10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихыҚазақстан халқы біртіндеп қартаюда. Соңғы бес жылда тұрғындардың орташа жасы 31,9-дан 32,5 жасқа дейін өсті. Сонымен қатар 42 жастан асқан тұрғындар арасында әйелдердің үлесі ерлерден басым. Ал ең жас буынның саны азайып келеді. Бұл үрдістер елдегі демографиялық құрылымның өзгеріп жатқанын көрсетеді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2021 жылы Қазақстан халқының орташа жасы 31,9 болса, 2025 жылы 32,5 жасқа жеткен. Әйелдердің орташа жасы ерлерге қарағанда жоғары. 2025 жылы ерлердің орташа жасы 30,9, әйелдердікі 34,1 болды. Яғни айырмашылық үш жылдан асқан.
2026 жылдың басында Қазақстанда шамамен 10 миллион ер адам және 10,5 миллион әйел тұрған. Орта есеппен әрбір 100 әйелге 96 ер адамнан келеді.
42 жастан кейін әйелдердің саны басым
Қазақстанда ұл балалар қыздарға қарағанда көбірек дүниеге келеді. Мәселен, тоғыз жасқа дейінгі балалар арасында әрбір 100 қызға шамамен 106 ұл баладан келеді. Сондай-ақ 20–29 жас аралығында ерлердің саны әйелдерден сәл жоғары.
Алайда 42 жастан бастап бұл арақатынас өзгереді. Осы жастан асқан топтарда әйелдердің саны ерлерден басым бола бастайды. Ал егде жастағы тұрғындар арасында айырмашылық айтарлықтай ұлғаяды.
Мәселен, Қазақстанда 65 жастан асқан шамамен 740 мың ер адам және 1,24 миллионға жуық әйел тұрады. Яғни бұл жас тобында әйелдердің саны ерлерден жарты миллионға жуық артық.
80 жастан асқан тұрғындар арасында 86 мыңға жуық ер адам болса, әйелдердің саны 212 мыңнан асады. Ал 100 жастан асқан қазақстандықтардың арасында 284 ер адам және 1 039 әйел бар.
Мұның басты себебі – ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығындағы айырмашылық. 2025 жылы әйелдердің күтілетін өмір сүру ұзақтығы 79,8 жыл болса, ерлерде бұл көрсеткіш 72,19 жылды құраған. Арадағы айырмашылық – 7,61 жыл.
Осылайша, дүниеге ұл балалар көбірек келгенімен, ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда қысқа. Сондықтан егде жастағы тұрғындар арасында әйелдердің үлесі басым.
Қазақстан халқының қартаюы жеделдеп келеді
Демографиялық өзгерістің тағы бір белгісі – 65 жастан асқан тұрғындар үлесінің артуы. 2009 жылы бұл санаттағы азаматтар Қазақстан халқының 7,1 пайызын құраған. 2020 жылы көрсеткіш 7,7 пайызға жетсе, 2026 жылдың басында 9,6 пайыз болған.
Демографияда халықтың қартаю деңгейін бағалаудың кең тараған өлшемдерінің бірі – 65 жастан асқан тұрғындардың жалпы халық санындағы үлесі. Бұл көрсеткіш 7 пайыздан асқан кезде ел халқы қартаю кезеңіне өтті деп есептеледі. Қазақстан бұл межеден 2009 жылға дейін-ақ асқан. Содан бері егде жастағы тұрғындардың үлесі тұрақты өсіп келеді.
Халықтың жас құрылымын бағалайтын тағы бір көрсеткіш – қартаю индексі. Ол 65 жастан асқан адамдар санының 15 жасқа дейінгі балалар санына қатынасын көрсетеді.
2025 жылы Қазақстандағы қартаю индексі 32,9-ға жеткен. Басқаша айтқанда, әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 33 адамнан келген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 31,1 болған.
Ең жас балалардың саны азайып барады
Қазақстанның демографиялық құрылымындағы өзгерістер халықтың жас пирамидасының төменгі бөлігінен де байқалады. Яғни кейінгі жылдары дүниеге келген балалардың саны алдыңғы буындармен салыстырғанда азайған.
2026 жылдың басында елдегі ең көп бір жастағы топ төрт жастағы балалар болған. Олардың саны 441 150 адамға жеткен. Ал бір жасқа толмаған сәбилер саны 330 819 болған. Демек бір жасқа толмаған балалардың саны төрт жастағы балалардан шамамен 110 мыңға немесе төрттен біріне аз.
Әзірге 2022 жылдан кейін байқалған туу көрсеткішінің төмендеуі негізінен төрт жасқа дейінгі балалар тобынан көрініп отыр. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, оның алғашқы әсері балабақшалар мен мектептерде сезілуі мүмкін. Кейін бұл өзгеріс колледждерге, жоғары оқу орындарына және еңбек нарығына да ықпал етеді.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстанда шамамен 332 мың бала дүниеге келген. Демографтар туу көрсеткішінің төмендеуін тек отбасылардың материалдық жағдайымен байланыстырмайды. Оған урбанизация, әйелдердің білім деңгейі мен жұмыспен қамтылуының артуы, сондай-ақ өмірлік басымдықтардың өзгеруі де әсер етеді.
Бұған дейін 2026 жылдың басында Қазақстанда 60 жастан асқан 2,9 миллионнан астам адам тұрғаны хабарланған еді. Бұл ел халқының 14,2 пайызына тең. Олардың 465,3 мыңы еңбек қызметін жалғастырып келеді.
Жалпы, халықтың орташа жасының 31,9-дан 32,5-ке өсуі аз ғана өзгеріс болып көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында бірнеше маңызды демографиялық үдеріс жатыр: егде жастағы тұрғындардың үлесі артып, 42 жастан асқан топтарда әйелдер саны басым бола бастаған. Сонымен бірге кейінгі жылдары дүниеге келген балалар саны да азайып келеді. Бұл өзгерістер алдағы уақытта елдің әлеуметтік саясатына, білім беру жүйесіне және еңбек нарығына әсер етуі мүмкін.
10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер5 Қараша, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді