Кеше, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңызБұрын қазақ тұрмысында кең қолданылған сырмақ, текемет, түскиіз бен қоржын бүгінде заманауи үлгіде қайта жаңғырып жатыр. Қолөнер шеберлері дәстүрлі бұйымдардың пішіні мен дизайнын өзгертіп, оларды қазіргі интерьерге және қыз жасауына бейімдеп жүр. Солардың бірі – тараздық қолөнер шебері, «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанова.
Анар Бексұлтанова қолөнерге он жылдан астам уақытын арнаған. Туа біткен екі қолы жоқ шебер тігін тігуді аяғымен меңгеріп, кейін қыз жасауын дайындайтын жеке кәсібін ашқан. Уақыт өте өз ісін дамытып қана қоймай, айналасына қолөнермен айналысатын әйелдерді біріктіріп, «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігін құрды. Бүгінде ол ұлттық қолөнерді дәріптеп, қыз-келіншектерді кәсіпке баулып жүр.
El.kz тілшісіне берген сұхбатында Анар Бексұлтанова ұлттық бұйымдардың бүгінгі қолданысы, сырмақ пен түскиіздің заманауи үлгілері, қыз жасауындағы өзгерістер және қол еңбегінің бағасы туралы айтып берді.
Киіз заманауи интерьерге еніп жатыр
Анар Бексұлтанованың айтуынша, ұлттық бұйымдарды тек көрмелер мен этнографиялық бұрыштарда көрсетіп қою жеткіліксіз. Оларды бүгінгі тұрмысқа қайта енгізу маңызды. Мәселен, кезінде киіз көбіне төсеніш ретінде пайдаланылса, қазір шеберлер одан қабырғаға ілетін сәндік бұйымдар жасап жүр. Дәстүрлі материал мен ою-өрнек сақталғанымен, оның пішіні мен қолданылу тәсілі қазіргі интерьерге бейімделген.
Бұрын киіз аяқтың астында жататын. Қазір оны заманауи үлгіде жасап, әр үйдің төрінде ілініп тұрса дейміз. Қай бөлмеге, қай жерге ілсеңіз де, көзге жылылық береді. Бұл – біздің қазақылығымыз, оны ұмытпауымыз керек, – дейді Анар Бексұлтанова.
Шебердің пікірінше, қазір үй интерьерінде шетелдік кілемдер мен түрлі сәндік бұйымдар көп болғанымен, қазақтың сырмағы, текеметі мен түскиізіне де орын табуға болады.
Неге сырмақтар жатпасқа? Неге кілемдердің, картиналардың орнына әдемі киіздерімізден осындай дүние жасап, қайта ілмеске? Ата-бабаларымыз оны күнделікті тұрмыста пайдаланған. Біз де соны қайтадан енгізуіміз керек. Біздің басты мақсатымыз – сол, – дейді ол.
Айша бибі кесенесінің өрнегі түскиізге түскен
Шеберлер көне бұйымдарды сол қалпында қайталаумен шектелмейді. Дәстүрлі қолөнерге жаңа идея қосып, өңірдің тарихи және табиғи ерекшеліктерін де бұйымдарға енгізіп жүр. Соның бірі – құрақ, мата мен киізді үйлестіріп жасалған «Қызғалдақтар алқабы» атты түскиіз. Ал тағы бір туындыға Айша бибі кесенесіндегі өрнекті кірпіштер арқау болған. Кесенедегі пішіндер матаны құрақтап тігу арқылы бейнеленген.
Мықты шебер кірпішті де, керамиканы да, темірді де матада басқа түрде көрсете алады. Соның дәлелі – Айша бибі түскиізі, – дейді Анар Бексұлтанова.
Оның айтуынша, бұйымдарда Жамбыл өңіріне тән қызғалдақ бейнесі де қолданылады. Осылайша шеберлер бір туындының өзінде ұлттық ою-өрнек, жергілікті табиғат пен тарихи мұраны ұштастыруға тырысады.
Бір сырмақ қалай жасалады?
Дайын бұйымға қарап, оның артында қанша еңбек жатқанын аңғару қиын. Анар Бексұлтанованың сөзінше, сырмақ жасау бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен қажетті түстердегі киіз жеке-жеке басылады. Кейін оның бетіне ою сызылып, қиылады. Түрлі түсті оюлар бір-біріне мозаика секілді құрастырылып, арасы тігіледі. Одан кейін бұйымның беті алажіппен көмкеріліп, сырылып шығады. Астыңғы жағына тұтас киіз салынады.
