезінде бірінші балаға 5 млн вон, ал алтыншы балаға 35 млн вон төленеді. Бұл шамамен 1,7-11,8 млн теңге.
Көршілес Кочхан уезінде төлем бала нешінші болып туғанына қарамастан бірдей – 20 млн вон, яғни шамамен 6,8 млн теңге.
Венгрия демографияға қыруар қаржы жұмсайды
Будапешт соңғы он жыл бойы отбасы саясатына шағын мемлекеттің бюджетімен салыстыруға болатын көлемде қаржы құйып келеді. 2015 жылдан бері мұндай бағдарламаларға шамамен 2 млрд еуро жұмсалған. Бұл бүгінгі бағаммен есептегенде 1 трлн теңгеден асады.
Үш баласы бар және шағын елді мекенде үй салып жатқан отбасы 58 млн форинтке дейін қайтарымсыз субсидия ала алады. Бұл 150 мың доллардан астам немесе шамамен 70,5 млн теңге. Бұған қоса, дәл осындай шарттармен жеңілдетілген несие де қарастырылған. Алайда мемлекеттік қолдауға салынған қомақты қаржыға қарамастан, соңғы он жылда елдегі туу көрсеткіші айтарлықтай өспеген.
Демографтардың пікірінше, мұндай бағдарламалар негізінен онсыз да үш балалы болуды жоспарлаған отбасылардың бала сүю уақытын ертерекке жылжытуына әсер еткен. Ал көпбалалы болуды жоспарламаған отбасыларды қаржылай ынталандыру қызықтыра қоймаған.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды