6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер«Байлығым жоқ, бірақ жүрегім, көзім бай». Бұл – қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш кәсіби суретші Айша Ғалымбаеваның сөзі. Ол айналасындағы әр адамнан ерекше образ көріп, қарапайым тұрмыстың өзінен сұлулық таба білді. Қазақ киносына үлес қосып, қылқаламымен әйелдердің тұтас бір дәуірдегі болмысын бейнелеген суретшінің өмірі мен шығармашылығы туралы көпшілік біле бермейтін қандай қызықты деректер бар?
Айша Ғарифқызы 1917 жылы 29 желтоқсанда қазіргі Алматы облысының Есік өңірінде дүниеге келген. Оның балалық шағы қазақтың дәстүрлі тұрмысы мен табиғаты әсем Алатау баурайында өтті.
Болашақ суретшінің өнерге деген қызығушылығы ерте оянған. Қазақы ортадағы ою-өрнектер, түрлі түсті текеметтер, кестелі бұйымдар мен ұлттық киімдер оның көркемдік талғамының қалыптасуына ықпал етті. Кейін бұл дүниелер суретші шығармашылығының басты тақырыптарының біріне айналды.
Айша Ғалымбаева 1943 жылы Алматы көркемсурет училищесін тәмамдады. Бірақ мұнымен шектелмей, білімін Мәскеуде жалғастыруды таңдады.
Осылайша, Айша Ғалымбаева кәсіби білім алған қазақ әйел суретшілерінің алдыңғы қатарынан көрінді. Оның Мәскеуде игерген мамандығы кейін кескіндеме мен кино өнерін қатар алып жүруіне мүмкіндік берді.
Көпшілік біле бермейтін қыры – кино суретшісі
Айша Ғалымбаеваның есімі көбіне кескіндеме өнерімен байланысты айтылады. Алайда оның шығармашылық өмірінің маңызды бөлігі кино саласымен тығыз байланысты.
Суретші қазақ киносының қалыптасу кезеңінде бірқатар фильмнің көркемдік жұмыстарына қатысқан. Олардың қатарында «Абай әндері», «Махаббат туралы дастан», «Шабандоз қыз» және «Дала қызы» сияқты туындылар бар.
Кино суретшісінің міндеті тек декорация дайындаумен шектелмейді. Ол оқиға өтетін ортаны, кейіпкерлердің киім үлгілерін, тұрмыстық заттарды және фильмнің жалпы көркемдік сипатын ойластыруға қатысады. Айша Ғалымбаева үшін бұл жұмыс ұлттық мәдениетті тереңірек зерттеуге жол ашты.
Картиналарындағы әйелдер неге ерекше орын алды?
Айша Ғалымбаеваның шығармашылығына назар аударғанда әйел бейнесінің ерекше орын алатынын байқауға болады. Суретші үшін қазақ әйелі тек портрет кейіпкері емес, тұтас бір дәуірдің тұрмысын, еңбегін және рухани әлемін танытатын тұлға болды.
Оның «Батыр ана», «Кестелі кимешек», «Оралдық келін» сияқты шығармаларында әйелдің қоғамдағы орны, мінезі мен ұлттық болмысы көрініс тапқан. Ғалымбаева әйелдерді тек салтанатты ұлттық киіммен бейнелеуге ұмтылған жоқ. Ол олардың күнделікті тіршілігін, еңбегін, көңіл күйін және ішкі жан дүниесін көрсетуге мән берді.
Суретші өзінің бір сұхбатында әйел бейнесіне не себепті ерекше қызығатынын айтып, әр әйелдің бойынан қайталанбас көркем образ көретінін жеткізген.
Мен қай жаққа барсам да, әйелдерге қараймын, әйелдерді көремін. Әрқайсысы өзінше образ. Мемлекеттік қызметтегі әйелдер ерекше, олар үнемі ширығып жүреді. Өзіңізді қатты шеңберде ұстасаңыз, талантыңыз бір шетте қалады. Мен әдемі әйелдерді жақсы көремін. Қазақ әйелінің образы ақылды ғой. Өзімді бай әйелмін деп санаймын. Бірақ байлығым ешқандай жоқ, жүрегім, көзім бай. Мен барлығын көру арқылы образ жасаймын, – деген.
Айша Ғалымбаеваның портреттерінде белгілі өнер қайраткерлерімен қатар қарапайым әйелдер де бейнеленген. Ол үшін әр әйелдің өзіндік тарихы, мінезі мен сұлулығы болды. Сондықтан суретшінің әйелдерге арналған туындылары қазақ қоғамындағы әйел болмысын әр қырынан танытатын көркем шежіреге айналды.
Өз бейнесін қылқаламмен сөйлеткен
Суретшінің шығармашылық мұрасында автопортреттердің болуы да қызықты дерек. 1954 жылы ол «Автопортрет – сурет салып отырған кез» атты туындысын дүниеге әкелді. Ал 1970 жылы тағы бір автопортретін жазды.
Біріншісінің ерекшелігі – суретшінің өзін шығармашылық жұмыс үстінде бейнелеуі. Мұндай туынды автордың сыртқы келбетін ғана емес, кәсіби болмысын да танытады.
Айша Ғалымбаеваның бұл жұмыстары оның өнерге деген көзқарасын түсінуге мүмкіндік береді. Өзге адамдардың портреттерін салған суретші өз бейнесін де шығармашылық ізденісінің бір бөлігіне айналдырған.
Қарапайым тұрмыстық заттардан сұлулық тапқан
Айша Ғалымбаеваның шығармашылығындағы тағы бір ерекшелік – натюрморт жанрына деген қызығушылығы.
Оның туындыларында жемістер, гүлдер, ұлттық ыдыстар, тұрмыстық бұйымдар жиі кездеседі. Суретші күнделікті өмірде көз үйренген заттарды бояу мен жарықтың үйлесімі арқылы өзгеше қырынан көрсете білді.
Мәселен, 1964 жылы салынған «Сәукеле» туындысында қазақтың дәстүрлі бас киімі көркем композицияның негізгі нысанына айналды. Ал «Ақ құман», «Жемістер мен гүлдер», «Қызыл раушан гүлдері» сияқты еңбектері оның түс пен пішінге ерекше көңіл бөлгенін аңғартады.
Ғалымбаеваның шығармаларындағы қанық бояулар мен сәндік элементтер қазақтың дәстүрлі қолөнерімен үндесіп жатыр.
Ұстаздық етіп, кейінгі буынға жол көрсетті
Айша Ғалымбаева шығармашылық қызметімен қатар ұстаздықпен де айналысты. Ол Алматы көркемсурет училищесінде, кейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінде дәріс оқып, жас суретшілердің қалыптасуына үлес қосты.
Суретші шәкірттерінің жетістігін өз еңбегінің жемісі деп бағалаған. Ол «Еңбегімнің жемісін шәкірттеріме құрметпен қараудан көремін» деп жиі айтқан екен. Жас таланттарды қолдап, олардың шығармашылық ізденістеріне бағыт-бағдар беруді маңызды санаған.
Айша Ғалымбаеваның ең жас шәкірттерінің бірі – Гүлдана Ғайни есімді суретші қыз. Ол небәрі бес жасында алғашқы шығармаларын көпшілікке таныстырғанда, Айша Ғалымбаева оның туындыларына алғысөз жазып, өнердегі тұсауын кескен.
Кейін жас суретшінің картиналары Лондон, Париж және Рим қалаларындағы көрмелерге қойылған. Осылайша, бала кезінен өнерге қызыққан Гүлдана Ғайнидің шығармашылығы халықаралық деңгейде таныла бастаған.
«Бір сөзді өтірік айтсам, түнімен ұйықтай алмаймын»
Айша Ғалымбаева үшін суретшілік тек мамандық емес, өмірінің ажырамас бөлігі болды. Ол уақытын барынша шығармашылыққа арнап, бір туындысын аяқтаған соң келесісіне кірісетін. Қылқалам шеберінің өмірге деген көзқарасы мен адамгершілік ұстанымдары да оның өнерімен тығыз байланысты еді.
Телевизияның алтын қорында сақталған сұхбаттарының бірінде журналист суретшіден адамның жанын қартайтпайтын, үнемі еңбекке құлшындырып тұратын күштің не екенін сұраған. Сонда Айша Ғалымбаева:
Ешбір адам туралы жаман ойламау керек. Мен суретші болғандықтан, елді жақсы көремін. Достарым көп. Бірақ уақытым жоқ, көп араласа қоймаймын. Өйткені бір картинадан кейін екінші картина шығып тұрады. Мен шындықты жақсы көретін адаммын. Бір сөзді өтірік айтып қойсам, түнімен ұйықтай алмаймын, – деп жауап берген.
Ол адамдарға жақсы көзқараспен қарауды, адалдықты және тынымсыз еңбекті жоғары бағалаған. Шығармашылыққа деген құштарлығы соншалық, достарымен жиі кездесуге де уақыт таба бермеген. Ал шындыққа адалдығы оның тек өнердегі емес, күнделікті өмірдегі басты қағидаларының бірі болған.
Есімі құрметті Алтын кітапқа жазылған
Айша Ғалымбаеваның еңбегі көзі тірісінде жоғары бағаланды. 1961 жылы оған Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, ал 1967 жылы Қазақ КСР-інің халық суретшісі атағы берілді.
1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Сондай-ақ «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды.
Суретшінің есімі республиканың құрметті Алтын кітабына енгізілген. Кейін Қазақстан өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін тәуелсіз «Тарлан» сыйлығына да ие болды.
Оның еңбектері республикалық, одақтық және халықаралық көрмелерге қойылды. Бүгінде туындылары Қазақстан музейлерінің қорларында және жеке коллекцияларда сақталған.
6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер5 Қараша, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді5 Қараша, 12:12
Олимпиадада үздік шығып, кейін медицинада табысқа жеткен чемпиондар2 Қараша, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожелі