Бастауыш сыныптарда баға қою тәртібі өзгереді: ата-аналар нені білуі керек?

Бастауыш сыныптарда баға қою тәртібі өзгереді: ата-аналар нені білуі керек?

Ажар Лаубаева
Фото: El.kz архиві

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінің 2-4-сыныптарында оқушыларды бағалаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Енді тоқсан соңында ТЖБ өткізілмейді, ал формативтік бағалаудың үлесі артады.

Бағалау жүйесі неге өзгереді?

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.

Оның айтуынша, өзгерістер ата-аналардың өтініштері, педагогтердің ұсыныстары мен тәжірибесі, оқушылардың оқу жетістіктерін мониторингтеу нәтижелері, сондай-ақ отандық және халықаралық зерттеулердің қорытындылары ескеріле отырып әзірленген.

Бұл ретте критериалды бағалау жүйесі сақталады. Ал 1-сынып оқушыларына бұрынғыдай баға қойылмайды.

Фото: El.kz архиві

Күнделікті бағаның үлесі 50%-ға дейін артады

Бұған дейін оқушылардың оқу жетістіктері формативтік және жиынтық бағалау арқылы анықталып келді. Жиынтық бағалау бөлім бойынша жиынтық бағалауды (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) қамтыды.

Жаңа тәртіпте формативтік бағалау сақталып, оның тоқсандық қорытынды бағадағы үлесі 25%-дан 50%-ға дейін артады.

Бұған дейін тоқсандық бағаны шығару кезінде оқушының күнделікті сабақта алған формативтік бағалары жалпы нәтиженің 25 пайызын құрайтын. Енді бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін артады. Яғни тоқсандық бағаның жартысы оқушының тоқсан бойындағы күнделікті сабақтағы оқу нәтижесі негізінде қалыптасады, – деді Шынар Ақпарова.

Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі. Алайда балл қою тәртібі нақтыланады. Оқушыға бір ғана тапсырманы немесе сабақтың белгілі бір кезеңіндегі жұмысты орындағаны үшін бірден 10 балл қойылмайды. Мұғалім сабақтың әр кезеңінде орындалған бірнеше тапсырманың жиынтық нәтижесін ескереді.

Тоқсан ішінде әр оқушы пән бойынша өткізілген сабақтардың кемінде 30%-ында бағалануға тиіс. Мәселен, тоқсанда белгілі бір пәннен 30 сабақ өтсе, оқушы кемінде 9 сабақта формативтік баға алуы қажет. Бұл – ең төменгі талап. Мұғалім оқушыны одан да жиі бағалай алады.

Осылайша, қорытынды бағада оқушының тоқсан бойындағы тұрақты еңбегі, тапсырмаларды орындауы және оқу мақсаттарын меңгеру деңгейі көбірек ескеріледі.

Фото: El.kz архиві

БЖБ орнына аралық бағалау енгізіледі

Жаңартылған жүйеде оқу бөлімдерін меңгеру деңгейін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Формативтік бағалау оқушының күнделікті оқу барысындағы нәтижесін көрсетсе, аралық бағалау белгілі бір бөлім аяқталғаннан кейін алған білімі мен дағдыларын анықтауға мүмкіндік береді.

Аралық бағалау саны оқу бағдарламасындағы бөлімдерге байланысты болады. Мәселен, тоқсан ішінде үш бөлім оқытылса, әр бөлім аяқталғаннан кейін бір аралық бағалау жүргізіледі.

Аралық бағалаудың ең жоғары балы сыныпқа қарай белгіленеді:

Нақты максималды балл тапсырмалардың санына, мазмұны мен күрделілік деңгейіне қарай анықталады. Тапсырмаларды мұғалім оқу мақсаттарына сәйкес өзі әзірлейді. Бұл ретте Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әдістемелік ұсынымдары басшылыққа алынады.

Аралық бағалау диктант, бақылау жұмысы, шығарма және мазмұндама секілді жазбаша жұмыстар түрінде де өткізілуі мүмкін. Оларды орындауға оқушыларға толық 45 минуттық сабақ уақыты беріледі.

Фото: El.kz архиві

Тоқсан соңында ТЖБ болмайды

Жаңа жүйедегі басты өзгерістердің бірі – 2-4-сыныптарда тоқсандық жиынтық бағалаудың алынып тасталуы.

Бұған дейін, мысалы, математика пәнінен оқушы бір тоқсанда үш БЖБ және бір ТЖБ орындаса, енді әр бөлім аяқталғаннан кейін аралық бағалау өткізіледі. Ал тоқсан соңында бұған дейін бағаланған бөлімдердің барлығын қайта қамтитын жеке жиынтық жұмыс жүргізілмейді.

Нәтижесінде тоқсан ішіндегі бағалау жұмыстарының саны бір жұмысқа азаяды. Министрлік бұл тәсіл оқушылардың бағалау жүктемесін төмендетіп, мұғалімдердің ТЖБ тапсырмаларын әзірлеуге, өткізуге және тексеруге жұмсайтын уақытын қысқартатынын атап өтті.

Практикалық және шығармашылық пәндер қалай бағаланады?

«Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Музыка» және «Дене шынықтыру» пәндері бойынша да бағалау тәртібі өзгереді.

Бұл пәндерде күнделікті формативтік бағалау жүргізіледі, ал аралық бағалау тоқсанына бір рет өткізіледі.

Пән ерекшелігіне қарай оқушылар практикалық, шығармашылық, жобалық және зерттеу тапсырмалары, жеке және топтық жұмыстар, сондай-ақ спорттық жаттығулар арқылы бағаланады.

Тоқсандық баға қалай шығарылады?

Жаңартылған тәртіп бойынша тоқсандық баға екі көрсеткіш негізінде қалыптасады:

Демек, жаңа оқу жылынан бастап 2-4-сынып оқушысының тоқсандық бағасына оның күнделікті сабақтағы жұмысы мен оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесі тең дәрежеде әсер етеді. Ал тоқсан соңында барлық материалды қайта қамтитын бөлек ТЖБ өткізілмейді.

Бұған дейін министрлік БЖБ мен ТЖБ неге алынып тастағанын түсіндірген еді.

Оқи отырыңыз

{