Азия ойындарына үш күн қалды: Қазақстаннан қанша спортшы қатысады

Азия ойындарына үш күн қалды: Қазақстаннан қанша спортшы қатысады

Диана Орынбасар
Фото: Туризм және спорт министрлігі

2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындары өтеді. Құрлықтың басты спорт додасында Қазақстан намысын 559 спортшы қорғайды. Ұлттық құрама жарыс бағдарламасындағы 43 спорт түрінің 35-і бойынша сынға түседі. Қазақстан сапында Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, әлем және Азия чемпионаттарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар бар.

Қазақстаннан 559 спортшы қатысады

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті жариялаған қорытынды тізімге 559 спортшы енген. Олар жекелей және командалық жарыстарда ел намысын қорғайды. Қазақстандықтар 35 спорт түрінен жүлдеге таласады. Олардың қатарында бокс, дзюдо, күрес, жеңіл атлетика, жүзу, гимнастика, нысана көздеу, семсерлесу, теннис, үстел теннисі, волейбол және басқа да спорт түрлері бар.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Айта кетейік, бұған дейін Туризм және спорт министрлігі алдын ала құрамда 571 спортшы бар екенін хабарлаған еді. Кейін Ұлттық Олимпиада комитеті жариялаған қорытынды тізімде спортшылар саны 559 болып нақтыланды.

Құрама сапында кімдер бар?

Қазақстан құрамасының сапында халықаралық ірі жарыстарда ел намысын қорғап жүрген бірқатар тәжірибелі спортшы бар. Дзюдодан ерлер арасында Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Бақытжан Абдурахманов, Алмат Әділет, Айдар Арапов, Марат Байқамұров және Ерасыл Қажыбаев татамиге шығады. Әйелдер құрамасында Әбиба Әбужақынова, Меруерт Сәрсенова, Дана Әбдірова, Есмигүл Куюлова, Ажар Асхат, Екатерина Токарева және Аида Тойшыбекова бар.

Бокс құрамасына да елге танымал спортшылар енген. Олардың қатарында Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, сондай-ақ Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және басқа спортшылар бар.

Фото: Бокс федерациясы

Күрес түрлерінен Нұрқожа Қайпанов, Ризабек Айтмұхан, Жәмила Бақбергенова мен Эльмира Сыздықова сынға түседі. Сонымен қатар гимнастикадан Нариман Құрбанов пен Милад Карими, нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле, семсерлесуден Руслан Құрбанов пен Ерлік Сертай секілді спортшылар да Қазақстан атынан жарысқа қатысады.

Елдос Сметов бастаған тәжірибелі спортшылар

Азия ойындарына баратын құрамда Олимпиада ойындарында және әлемдік додаларда жүлде алған спортшылар аз емес. Солардың бірі – дзюдошы Елдос Сметов. Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Дзюдодан Қазақстан құрамасына барлығы 14 спортшы енген. Дзюдо бәсекелері 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді.

Құрамдағы тағы бір тәжірибелі дзюдошы – Ғұсман Қырғызбаев. Әйелдер арасында Әбиба Әбужақынова да Қазақстан атынан татамиге шығады. Бокстан Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Нұрбек және Айбек Оралбай секілді спортшылар шаршы алаңға шығады. Әйелдер құрамында Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова бар.

Күрестен Ризабек Айтмұхан, Нұрқожа Қайпанов пен Жәмила Бақбергенова да Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетеді.

Қазақстан туын кімдер ұстап шығады?

XX жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын дзюдошы Елдос Сметов пен үстел теннисінен ұлттық құрама мүшесі Сарвиноз Миркадирова ұстап шығады.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Сарвиноз Миркадирова үстел теннисінен Қазақстан құрамасының сапында сынға түседі. Онымен бірге бұл спорт түрінен Айдос Кенжеғұлов пен Санжар Жұбанов және басқа да спортшылар ел намысын қорғайды.

Ашылу салтанаты 19 қыркүйекте өтеді

XX жазғы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты 19 қыркүйекте Нагоядағы Mizuho Park Athletic Stadium стадионында өтеді. Дода 4 қазанға дейін жалғасады. Дегенмен кейбір спорт түрлеріндегі жарыстар ресми ашылу салтанатына дейін басталып кетті. Мәселен, баскетболдан Қазақстан ерлер құрамасы Азия ойындарындағы алғашқы кездесуін өткізіп үлгерді.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, құрлықтық додаға Азияның 45 елінен шамамен 15 мың спортшы қатысады деп жоспарланған. Жарыс барысында 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Жапония Азия ойындарын үшінші рет қабылдайды

Жапония жазғы Азия ойындарын осымен үшінші рет қабылдап отыр. Бұған дейін құрлықтық дода 1958 жылы Токиода, ал 1994 жылы Хиросимада өткен. Ал алдыңғы XIX жазғы Азия ойындары Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйымдастырылды. Ол додада Қазақстан атынан 523 спортшы өнер көрсетті. Биыл ұлттық құраманың саны 559 спортшыға жетіп отыр.

Фото: Olimpic.kz

Азия ойындары – төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын құрлықтағы ең ірі мультиспорттық жарыстардың бірі. Енді Қазақстан құрамасы Айти мен Нагояда өтетін додада Азияның үздік спортшыларымен сынға түседі.

Қазақстан бұған дейін Азия ойындарында қандай нәтиже көрсетті?

Қазақстан жазғы Азия ойындарына тәуелсіз ел ретінде 1994 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында қазақстандық спортшылар құрлықтық додада 637 медаль жеңіп алды. Оның 165-і – алтын, 180-і – күміс, 292-сі – қола.  Қазақстанның жалпыкомандалық есептегі ең жоғары нәтижесі – төртінші орын. Ұлттық құрама мұндай көрсеткішке төрт рет: 1994, 2002, 2006 және 2014 жылдары қол жеткізді.

Фото: Азаттық радиосы

Ал алтын медаль саны бойынша Қазақстан үшін ең табыстысы 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындары болды. Сол жолы қазақстандық спортшылар 28 алтын, 23 күміс және 33 қола – барлығы 84 медаль иеленді. Қазақстан жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады.

Қазақстан қоржынына ең көп жүлде әкелген спорт түрі – спорттық ату. Осы спорттан ел спортшылары Азия ойындарында 81 медаль жеңіп алған. Одан кейін жеңіл атлетика – 73, байдарка мен каноэде есу және ескек есу слаломы – 69, күрес – 59, бокс – 46 және дзюдо 41 медальмен келеді. 

Ханчжоудағы соңғы Азиада қалай аяқталды?

Қазақстан құрамасы соңғы рет 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарына қатысты. Ұлттық құрама сол додада 80 медаль жеңіп алды. Оның 10-ы – алтын, 22-сі – күміс, 48-і – қола. Қазақстан жалпыкомандалық есепте 11-орын алды.

Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, Ханчжоудағы 10 алтын Қазақстанның жазғы Азия ойындарына қатысу тарихындағы ең төмен көрсеткіш болды. Жалпыкомандалық есептегі 11-орын да ұлттық құраманың Азиададағы ең төмен нәтижесі ретінде тіркелді. 

 

Оқи отырыңыз

{