Астанада Kazakhstan Fashion Week өтеді: 17 дизайнер өз топтамасын таныстырады

Астанада Kazakhstan Fashion Week өтеді: 17 дизайнер өз топтамасын таныстырады

Асқар Таудай
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

23-24 қараша күндері Астанада Kazakhstan Fashion Week сән апталығының негізгі көрсетілімдері өтеді. The St. Regis Astana қонақүйінде ұйымдастырылатын шарада қазақстандық және шетелдік 17 дизайнер жаңа топтамаларын ұсынады.

Kazakhstan Fashion Week сән апталығы сән индустриясы, өнер және мәдениет өкілдерін бір алаңға жинайды. Көрермендер отандық және халықаралық дизайнерлердің жаңа туындыларымен танысып, заманауи сән әлеміндегі тың бағыттарды тамашалай алады.

Сән апталығының бағдарламасы 21 қарашада ForteBank алаңында басталды. Алғашқы көрсетілімде қазақстандық Dinara Satzhan бренді ұлттық мұраны заманауи сән үлгілерімен ұштастырған топтамасын таныстырды.

Ал негізгі сән көрсетілімдері 23-24 қарашада The St. Regis Astana қонақүйінде жалғасады. Подиумға Aida KaumeNOVA, TakoMekvabidze, Zalkar, Solangel, Hanum Aidash, Zardozi, Dinal, Меруерт Балманова, Ainash Qara, Venera Collection, Tamen, Азамат Сайн, Svetlichnaya, Veshalka boutique, Guni және ASD Jewelry брендтері мен дизайнерлері шығады.

Биылғы сән апталығының маңызды оқиғаларының бірі – Aida KaumeNOVA брендінің 20 жылдық шығармашылық белесі. Дизайнердің отандық сән индустриясындағы екі онжылдық еңбегіне ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар 23 қараша күні сағат 16:00-де The St. Regis Astana қонақүйінде қазақстандық және шетелдік дизайнерлердің қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.

Kazakhstan Fashion Week жаңа топтамаларды таныстырып қана қоймай, дизайнерлер арасында тәжірибе алмасуға, шығармашылық байланыстарды нығайтуға және қазақстандық сән индустриясын халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған маңызды алаң болмақ.

Оқи отырыңыз

{