30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақстан соңғы бірнеше онжылдықтағы ең ауқымды инвестициялық кезеңдердің біріне аяқ басып отыр. Бұл үдерісте энергетика саласының үлесі айрықша. Tradereport Telegram-арнасының есебінше, құны 1 млрд доллардан асатын 13 мегажобаның бесеуі тікелей энергетика саласына тиесілі.
Аталған бес жобаның жалпы құны 66 млрд доллардан асады. Бұл тізімдегі барлық мегажобаға салынатын инвестицияның жартысынан көбі. Алайда олардың жүзеге асу деңгейі, географиясы мен қаржыландыру көздері әртүрлі.
Қазіргі уақытта жел электр станцияларының құрылысы өзгелерінен озық тұр. Атом электр станциясы қаржыландыру және дайындық кезеңіне жақындаса, ең қымбат жоба – Маңғыстаудағы жасыл сутегі кешені әзірге жоспар күйінде қалып отыр.
Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясы
Үлкен ауылы маңында салынатын «Балқаш» атом электр станциясының құны 16,4 млрд долларға бағаланып отыр. Оның 14,4 млрд доллары энергоблоктардың құрылысына жұмсалмақ. Қалған қаражат инфрақұрылымға, қауіпсіздік жүйелеріне және кепілдік кезеңіндегі ядролық отынға бағытталады.
Жобаның бас мердігері – ресейлік «Росатом». Құрылыс құнының негізгі бөлігі Ресей тарапынан берілетін несие есебінен қаржыландырылса, 15 пайызын Қазақстан үкіметі өз қаражатынан өтейді.
Үлкен ауылындағы инженерлік іздестіру жұмыстары 2025 жылдың тамызында басталды. Негізгі құрылысқа 2027 жылы кірісу жоспарланып отыр. Ал АЭС-ті 2035-2036 жылдары пайдалануға беру көзделген.
Ең қымбат әрі болашағы әзірге бұлыңғыр жоба
Маңғыстау облысында жүзеге асырылуы жоспарланған Hyrasia One кешенінің құны 40-50 млрд долларға бағаланады. Бұл – энергетика саласындағы ғана емес, аталған 13 мегажобаның ішіндегі ең қымбаты.
Жобаны герман-шведтік Svevind компаниясы әзірлеп жатыр. Компания 2023 жылдан бері норвегиялық мемлекеттік Statkraft құрамына кіреді. Жоба жел мен күн энергиясын пайдалану арқылы жасыл сутегі өндіруді көздейді.
Hyrasia One туралы алғаш рет 2021 жылы жарияланған. Содан бері жобаны іске асыру мерзімі бірнеше рет өзгерді. Алдын ала жобалау кезеңі аяқталғанымен, түпкілікті инвестициялық шешім 2026 жылы қабылданады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары әзірге басталған жоқ.
Жамбыл облысында екі ірі жел паркі салынып жатыр
Энергетикалық мегажобалардың арасында құрылыс кезеңіне нақты өткендері – Жамбыл облысындағы екі жел электр станциясы.
БАӘ-нің Masdar компаниясы қуаты 1 ГВт болатын жел паркін салуға 1,4 млрд доллар инвестиция салмақ. Оның құрылысы 2026 жылдың жазында ресми түрде басталды.
Франциялық TotalEnergies компаниясы да өңірде қуаты 1 ГВт болатын «Мирный» жел электр станциясын жүзеге асырып жатыр. Құны 1,1 млрд доллар болатын нысан Мойынқұм ауданында салынып жатыр.
Екі жоба толық іске қосылғанда Жамбыл облысында жалпы қуаты 2 ГВт болатын жасыл энергия көзі пайда болады. Бұл елдің оңтүстігіндегі электр энергиясына деген тапшылықты азайтуға елеулі үлес қоса алады.
Созақтағы газ жобасы бастапқы кезеңде
Құны 7,8 млрд долларға бағаланған Созақтағы дәстүрлі емес газ кен орнын игеру жобасы әзірге бастапқы сатыда. Жобаға қытайлық Geo Jade Petroleum компаниясы серіктес ретінде қатысады.
Қазіргі уақытта тараптар меморандум жасасып, алғашқы геологиялық барлау жұмыстарына кіріскен. Сондықтан бұл – аталған энергетикалық жобалардың ішіндегі жүзеге асу деңгейі ең төмен бастамалардың бірі. Нақты құрылыс жұмыстарына дейін әлі бірнеше кезеңнен өту қажет.
Қай жобалар нақты жүзеге асып жатыр?
Құны ондаған миллиард долларға бағаланған бес энергетикалық мегажобаның әзірге екеуінде ғана нақты құрылыс жүріп жатыр. Олар – Masdar және TotalEnergies компанияларының Жамбыл облысындағы жел электр станциялары.
Атом электр станциясы дайындық және қаржыландыру кезеңіне жақындағанымен, негізгі құрылысты 2027 жылы бастау жоспарланған.
Ал Маңғыстаудағы Hyrasia One жасыл сутегі кешені мен Созақ газ жобасы әзірге жоспарлау және бастапқы дайындық сатысында. Оларды іске асыру бірқатар инвестициялық және ұйымдастырушылық шешімдерге байланысты.
Осылайша, Қазақстан энергетикасына бағытталған инвестиция көлемі айтарлықтай болғанымен, жобалардың іске асу қарқыны әркелкі. Жел энергетикасында құрылыс басталып кетсе, атом энергетикасы нақты дайындық кезеңіне өтті. Ал жасыл сутегі мен дәстүрлі емес газ бағытындағы ауқымды бастамалардың нақты нәтижесін көру үшін әлі уақыт қажет.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды