Атырау облысында болған аса ауыр қылмысқа қатысты алдын ала сот отырысы өтіп жатыр. Елді дүр сілкіндірген Жангелдин ауылындағы болған оқиға қоғам назарынан түспей тұр. Басты күдікті ретінде танылған Сұлтан Сәрсемалиев сотта өз кінәсін толық мойындайтынын айтып, кез келген жазаға дайын екенін мәлімдеді.
Сот барысында ол отбасындағы ұзаққа созылған жанжалдар мен психологиялық қысым туралы айтты. Күдіктінің сөзінше, әйелінің туыстары олардың арасына түсіп, екеуін ажыратуға тырысқан.
Соңғы сәтке дейін отбасымды сақтап қалуға тырыстым. Бірақ моральдық-психологиялық тұрғыда әбден қажыдым. Маған үнемі қысым көрсетілді, қорқытты. Жасаған ісім үшін тағайындалатын кез келген ауыр жазаға дайынмын. Тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасынан да қашпаймын. Мен мұндай қадамға бір күнде келген жоқпын. Әйеліммен 10 жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Егер арамызда әу бастан түсініспеушілік болса, бес баламыз дүниеге келмес еді, осынша жыл бірге тұрмас едік. Алайда уақыт өте келе әйелімнің туыстары отбасымызға шектен тыс араласып, ара-қатынасымызға әсер ете бастады. Біз айырылғымыз келмесе де, қысым тоқтаған жоқ, – деді Сәрсемалиев сотта.
Қылмыс қалай ашылды?
Еске сала кетейік, жантүршігерлік оқиға 2026 жылдың 6 қаңтарында болды. Сол күні Жангелдин ауылында зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйіті табылды. Кейін белгілі болғандай, олардың денесі өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық құрылысының астына жасырылған.
Бұл ақпарат қоғамда үлкен резонанс туғызып, құқық қорғау органдары шұғыл түрде ауқымды тергеу жұмыстарын бастаған.
Тергеу барысында марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев негізгі күдікті ретінде танылды. Оған Қылмыстық кодекстің бірнеше ауыр бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда:
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті марқұмдардың мүлкін иемденіп, олардың малын заңсыз сатып жіберген болуы мүмкін.
Қылмыстан кейін Сұлтан Сәрсемалиев пен іс бойынша тағы бір күдікті Ақбаян Мұқанғалиева Қазақстаннан кетіп қалған. Оларға халықаралық іздеу жарияланып, 2026 жылдың 24 ақпанында Индонезияның Сенару ауылындағы қонақүйлердің бірінде ұсталған. Кейін екеуі Қазақстанға экстрадицияланды.
Кейінгі тергеу кезінде іс бұдан да күрделене түсті. Құқық қорғаушылар тағы екі адамның – Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабалинаның да мәйітін анықтады.
Күдікті Сәрсемалиев олардың денесін көмген орынды өзі көрсеткен. Марқұмдардың мәйіті Атырау қаласы маңындағы Геолог ықшамауданынан табылған. Тергеу мәліметінше, олар күдікті бұрын жалға алып тұрған үйдің ауласына көмілген.
Сондай-ақ Сұлтан Сәрсемәлиев алқабилер сотынан бас тартатынын айтты.