Астанада қытайлық жұмыс берушілер қандай мамандарды іздеп жүр?

Астанада қытайлық жұмыс берушілер қандай мамандарды іздеп жүр?

Назерке Чакирбаева
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Астанада Қытай капиталы бар кәсіпорындардың V жұмыс жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 24 компания мен жұмыс іздеп жүрген 300-ге жуық қазақстандық жас қатысты.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

«Бейжің Палас» бизнес-орталығында ұйымдастырылған жәрмеңке қазақстандық мамандар мен Қытай компанияларының өкілдерін бір алаңға жинады. Іс-шараны Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлерінің бас қауымдастығы мен Қазақстанның Қытайда білім алған түлектер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды. Астана халықаралық университеті қолдау көрсетті.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Жәрмеңкеге энергетика, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндірісі, технология, ауыл шаруашылығы және кәсіби қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындар қатысты.

Жұмыс іздеушілерге қаржы және салық саласы, аударма, адам ресурстарын басқару, ақпараттық технологиялар, техникалық және басқарушылық бағыттар бойынша бос жұмыс орындары ұсынылды.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Қытай компаниялары қазақстандық мамандарға қызығушылық танытып отыр

Жәрмеңкенің ашылуында Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің экономикалық-сауда мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ван Мяо екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың дамуына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда жұмыс істейтін Қытай кәсіпорындары жергілікті мамандарды жұмысқа тартуға және олардың кәсіби дамуына көңіл бөліп келеді.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Ван Мяо қазақстандық қызметкерлерді жұмысқа орналастыру кәсіпорындардың жергілікті еңбек нарығына бейімделуіне ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол жұмыс іздеп жүрген жастарды жәрмеңкеде ұсынылған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлерінің бас қауымдастығының бас хатшысы Лю Юэ бұл екі ұйым бірлесіп өткізіп отырған бесінші жұмыс жәрмеңкесі екенін айтты. Оның сөзінше, соңғы бес жылда Қазақстандағы Қытай кәсіпорындары жергілікті кадрларды даярлау, жұмысқа қабылдау және басшылық қызметтерге қазақстандық мамандарды тарту бағытындағы жұмыстарын жалғастырып келеді.

Сонымен қатар ол Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық аясында жасыл энергетика, цифрлық экономика және жасанды интеллект бағыттарының маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Қандай мамандарға сұраныс бар?

Жәрмеңкеде Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) Орталық Азиядағы кадр ресурстары департаменті басшысының орынбасары Эльмира Қасенова компаниядағы жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, CNPC Қазақстанда ұзақ жылдардан бері инвестициялық жобаларды жүзеге асырып келеді және жергілікті мамандарды жұмыспен қамтуға қатысады.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Компания өкілі қазіргі уақытта бірнеше бағыт бойынша кадрларға сұраныс бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, адам ресурстарын басқару, қаржы, құқық, сатып алу, корпоративтік коммуникациялар және ақпараттық технологиялар салаларындағы мамандар қажет.

Жәрмеңкеге келген үміткерлер компания өкілдерімен тікелей сөйлесіп, жұмысқа орналасу талаптары, қызметтік міндеттер мен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Қытайда білім алған түлектерге қандай мүмкіндік бар?

Қазақстанның Қытайда білім алған түлектер қауымдастығының төрайымы Айгерим Негметжан шетелде білім алған жастардың екі ел арасындағы кәсіби және іскерлік байланыстарды дамытудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, Қытай университеттерінің түлектері кәсіби біліммен қатар қытай тілін, елдің мәдениетін және іскерлік қарым-қатынас ерекшеліктерін меңгереді. Бұл олардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Қауымдастық алдағы уақытта да түлектердің жұмысқа орналасуына, кәсіби байланыс орнатуына және тәжірибе алмасуына көмектесетін алаңдарды дамытуды жоспарлап отыр.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Іс-шара барысында жұмыс берушілер үміткерлерге бос жұмыс орындарын таныстырып, олардың сұрақтарына жауап берді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жәрмеңкенің негізгі мақсаты – Қазақстандағы Қытай капиталы бар кәсіпорындарды жергілікті мамандармен байланыстыру және жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Оқи отырыңыз

{