Астанада тағы не салынады: жаңа көпірден Домбыра сарайына дейін

Астанада тағы не салынады: жаңа көпірден Домбыра сарайына дейін

Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

Астана жылдан жылға кеңейіп, жаңа шағынаудандар мен тұрғын үй кешендері ғана емес, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым да қатар дамып келеді. Алдағы жылдары елордада жаңа көпірлер, мектептер, медициналық нысандар, оқушылар сарайлары және мәдениет ошақтары бой көтермек.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы және Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді маңызды нысандар салынатынын айтты. Бұл жобалар елорданың көлік инфрақұрылымын жетілдірумен қатар, қаланың мәдени және ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған.

Есіл арқылы жаңа сегіз жолақты көпір салынады

Астанада жоспарланып отырған маңызды жобалардың бірі – Есіл өзені арқылы өтетін жаңа автокөлік көпірі. Қала Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, Хусейн бен Талал көшесін Әл-Фараби даңғылынан Шәмші Қалдаяқов көшесіне дейін ұзарту жоспарланған. Осы бағыт Есіл өзенімен қиылысатын тұста жаңа көпір салынбақ.

Жолдың өзі сегіз жолақты болады. Жоба жүзеге асқан жағдайда елорданың сол және оң жағалауын байланыстыратын тағы бір маңызды көлік бағыты пайда болады. Жаңа көпірдің негізгі мақсаты – қолданыстағы магистральдарға түсетін көлік жүктемесін азайту. Ресми мәлімет бойынша, жаңа бағыт Сығанақ көшесі мен Ұлы Дала даңғылындағы, сондай-ақ Мәңгілік Ел даңғылындағы қозғалысты жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге Сығанақтағы «Арыс» көпірі мен Тәуелсіздік даңғылындағы көпірге түсетін жүктемені азайту көзделіп отыр. Әзірге жобаның нақты құны мен құрылыс мерзімі белгісіз. Қазіргі уақытта инвестор Есіл арқылы өтетін көпірдің жобасын әзірлеп жатыр. Жоба дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін ғана нақты құны анықталады. Бұл Астанадағы көпір инфрақұрылымын кеңейту жұмыстарының бір бөлігі ғана. Қаланың 2035 жылға дейінгі Бас жоспарында негізгі магистральдардағы кептелісті азайту үшін бес ірі көпір салу қарастырылған.

Астанада Домбыра сарайы бой көтереді

Елордада мәдениет саласына қатысты айтылған маңызды жобалардың бірі – Домбыра сарайы. Мемлекет басшысы 2026 жылғы 23 тамызда Астанада жаңа көпірмен қатар Домбыра сарайы мен Су ресурстарын зерттеу орталығы сияқты маңызды нысандар салынатынын мәлімдеді. 

Домбыра сарайының нақты орналасатын жері, жобалық сипаттамалары, сыйымдылығы мен құрылыстың аяқталу мерзімі туралы әзірге толық ақпарат жарияланған жоқ.  Дегенмен нысанның атауының өзі оның мәдени маңызын аңғартады. Домбыра – қазақтың дәстүрлі музыкасының негізгі символдарының бірі. Сондықтан мұндай нысан елорданың мәдени инфрақұрылымын толықтыратын орталықтардың біріне айналуы мүмкін.

Қазір Астанада мәдени және шығармашылық кеңістіктерді көбейту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, әлеуметтік инфрақұрылым құрамында оқушылар сарайлары, музыкалық мектептер және басқа да шығармашылық нысандар салу жоспарланған.

Су ресурстарын зерттеу орталығы не үшін керек?

Мемлекет басшысы атаған тағы бір нысан – Су ресурстарын зерттеу орталығы. Бұл жоба Астана үшін әсіресе маңызды. Себебі елорда халқының саны өсіп, соған сәйкес су тұтыну көлемі де артып келеді. 2026 жылы Үкімет Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан Астанаға дейін су құбырын және №4 сорғы-сүзу станциясын салу жобасын талқылады. Жоба 203 шақырым су құбырын, үш сорғы станциясын және тәулігіне 210 мың текше метр су өндіретін жаңа сорғы-сүзу станциясын салуды көздейді. Жұмыстарды 2028 жылы аяқтау жоспарланған. 

Сондықтан Су ресурстарын зерттеу орталығының пайда болуы елорданың су қауіпсіздігі мәселесін ғылыми және технологиялық тұрғыдан зерттеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болуы ықтимал. Алайда орталықтың нақты функциялары мен құрылымына қатысты әзірге қосымша ресми ақпарат күтіледі.

Биыл тағы 13 мектеп салынады

Астанада құрылыс тек ірі инфрақұрылымдық нысандармен шектелмейді. Қалада білім беру инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Ресми мәлімет бойынша, соңғы жылдары елордада 109 мың оқушы орнына арналған 44 мектеп салынған. Оның 23-і «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. 2026 жылы тағы 13 мектеп салу жоспарланған. Сонымен қатар 2027 жылға арналған 16 мемлекеттік мектептің жобалық және қала құрылысы құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл мектептер шамамен 40 мың оқушы орнына есептелген. 

Ал Астананың 2035 жылға дейінгі Бас жоспарында жалпы 138 жаңа мектеп салу қарастырылған. Бұл елорда халқының өсуіне байланысты білім беру орындарына деген сұранысты өтеуге бағытталған. 

Екі Оқушылар сарайы мен музыкалық мектеп салынады

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған нысандардың саны да көбеймек. 2026 жылы Астанада жеке инвестициялар есебінен екі мемлекеттік Оқушылар сарайы мен бір музыкалық мектеп салу жоспарланған. Олар Ақан сері және С189К көшелерінің қиылысында, М.Төлебаев көшесінде, Сығанақ көшесі, 17/41 мекенжайында орналасады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін елордада үш Оқушылар сарайы салынып, пайдалануға берілген. Ал 2027 жылы тағы екі осындай нысанды іске қосу жоспарланып отыр.  

Жаңа ауруханалар мен перинаталдық орталықтар

Астананың ең жылдам өсіп келе жатқан қалалардың бірі болуы медицина инфрақұрылымына да қосымша талап қойып отыр. 2028 жылға дейін елордада екі перинаталдық орталық, көпбейінді аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысын аяқтау жоспарланған. 

Бұған қоса қалада жаңа емханалар мен жедел медициналық көмек нысандары салынады. Астананың 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарында көпсалалы балалар ауруханасы, емханалар, перинаталдық орталық, көпсалалы аурухана және жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы секілді нысандардың құрылысы қарастырылған.  Денсаулық сақтау нысандарының көбеюі елордадағы халық санының тұрақты өсуімен тікелей байланысты.

Балабақша, қоғамдық кеңістік және жасыл желек

Астананың алдағы даму жоспарында тұрғындарға күнделікті қажет инфрақұрылымға да басымдық берілген. 2026 жылы елордада 2 099 орындық жеті балабақшаны іске қосу жоспарланған. Оның үшеуі мемлекеттік, төртеуі жекеменшік болады. Ал 2029 жылға дейін 14 мың орынға арналған 60 балабақша салу көзделген. 

Сонымен бірге 2026 жылы 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру және 1,1 миллион түп жасыл желек отырғызу жоспарланған. Бұл елорданың жаңа тұрғын үй алаптарын ғана емес, бұрыннан қалыптасқан аудандарын да жаңартуға бағытталған.

Астана қандай қалаға айналмақ?

Елордадағы құрылыс көлеміне қарағанда, алдағы жылдары қаланың келбеті айтарлықтай өзгермек. Бір жағынан, жаңа көпірлер мен жолдар көлік қатынасын жеңілдетуге бағытталса, екінші жағынан мектептер, балабақшалар мен ауруханалар халықтың күнделікті қажеттілігін өтеуге тиіс. Ал Домбыра сарайы мен оқушылар сарайлары сияқты нысандар қаланың мәдени және шығармашылық ортасын кеңейтеді. Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді жобалар елорданың инженерлік және ғылыми әлеуетін күшейтуге бағытталмақ.

Астананың 2035 жылға дейінгі Бас жоспары бойынша қала халқының саны 2,3 миллион адамға дейін өсуі мүмкін. Осыған байланысты елордада 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау нысанын салу қарастырылған. Сонымен қатар жол желісін 2,5 мың шақырымға дейін ұлғайту жоспарланған. 

Оқи отырыңыз

{