19.05.2026
09:45
285
Жаңалықтар

Бандо, сатин, органза: мектеп бітіру кешінде қандай образ трендте?

Оқу жылы аяқталуға жақындап қалды. Мектеп бітіруші түлектердің алды Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырып, бітіру кешіне дайындықты бастап кетті. Осыған орай, 2026 жылғы сән индустриясындағы трендтерге стилист Айжібек Бекболатқызымен бірге шолу жасап көрдік.

Биылғы түлектер бұрынғыдай тым жарқын, ауыр образдардан алыстап, қарапайымдылық пен талғампаздыққа бет бұрыпты. Тіпті әлеуметтік желіде «гардеробтағы бар киіммен образ құрастырамын» деп жазғандар да бар. Ал 2026 жылғы трендтерге қарасақ, fashion-индустрия «quiet luxury», 1990-жылдар эстетикасы және әйелге тән нәзік силуэттерді қайта алдыңғы қатарға шығарған.

Стилистің айтуынша, қазіргі түлектер үшін образдың әдемілігі ғана емес, оның ыңғайлылығы мен функционалды болуы да маңызды. Яғни қыздар бір кешке ғана киілетін ауыр көйлектерден гөрі, кейін де қолдануға болатын әмбебап киімдерді таңдай бастаған.

Биыл қандай көйлектер сәнде?

2026 жылғы бітіру кештерінде ең жиі кездесетін образдардың бірі –иықжапқышы бар көйлектер. Бұл – қарапайым силуэттегі көйлекке жеңіл жамылғы немесе cape қосылған нұсқа. Мұндай модельдер образды бірден салтанатты етіп көрсетеді. Оның тағы бір артықшылығы – иықжапқышы бөлек, көйлекті бөлек киюге болады.

Биыл белі қыналған көйлектер мен етегі төгіліп тұратын көйлектер трендте. Жеңіл матадан тігілген және мойнында V сызығы бар көйлектерге де сұраныс жоғары болады, – дейді стилист.

Минимализм де сәннен кеткен жоқ. Лаконикалық бандо-көйлектер биыл ерекше танымал. Ашық иық пен таза силуэт образға нәзіктік береді. Сән сарапшылары мұндай көйлекті ірі аксессуарлармен және жинақы шаш үлгісімен үйлестіруге кеңес береді.

Ал 1990-жылдар эстетикасы әлі де өзектілігін жоғалтпаған. Соның әсерінен сатин комбинация-көйлектер қайта трендке айналды. Әсіресе жұмсақ түстердегі, жеңіл қатпарлы үлгілер сұраныста. Fashion-сарапшылар мұны «артық детальсыз сән» деп сипаттайды.

Трендті «соқыр» түрде қайталамайды

Соңғы жылдары әлеуметтік желілердегі сән тенденциясы да қатты өзгерді. Бұрын бітіру кешінде көлемді көйлек, тастар мен жылтыр маталар сән болса, қазір TikTok пен Pinterest платформаларында effortless style, яғни «күш салмағандай көрінетін сән» танымал.

Қарапайым киімге аксессуарды дұрыс таңдай білсеңіз, образ толық ашыла түседі. Биыл шоколад түстес аяқ киімдер, алтын түсті сөмке мен көлемді көзілдірік трендте. Формасын ұстап тұратын шляпа, формасы үлкен немесе гүл сияқты сырғалар да сұранысқа ие, – дейді стилист Айжібек Бекболатқызы.

Стилистің пікірінше, жаңа буын өзін киім арқылы көрсетуге тырысады. Сондықтан олар трендті «соқыр» түрде қайталаудан гөрі, өз стиліне сай образ таңдауға мән береді.

Осыған байланысты oversize пиджак, ерлер стиліндегі жейде, классикалық шалбар мен жібек топ үйлесімі де бітіру кешінде жиі кездесетін болды. Мұндай образ әрі сәнді, әрі ыңғайлы саналады.

2026 жылдың басты түстері қандай?

Биыл нәзік әрі табиғи реңктер трендке айналды. Әсіресе baby blue – жаздың басты түсі деп аталып жүр. Сонымен қатар қызыл, қою көк, жасыл және қызғылт сары реңктер де танымал.

Шифон, органза, сатин, мақта секілді маталар жаз мезгілінде жиі таңдалады. Мата таңдағанда пішінін жақсы сақтайтын түріне назар аударған жөн. Сапалы әрі қымбат көрінетін мата образды да сәнді әрі жинақы көрсетеді, – дейді стилист.

Оның айтуынша, сән әлемінде енді бір ғана түске емес, олардың комбинациясына да ерекше назар аударылады. Мысалы:

қызыл + күлгін;

шарап түстес реңк + қызғылт;

шоколад түстес реңк + ашық көк;

шалфей реңкі + сарымай түстес реңк.

Стилистің пікірінше, дәл осы комбинациялар образды «қымбат» әрі заманауи етіп көрсетеді.

Сонымен қатар 2026 жылдың жазында гүлді принттер қайтадан сән сахнасына шықты. Биыл ұсақ ретро-гүлдер де, ірі гүл өрнектері де сұранысқа ие. Сонымен қатар 1990-жылдардағы бұршақ өрнектер қайтадан трендке айналды. Жолбарыс жолақты және геометриялық өрнектер де тренд қатарында, – дейді стилист Айжібек Бекболатқызы.

Гардеробтағы киімді үйлестіруге болады

Fashion-индустриядағы саналы тұтыну тренді бітіру кешінің сәніне де әсер етуде. Қазір жастар бір кешке ғана киілетін қымбат көйлек сатып алғаннан гөрі, гардеробтағы киімді жаңаша үйлестіруге көбірек көңіл бөледі.

Мысалы, қарапайым ақ жейде мен ұзын белдемшені биік өкшелі аяқ киім, әшекей және сәнді макияж арқылы толыққанды evening look-қа айналдыруға болады.

Сондай-ақ total white образдар да қайта трендке енді. Ақ түстен толық құралған стиль жаз мезгіліне сай әрі визуалды түрде өте талғампаз көрінеді.

Стилистің пікірінше, қазіргі бітіру кешінің сәнінде басты назар жайлылыққа ауған. Өйткені түлектер үшін әдемі көрінумен қатар, кеш бойы еркін қозғалу да маңызды.

Бітіру кешіне органза матадан кең көлемді шалбар киюге болады. Базалық көйлек киіп, көлемді аксессуар қосса да болады. Макияж бен аяқ киім, сөмке де образды толықтырады. Ең бастысы, киімнің фигураға лайық, қонымды болуы маңызды, – дейді Айжібек Бекболатқызы.

Сондықтан биылғы трендтің негізгі формуласы – минимализм, нәзіктік және өзіндік стиль. Ал ең сәнді образ – өзіңізді сенімді сезіндіретін образ.

Авторы: Көркем Қарқын