Белгілі спорт журналисі Ғалым Сүлеймен қайтыс болды

Белгілі спорт журналисі Ғалым Сүлеймен қайтыс болды

Фото: Ғалым Сүлейменнің Instagram парақшасынан

Белгілі спорт журналисі, комментатор Ғалым Сүлеймен қайтыс болды. Бұл туралы оның әріптестері хабарлады. 

Спорт журналисі Аян Төлегеннің хабарлауынша, Ғалым Сүлеймен 17 қыркүйек күні жансақтау бөліміне түскен. Артынша жүрегі тоқтап қалған. Комменатор 51 шағына қараған шағында өмірден өтті. 

Ғалым Сүлеймен кім?

Ғалым Сүлеймен – отыз жылдан астам уақыт спорт тақырыбында қалам тербеген белгілі журналист, комментатор. Ол қазақ спорт журналистикасының қалыптасуына өзіндік үлес қосып, талай халықаралық жарыста ақпарат таратты. 

Журналист еңбек жолын «Өркен-Горизонт» басылымында бастап, 1996-2004 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің спорт бөлімінде қызмет атқарған. 2004 жылы республикалық «Спорт» газетінің бас редакторы болды. Кейін «Айқын» газетінде спорт шолушысы болып, «Берен» спорт журналының жұмысына да атсалысты. 2010 жылы Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясының баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалған. Ұзақ жылдар бойы «Egemen Qazaqstan» басылымында спорт тақырыбында тұрақты жазып жүрді.

Ғалым Сүлейменнің журналистік жолында халықаралық додалардың орны ерекше. Ол Нагано, Сидней, Ванкувер және Лондон Олимпиадаларына спорт журналисі ретінде қатысып, әлемдік деңгейдегі жарыстардан репортаж әзірледі. Сонымен қатар әлем және Азия чемпионаттарынан, түрлі халықаралық бәсекелерден материал жазды. 

Оның шығармашылығында бокс, күрес, ауыр атлетика және жекпе-жек спортының орны бөлек. Бір кездері спорт комментаторы ретінде осы бағытағы жарыстарды жүргізді.

Ғалым Сүлеймен тек жарыс нәтижесін жеткізумен шектелмей, спорттағы түйткілдерді де көтеріп келді. Оның күрес спортының мәселелеріне арналған мақалалары журналистиканың талдамалық қырын танытады. Зерттеушілер оның бірқатар жарияланымдарында статистикалық деректерді пайдалана отырып, спорттағы өзекті мәселелерді кеңінен талдағанын атап өткен.

Журналистің ұзақ жылғы еңбегі кәсіби ортада да бағаланып келеді. 2022 жылғы «Сейдахмет Бердіқұлов атындағы үздік спорт журналисі» номинациясында Ғалым Сүлеймен «Үздік фоторепортаж» аталымының жеңімпазы атанған.

Оқи отырыңыз

{