Ата-ананың смартфонға тәуелділігі балаға да әсер етеді – зерттеу

Ата-ананың смартфонға тәуелділігі балаға да әсер етеді – зерттеу

Аян Қайырбаев
Фото: Unsplash

Қазіргі таңда смартфон өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Жұмыс, оқу, байланыс, жаңалық оқу немесе әлеуметтік желіге кіру – мұның бәрі бір құрылғының ішінде. Алайда технологияның қолайлылығы отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа да әсер ете бастағаны байқалады. Соңғы ғылыми зерттеулер ата-ананың телефонға шамадан тыс көңіл бөлуі жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайына ықпал етуі мүмкін екенін көрсетіп отыр.

Балалар ең алдымен назарды қажет етеді

Психологтардың айтуынша, бала үшін ата-ананың көңіл бөлуі – оның өзін қауіпсіз әрі маңызды сезінуінің негізгі шарты. Әңгімелесіп отырған кезде ата-ананың телефонға қайта-қайта үңілуі немесе баланың сөзін бөліп, хабарламаға жауап беруі жасөспірімнің өзін елеусіз қалғандай сезінуіне себеп болуы мүмкін.

Frontiers in Psychology журналында жарияланған зерттеуде 12-17 жас аралығындағы 600-ге жуық жасөспірімнің пікірлері сараланған. Ғалымдар ата-анасының смартфонға жиі алаңдайтынын айтқан балалардың эмоционалдық қиындықтарды көбірек бастан кешіретінін анықтаған.

Зерттеу барысында жасөспірімдерге ата-аналарының оларды телефонның кесірінен елемейтіні, мұқият тыңдамайтыны немесе экранға көбірек уақыт бөлетіні туралы сұрақтар қойылған.

Нәтижесінде өзін назардан тыс қалғандай сезінетін балалардың екі түрлі мінез-құлық үлгісі байқалған. Бір бөлігі ата-анасының махаббаты мен қолдауын үнемі іздеуге бейім болса, екіншілері керісінше, жақын қарым-қатынастан қашқақтап, эмоциялық тұрғыдан алыстай бастаған.

Мамандар мұндай өзгерістер жасөспірімнің өзіне деген сенімі мен болашақтағы әлеуметтік қарым-қатынасына да әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Фото: Unsplash

Бұл смартфонның тікелей кінәсі ме?

Зерттеу авторлары маңызды жайтты атап өтеді: бұл жұмыс смартфондардың міндетті түрде эмоционалдық мәселелердің себебі екенін дәлелдемейді.

Керісінше ата-анасымен қарым-қатынасы бұрыннан күрделі болған жасөспірімдер кез келген назардың жетіспеуін анағұрлым ауыр қабылдауы мүмкін. Соған қарамастан, зерттеуде анықталған байланыс мамандардың назарын аударуға жеткілікті деңгейде айқын болған.

Ғалымдардың пікірінше, цифрлық технологиялар ересектердің де мінез-құлқына ықпал етеді. Әлеуметтік желілер мен түрлі қосымшалар қолданушының назарын мүмкіндігінше ұзақ уақыт ұстап тұратындай етіп жасалған. Сондықтан телефонға тәуелділік тек балалардың емес, ата-аналардың да күнделікті әдетіне айналуы ықтимал.

Осының салдарынан бір үйде бірге отырған отбасы мүшелері бір-бірімен сөйлесудің орнына әрқайсысы өз экранына үңіліп отыратын жағдайлар жиілеп келеді.

Фото: Unsplash

Отбасылық байланысты қалай нығайтуға болады?

Психологтар мәселені шешудің күрделі жолын ұсынбайды. Керісінше, қарапайым әдеттердің өзі үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін.

Мысалы дастарқан басында телефонды шетке қою, бала сөйлеп тұрған кезде экранға қарамау, серуендеу немесе бірге уақыт өткізгенде гаджетке емес, әңгімеге көңіл бөлу және күніне бірнеше минут болса да баламен ештеңеге алаңдамай сөйлесу.

Осындай қарапайым әрекеттер баланың өзін бағалы әрі тыңдалған адам ретінде сезінуіне ықпал етеді.

Смартфон – пайдалы құрал. Бірақ ол жақын адамдардың орнын алмастыра алмайды. Балалар үшін ата-ананың бірнеше минуттық шынайы назары ондаған хабарлама мен әлеуметтік желідегі уақыттан әлдеқайда құнды.

Ғалымдардың зерттеуі тағы бір маңызды ойды еске салады: отбасыдағы сенім мен эмоционалдық жақындық үлкен істерден емес, күнделікті қарапайым қарым-қатынастан қалыптасады. Кейде телефонды бір сәтке өшіріп, баланың әңгімесін мұқият тыңдау – оның болашақтағы психологиялық саулығына жасалған ең маңызды инвестициялардың бірі болуы мүмкін.

Біз бұған жейін «Баланы кім тәрбиелеп жатыр: ата-ана ма, әлде телефон ба?» деген мәселеге де жан-жақты тоқталған едік.

Оқи отырыңыз

{