Азаматтардың өмір сапасы сайлау күн тәртібінің басты басымдығы – «Sarap» сарапшылары

Азаматтардың өмір сапасы сайлау күн тәртібінің басты басымдығы – «Sarap» сарапшылары

Аян Қайырбаев
Фото: gov.kz

2026 жылғы 14 тамызда Астана қаласында Қазақстандық қоғамдық даму институты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Адам және оның өмір сүру сапасы: сайлау күн тәртібіндегі басымдықтар» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының отырысын өткізді.

Іс-шараға денсаулық сақтау және білім беру жүйесі ұйымдарының, салалық және кәсіби бірлестіктердің басшылары мен өкілдері, академиялық және ғылыми-зерттеу қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ экономика және адами капитал саласындағы сарапшылар қатысты.

Кездесу барысында сарапшылар азаматтардың өмір сүру сапасына және бұл мәселенің партиялық, қоғамдық және ақпараттық күн тәртібінде көрініс табуына қатысты негізгі мәселелерді талқылады. Пікірталас азаматтардың әл-ауқат деңгейіне және мемлекеттік саясаттың тиімділігін бағалауға тікелей әсер ететін халық үшін аса маңызды салалар - денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау мәселелері аясында өрбіді.

Қолданыстағы басымдықтардың жаңа Конституцияның әлеуметтік құндылықтары мен сайлау күтулеріне қаншалықты сәйкес келетініне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар сарапшылар ұйымдастырылған үш теледебат барысында саяси партиялар көтерген әлеуметтік мәселелердің мазмұнына және сайлау күні экзитполдарды сапалы өткізудің маңыздылығына тоқталды.

Отырысты ашқан Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова  «Жаңа Конституцияда адам дамуы мен оның өмір сапасын арттыру мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалды. Сондықтан бүгінгі сайлау бәсекесі, ең алдымен, партиялық бағдарламалардың азаматтардың нақты сұраныстарына қаншалықты жауап беретіні және халықтың табысын арттыру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мен білім беру салаларында қандай нақты шешімдер ұсынатыны тұрғысынан бағалануға тиіс» – деп атап өтті.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Жанар Санхаева «Жаңа Конституцияның адамға бағдарланған сипатының арқасында мемлекеттік саясаттың сапасы азаматтардың мүмкіндіктері қаншалықты кеңейіп, өмір сүру сапасы қаншалықты жақсаратынымен өлшенеді. Бұл үрдістерді қазір сайлаушылардың нақты саяси таңдауы қалыптасатын неғұрлым кемел кезеңге өтіп жатқан сайлау үдерісінен де байқауға болады. Осыған орай партиялардың міндеті – қоғамның әлеуметтік сұраныстарын негізге ала отырып, халықпен жүргізілетін сайлауалды диалогті тұрақты қолдауға ұластыру. Сол себепті, ҚСЗИ сауалнамасының нәтижесі бойынша респонденттердің 44%-дан астамы партия бастамаларына оң баға беруді оны таңдауға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі ретінде атауы кездейсоқ емес» - деп пікір білдірді.

Назарбаев Университетінің вице-президенті, PhD Гүлмира Қанай білім беру мен адами капиталдың азаматтардың өмір сапасын арттырудағы рөліне ерекше назар аударды: «Еліміз тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр. Жаңа саяси институт Құрылтайды қалыптастыру арқылы біз жаңа саяси күн тәртібін айқындауға мүмкіндік алдық. Сонымен бірге бұл кезең баршамызға зор жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік саясат пен саяси басымдықтардың тиімділігі олардың азаматтардың өмір сапасын қаншалықты жақсарта алатынына қарай бағалануға тиіс. Мемлекет салатын әрбір инвестиция, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы қажет. Білім беру саласының өкілі ретінде Конституцияның 3-бабының 2-тармағында адами капиталды, білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік басымдықтар ретінде бекітілуін тарихи маңызы зор жетістік деп санаймын. Сондықтан болашақ Құрылтай осы бағыттарды жүйелі түрде қолдау мен қаржыландырудың ұзақмерзімді перспективаларына ерекше назар аударуы маңызды».

Қоғам қайраткері, әлеуметтік-экономикалық саясат мәселелері жөніндегі сарапшы Назгүл Мақжан азаматтардың өмір сапасын айқындайтын негізгі мәселелерге тоқталды:«Елімізде қандай реформа жүргізілсе де, адамды ең алдымен күнделікті өміріне тікелей қатысты нақты мәселелер толғандырады: үйінің жанында мектеп бола ма, сырқаттанған жағдайда қолжетімді медициналық көмек ала ала ма? Саяси бағдарламаларды зерделеу барысында мен бір ортақ үрдісті байқадым: денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік сала бір-бірінен бөлек үш бағыт ретінде емес, адамның өмір сапасын қалыптастыратын біртұтас жүйе ретінде қарастырылады. Бұл бүгінде адами капиталды дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын көрсетеді».

Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібай денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы мен медициналық қызмет сапасын айқындайтын факторларға назар аударды: «23 тамыз - еліміздің әлеуметтік даму бағытын айқындайтын шешуші сәт. Біз елдегі жеті саяси партияның денсаулық сақтау саласын реформалауға қатысты бағдарламалық құжаттарын талдадық. Медицина саласының негізгі сын-қатерлері мен міндеттері жөнінде қоғамда толық ортақ ұстаным қалыптасқаны анық байқалады. Азаматтық қоғамның бұл сұраныстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағытымен толық үндеседі. Президент ауылдық медицинаны ауқымды жаңғырту, үдерістерді толық цифрландыру, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру және олардың құқықтарын заңнамалық тұрғыдан қорғау жөнінде нақты міндеттер қойды».

Денсаулық сақтау саласының сарапшысы Жаннұр Қалиғожин «Жаңа Конституция әлеуметтік күн тәртібін жүзеге асырудағы мемлекеттің рөлі мен жауапкершілігін едәуір күшейтеді. Қазіргі сайлау науқаны аясында жаңа конституциялық модельдің іргелі институттары қалыптасып келеді. Бұл ретте адами капиталды дамыту негізгі басымдықтардың біріне айналуда. Бүгінде қазақстандықтар үшін денсаулық сақтау саласына қанша қаражат бөлінетіні ғана емес, азаматтардың қолжетімді медициналық көмекті дер кезінде алуы, уақтылы тексеруден өтуі және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі де маңызды. Сонымен қатар медицина кадрларын сапалы даярлауға және олардың кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аудару қажет» - деді.

Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығының зерттеуші, әлеуметтану бойынша PhD кандидат Азат Мұхамедиев «Жаңа конституциялық модельдің негізгі институттары қалыптасып жатқан қазіргі сайлау кезеңі қарқынды әрі серпінді өтуде. Бұған қоғамның кең қызығушылығын тудырған теледебаттар сериясы, партиялар арасындағы мазмұнды пікірталас және әлеуметтанулық зерттеулердің белсенді жүргізілуі ықпал етуде. Мұның барлығы сайлау үдерісінің ашықтығы мен бәсекелестігін арттырып, оны азаматтардың нақты сұраныстарына бағдарлауға мүмкіндік береді» - деп айтты.

Алдағы саяси кезеңді талқылау барысында Еуразиялық интеграция институтының Әлеуметтанулық зерттеулер департаментінің басшысы Гүлден Емішева Қазақстанда және шет елдерде экзитпол жүргізудің ерекшеліктеріне тоқталды: «Экзитпол - дауыс беру күні азаматтардың электоралдық таңдауын анықтауға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Ол алдын ала нәтижелерді жедел ұсыну мүмкіндігімен құнды әрі дауыс беру қорытындысын болжаудың тиімді әдісі саналады. Сонымен қатар экзитпол нәтижелері арқылы азаматтардың электоралдық мінез-құлқын жас, жыныс және этностық ерекшеліктер тұрғысынан талдауға болады. Бұған дейін институтымыз барлық әдіснамалық талаптарды сақтай отырып, үш ауқымды экзитпол өткізді. Олардың қатарында 2023 жылғы парламенттік сайлау, сондай-ақ 2024 және 2026 жылдары өткен екі референдум бар. Қазіргі уақытта 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына орай экзитпол жүргізуге дайындық жұмыстары жалғасуда».

Тақырыпты жалғастырған Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев «Экзитполдардың рөлі ерекше. Бір жағынан, бұл әлемнің жетекші демократиялық елдерінде кеңінен қолданылатын, дауыс беру күні сайлаушылардың электоралдық таңдауын жедел анықтауға мүмкіндік беретін құрал. Екінші жағынан, экзитпол сайлау нәтижелерін бағалаудың балама көрсеткіші ретінде үдерістің ашықтығын арттырып, қоғамдық бақылауды күшейтеді. Сондықтан экзитполды Еуразиялық интеграция институты секілді кәсіби ұйымдардың жүргізуі аса маңызды. Өйткені мұндай сауалнамада ұсақ-түйек болмайды. Респонденттерді іріктеу, сауалнама географиясы және қатысушылардың психологиялық жайлылығы секілді әрбір фактордың маңызы зор. Бір күннің ішінде объективті деректер жинау үшін мол тәжірибе мен тыңғылықты дайындық қажет» - деп ой толықтырды.

Кездесу қорытындысы бойынша сарапшылар саяси партиялардың азаматтардың әлеуметтік сұраныстарын жүйелі түрде ескеру, кері байланыс тетіктерін жетілдіру және қоғамдық-саяси күн тәртібін қалыптастыру барысында сенімді әлеуметтанулық деректерді пайдалануы қажет екенін атап өтті. Қатысушылар халықтың әл-ауқаты мен адами капиталды дамыту мәселелері бойынша ашық сараптамалық диалог жүргізу қоғамның нақты қажеттіліктеріне сай тиімді шешімдер қабылдауға ықпал ететінін айтты.

Оқи отырыңыз

{