Текеметтің жасалу тәсілі өзгеше. Оның оюлары алдын ала әзірленіп, жүннің үстіне орналастырылады. Кейін сулап, орап, илеп басу арқылы біртұтас бұйым жасалады. Анар Бексұлтанова кезінде тұрмыстың ажырамас бөлігі болған мұндай дүниелердің қазір күнделікті қолданыста сирек кездесетініне назар аударады. Сондықтан шеберлер сырмақ пен текеметті тек ұлттық мұра ретінде сақтап қана қоймай, қайтадан тұрмысқа енгізуді көздейді.
«Балалар түскиіздің не екенін білуі керек»
«Шебер шаңырақ» бірлестігінде түрлі жастағы қыз-келіншектер қолөнермен айналысады. Бірі бар уақытын осы кәсіпке арнаса, енді бірі бала тәрбиесі мен үй шаруасынан қолы босағанда бұйым жасайды. Анар Бексұлтанованың пікірінше, ұлттық қолөнерді сақтаудың бір жолы – балаларды кішкентайынан оның атауларымен таныстыру.
Балаға «мынау – сырмақ, мынау – текемет, мынау – киіз, мынау – қоржын, мынау – түскиіз» деп көрсетіп, айтып отырсақ, ол міндетті түрде жаттайды. Біз де солай жаттап өстік. Инновация жақсы, креатив жақсы. Дегенмен түп-тамырымызды ұмытпауымыз керек, – дейді шебер.
Ол көрме, фестиваль мен жәрмеңкелердің де қолөнерді дәріптеудегі рөліне тоқталды. Мұндай алаңдар шеберлерге өз жұмысын көпшілікке таныстырып қана қоймай, тәжірибе алмасуға және жаңа идеялар табуға мүмкіндік береді.
Қыз жасауы да өзгеріп жатыр
Дәстүр мен қазіргі талғамның тоғысуы қыз жасауынан да байқалады. Мәселен, бұрын қоржын жабық болып, ішіне салынған заттар сырттан көрінбейтін. Қазір оның мөлдір бөлігі бар заманауи нұсқалары пайда болған. Осылайша ішіне салынған кәдесыйлар мен басқа да бұйымдар көрініп тұрады. Көрпеше мен жастықтың санына қатысты да бұрынғыдай бір ғана қалып жоқ. Әр отбасы жасау құрамын мүмкіндігі мен қалауына қарай таңдайды.
Біреу сегіз апарамын десе де, он апарамын десе де, жеті немесе үш апарамын десе де – әркімнің өзінің қалтасына, таңдауына байланысты, – дейді Анар Бексұлтанова.
Шебер дайындайтын толық қыз жасау жиынтығының бағасы 300 мың теңгеден басталады. Оның құрамына алты жамылғы көрпе, төрт көрпеше, төрт жастық, құдаларға арналған жиынтық және жас жұбайларға арналған арнайы бұйымдар кіреді.
Тапсырыс берушінің талғамына қарай дизайн да өзгереді. Бірі минималистік үлгіні қаласа, енді бірі дәстүрлі қанық түстер мен ою-өрнекті таңдайды. Жұмыстың күрделілігіне қарай бағасы да арта түседі.
Қолдан жасалған кілем неге 300-400 мың теңге тұрады?
Ұлттық нақыштағы ірі киіз бұйымдарының бағасы бірнеше жүз мың теңгеге жетуі мүмкін. Анар Бексұлтанова мұны ең алдымен оған жұмсалатын уақыт пен қол еңбегінің көлемімен түсіндіреді. Кейбір күрделі жұмыстарды жасауға бір айға жуық уақыт кетеді. Әр түстегі киіз бөлек басылып, оюлары қолмен әзірленеді. Әсіресе симметриялы композицияда әр бөлшектің орнын дәл келтіру маңызды.
Бұл – жеке, эксклюзивті дүние. Басқа жерде дәл осындай бұйым жоқ. Бұл фабрикадан күніне көп данамен шығатын зат емес. Оның дизайнына, жасалуына қаншама уақыт кетеді. Оюларының өзі дайын болмайды, – дейді шебер.
Оның айтуынша, мұндай жұмыстың бағасын тек жұмсалған материалдың құнымен есептеу дұрыс емес. Бағаға бұйымды ойластыру, дизайн әзірлеу, киіз басу, ою түсіру және бірнеше аптаға созылатын қол еңбегі де кіреді. Анар Бексұлтанованың өзі де осы өнерді кәсіпке айналдырып қана қойған жоқ. Бүгінде ол айналасына басқа шеберлерді біріктіріп, ұлттық қолөнердің жаңа буынға жетуіне үлес қосып жүр.
Кеше, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?10 Қыркүйек, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды