Кеше, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдарыАстанада Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының жабылу салтанаты өтті. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында ұйымдастырылған кеште екі елдің өнерпаздары бір сахнада бас қосып, көрерменге музыкалық және хореографиялық қойылымдар ұсынды. El.kz тілшісі мәдени шараға қатысып, өнер иелерімен тілдесті.
Салтанатты кешке ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев, дипломатиялық корпус өкілдері мен мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев екі халық арасындағы мәдени байланыстың тарихи негізіне тоқталды. Оның айтуынша, Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы сауда-саттықтың ғана емес, рухани және мәдени құндылықтардың алмасуына да ықпал еткен.
Өнер – ұлт пен ұлтты, ел мен елді жақындастырады. Сондықтан бүгінгі Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының жабылу салтанатын белгілі бір кезеңнің аяқталуы емес, керісінше жаңа мәдени бастамаларға жол ашатын маңызды белес деп білеміз, – деді министр.
Ал Қытайдың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жалғастырудың маңызын атап өтті. Ол 2027 жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толатынын еске салып, Қытай тарапы мәдениет, туризм, жастар саясаты, ғылым және білім салаларындағы байланысты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
«Өнерде ешқандай шекара жоқ»
Кештің ерекшелігі – қазақстандық және қытайлық өнерпаздардың бір сахнада өнер көрсетуі. Концертке қатысқан Астана қалалық Жастар театрының актрисасы Алтынай Нұрбек қытайлық әнші Чжао Лумен бірге «Моли Хуа» әнін орындауға дайындалғанын айтты.
Актрисаның сөзінше, екі ел өнерпаздарының шығармашылық байланысы олардың музыкалық мәдениетіндегі ортақ ерекшеліктерді де байқауға мүмкіндік берген.
Өнерде ешқандай шекара жоқ дейді ғой. Қытайдан келген талантты өнерпаздардың өнеріне тәнті болдық. Кейбір әндерінің ырғағы мен жоғары ноталары біздің әндерге ұқсас келеді. Сондықтан бірлесіп өнер көрсету аса қиындық тудырған жоқ. Керісінше, бұл бізге ерекше мотивация береді. Біздің көрермен де мұндай өнерді қызығушылықпен қабылдайды деп ойлаймын, – дейді Алтынай Нұрбек.
Оның айтуынша, шығармашылық дайындық барысында тілдік айырмашылықтар кездескенімен, аудармашылардың көмегімен ортақ тіл табысу қиын болмаған.
Әрине, кейде бір-бірімізді түсінбей қалатын сәттер болады. Бірақ аудармашыларымыз бар, сондықтан айтарлықтай қиындық туындаған жоқ. Біз өнер адамдары ретінде қай тілде болса да ән орындауға дайынбыз. Өйткені өнер – біздің мақсатымыз. Қазақтың әні, биі, жалпы өнері – ұлттың болмысын, өмірін танытатын бет-бейнесі, – деді актриса.
«Өнер адамдарына қарап, тұтас халыққа баға береді»
Салтанатты концертте қазақстандық әнші Рухия Байдүкенова композитор Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін орындады.
Өнерде жүргеніне он жылға жуықтаған әнші халықаралық мәдени шараларда Қазақстан атынан өнер көрсетуді үлкен жауапкершілік әрі мәртебе санайды.
Бүгінгі кеште Қазақстанның атынан өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе. Көктемде біз Бейжіңде Қазақстанның мәдениет күндері аясында өнер көрсеткен болатынбыз. Сол шарадан кейін қазақстандық көптеген өнерпазға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Сондықтан әртіс ретінде мұндай мәдени дипломатиялық іс-шаралардың қажет екеніне сенімдімін, – дейді Рухия Байдүкенова.
Әншінің пікірінше, халықаралық сахнада өнер көрсету тек шығармашылық тәжірибе алмасу емес, елдің мәдени келбетін танытудың да маңызды жолы.
Көп жағдайда өзге елдің халқы біздің тілімізді де, мәдениетімізді де білмеуі мүмкін. Олар өнер адамдарына қарап, тұтас халық туралы түсінік қалыптастырады. Қазақтың қандай халық екенін әніміз бен өнеріміз арқылы таниды. Сондықтан мұндай мәдени шаралар әр мемлекеттің халықаралық имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Біз өз мәдениетімізді әлемге таныту үшін осындай мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек, – деді әнші.
Рухия Байдүкенова мәдени байланыстардың қазақстандық өнерпаздарға шетелдік көрерменмен жүздесуге және шығармашылығын халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бір жылда 40-қа жуық мәдени іс-шара өткен
Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы 2026 жылғы 31 наурызда Бейжіңде ұйымдастырылған гала-концертпен басталған болатын.
Осы уақыт аралығында екі елде 40-қа жуық мәдени іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, Қытайдың Чжэцзян провинциясындағы музейде «Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті» көрмесі ұйымдастырылды. Алматыда Шанхай өнер коллекциясы музейімен бірлескен көрме өтті.
Сондай-ақ Бейжіңде Ұлттық домбыра күні мен Абай күніне, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар өткізілді.
Екіжақты ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – мәдени орталықтардың жұмысын дамыту. Қазір Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығы қытай жұртшылығын еліміздің тарихымен, өнерімен және ұлттық дәстүрлерімен таныстырып келеді. Ал ұйымдастырушылар ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін Астанада Қытай мәдени орталығын ашу жоспарланған.
Қазақ пен қытай композиторларының достығы сахнада көрініс тапты
Жабылу салтанатының концерттік бағдарламасында қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов пен қытай композиторы Сянь Синхайдың достығына ерекше назар аударылды. Екі композитордың шығармашылық байланысына арналған хореографиялық қойылым сахналанып, олардың достық тарихын таныстыратын фотокөрме ұсынылды.
Концертте Медет Шотабаев, Рухия Байдүкенова, «Бірлік» би ансамблі, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің домбырашылар ансамблі, сондай-ақ Нинбо қалалық ән және би театрының солистері Чжао Лу мен Сюй Юнцзя өнер көрсетті.
Көрермендер концертпен қатар Қытайдың дәстүрлі өнері мен қолөнеріне арналған тақырыптық көрмені тамашалады. Онда Нинбо фарфоры, сәндік шамдар мен өріп жасалған қоңыраулар және өзге де қолөнер бұйымдары ұсынылды.
Осылайша, Астанада өткен салтанатты кеш Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы аясындағы іс-шараларды қорытындылады. Ал өнерпаздар екі ел арасындағы шығармашылық байланыстың алдағы уақытта да жалғасуына үміт білдірді.
Айта кетейік, іс-шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Кеше, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер5 Қараша, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді5 Қараша, 12:12
Олимпиадада үздік шығып, кейін медицинада табысқа жеткен чемпиондар