Ажырасқанда ипотека мен несиені кім төлейді? Заңгер түсіндірді

Ажырасқанда ипотека мен несиені кім төлейді? Заңгер түсіндірді

Ажар Лаубаева
Фото: El.kz коллажы

Ажырасқан кезде ерлі-зайыптылардың арасында тек мүлік қана емес, несие мен басқа да қаржылық міндеттемелерді бөлу мәселесі де туындайды. Әсіресе ипотека, тұтынушылық несие немесе онлайн қарыздарға қатысты дау жиі кездеседі. Мұндай жағдайда қарыз кімнің мойнында қалады? Қандай несие ортақ міндеттеме болып есептеледі? Бұл туралы заңгер Тілеужан Кішкенебаевтан сұрап көрдік. 

Ортақ қажеттілікке алынған несие – ортақ міндеттеме

Қазақстан заңнамасына сәйкес, неке кезінде алынған кез келген несие автоматты түрде ерлі-зайыптылардың ортақ қарызы болып саналмайды. Ең бастысы – қарыздың қандай мақсатқа алынғаны.

Егер несие отбасының ортақ қажеттілігіне, мысалы, тұрғын үйді жөндеуге, тұрмыстық техника алуға, емделуге немесе балалардың қажеттілігіне жұмсалса, ол ортақ міндеттеме ретінде қаралуы мүмкін.

Фото: El.kz

Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайда ажырасқаннан кейін де несиені бөлу туралы талап қоюға болады.

Ерлі-зайыптылар заңды некеде тұрған кезде алған несиесін отбасының қажетіне жұмсаған болса, ол ортақ несие болып есептеледі. Ажырасқаннан кейін де сотқа жүгініп, оны екі тарап арасында бөлу туралы талап қоюға болады, – дейді Тілеужан Кішкенебаев.

Ал егер несие жұбайлардың бірінің жеке қажеттілігіне алынып, отбасына қатысы болмаса, мұндай қарыз көбіне сол адамның жеке міндеттемесі ретінде қаралады.

Несие бір адамның атына рәсімделсе де, ортақ қарыз болуы мүмкін

Іс жүзінде несие көбіне бір жұбайының атына рәсімделеді. Алайда бұл оның міндетті түрде жеке қарызы екенін білдірмейді.

Егер қарыз отбасының мүддесіне жұмсалғаны дәлелденсе, сот оны ортақ міндеттеме ретінде тануы мүмкін. Мұндай дауларды қарау кезінде сот қарыздың қалай және қай мақсатта пайдаланылғанына назар аударады.

Дәлел ретінде банк шотының көшірмелері, төлем түбіртектері, ақша аударымдары туралы мәліметтер, сатып алынған мүлікке қатысты құжаттар, хат-хабарлар және куәлардың айғақтары ескерілуі мүмкін.

Фото: El.kz

Жұбайының келісімінсіз алынған несие қалай қаралады?

Кей жағдайда жұбайлардың бірі екіншісіне айтпай несие рәсімдеп жатады. Мұндай жағдайда сот қарыздың нақты қандай мақсатқа жұмсалғанын анықтайды.

Егер қаражат отбасының қажетіне емес, жеке мақсаттарға пайдаланылғаны дәлелденсе, қарыз жеке міндеттеме ретінде танылуы мүмкін.

2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда жұбайының келісімінсіз 1 мың айлық есептік көрсеткіштен (2026 жылы – 4 325 000 теңге) асатын кепілсіз тұтынушылық несие мен микрокредит рәсімдеуге болмайды.

Заңгер Тілеужан Кішкенебаевтың айтуынша, бұл талап ең алдымен банк пен қарыз алушы арасындағы құқықтық қатынасты реттеуге бағытталған.

Жұбайының келісімін алу талабы – банк пен клиент арасындағы мәселе. Банктер мұны өз тәуекелдерін азайту үшін енгізген. Егер үлкен сомаға несие беріліп, кейін қарыз өтелмей қалса, банк жұбайынан да өндіріп алу мүмкіндігін сақтағысы келеді. Ал ажырасқан кезде сот несиенің ортақ немесе жеке міндеттеме екенін жұбайының келісіміне емес, оның отбасының қажетіне жұмсалған-жұмсалмағанына қарап шешеді. Сондықтан келісімнің болуы немесе болмауы қарызды бөлу мәселесінде шешуші рөл атқармайды, – дейді заңгер.

Фото: El.kz

Ипотека ең күрделі мәселелердің бірі

Ажырасу кезінде ең көп дау туғызатын мәселелердің бірі – ипотека. Егер тұрғын үй ерлі-зайыптылар заңды некеде тұрған кезде ипотека арқылы сатып алынса, онда баспана да, ипотекалық міндеттеме де ортақ мүлік пен ортақ қарыз ретінде қарастырылуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайда банктің де келісімі қажет, өйткені несие шарты банкпен жасалған.

Тілеужан Кішкенебаевтың айтуынша, сот ипотеканы да ерлі-зайыптылар арасында бөлу мәселесін қарай алады.

Некеде тұрған кезде алынған ипотекалық тұрғын үй де, оған байланысты несие де ортақ болып есептелуі мүмкін. Мысалы, алғашқы жарнаны бір тарап төлеп, кейін ай сайынғы төлемдер отбасының ортақ қаражатынан өтелсе, сот осының барлығын ескеріп, тараптардың үлесін анықтайды, – дейді ол.

Ал егер ипотека неке қиылғанға дейін рәсімделсе, негізгі қарыз сол адамның жеке міндеттемесі болып қала береді. Дегенмен неке кезінде ипотека отбасының ортақ табысынан төленген болса, екінші жұбайы сол төлемдердің бір бөлігін өтеуді талап ете алады.

Фото: El.kz

Тең қарыз алушы мен кепілгердің жауапкершілігі сақталады

Көп жағдайда ерлі-зайыптылардың бірі екіншісінің несиесіне тең қарыз алушы немесе кепілгер болады.

Мұндай жағдайда ажырасу банк алдындағы міндеттемеден босатпайды. Егер негізгі қарыз алушы несиесін өтей алмаса, банк тең қарыз алушыдан немесе кепілгерден де берешекті өндіріп алуға құқылы.

Егер ерлі-зайыптылардың бірі несие бойынша кепілгер немесе тең қарыз алушы болса, банк қарызды екі тараптан да талап ете алады. Сондықтан мұндай міндеттемелер ажырасқаннан кейін де сақталады, – дейді заңгер.

Ажырасқан кезде нені ескерген жөн?

Мамандардың айтуынша, ажырасқаннан кейін банк алдындағы міндеттемелер өздігінен жойылмайды. Несие шарты өзгертілмейінше немесе қайта рәсімделмейінше, банк келісімшартта көрсетілген қарыз алушыдан төлем талап етеді.

Сондықтан ерлі-зайыптылар қарызды бөлуге қатысты барлық келісімді ресми түрде рәсімдегені жөн. Бұл мүлікті бөлу туралы келісім арқылы, сот шешімімен немесе банкпен несие шартын қайта рәсімдеу арқылы жүзеге асырылады.

Заңгердің айтуынша, болашақта дау туындамас үшін несие қандай мақсатқа алынғанын және оның қалай жұмсалғанын растайтын құжаттарды сақтап жүрген дұрыс. Бұл сотта қарыздың ортақ немесе жеке міндеттеме екенін анықтауда маңызды рөл атқарады.

Оқи отырыңыз

{