Азия ойындарының жүлдегерлері Қазақстан бокс федерациясы президентінен сыйақы алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін бас бапкер Шамиль Сафиулин бастаған бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқылардың бірі болып Қытайға аттанды. Ханчжоудағы жазғы Азия ойындары қарсаңында біздің спортшылар жергілікті және Тәжікстан боксшыларымен біріккен оқу-жаттығу жиынын өткізді.
Оқи отырыңыз:
Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев әуежайға арнайы келіп, ұлттық құрама мүшелерін шығарып салды. Басты мақсат - қазақ боксының үздік екенін тағы бір мәрте көрсетіп, медальдар мен Париж-2024 Олимпиадасының лицензиялар иелену, - делінген федерация таратқан мәліметте.
Сонымен қатар ҚБФ президентінің жеке қаражатынан сыйақылар беру дәстүрі жалғаса беретіні белгілі болды. Алтын медаль үшін чемпиондар 50 мың АҚШ долларын, күміс жүлдегерлер – 30 мың АҚШ долларын, қола медаль үшін – 10 мың АҚШ долларын алады.
Қытай шаршы алаңында ел намысын қорғайтын боксшылар:
50 кг. Назым Қызайбай
54 кг. Жайна Шекербекова
57 кг. Карина Ибрагимова
60 кг. Римма Волосенко
66 кг. Наталья Богданова
75 кг. Валентина Хальзова
XIX Жазғы Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Қазақстан құрамасынан 500-ден астам спортшы спорттың 33 түрінен сынға түседі. Тарихта алғаш рет Азия ойындарда Олимпиада лицензиялары сарапқа салынады.