17.04.2026
19:43
177
Жаңалықтар

Әскерге шақыру қалай жүргізіледі: министрлік негізгі ережелерді атады

Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру науқанының тәртібі мен кезеңдерін түсіндіріп, әрбір шақырылушы білуі тиіс маңызды жайттарды жариялады.

Ведомство мәліметінше, шақыру процесі тек әскерге жіберумен шектелмейді, ол бірнеше кезеңнен тұрады.

Әрбір шақыру науқаны әскерге шақыртудан бастап медициналық тексеруден өтуге дейін бірқатар кезеңді қамтиды, – делінген ақпаратта.

Министрлік түсіндіргендей, әскерге шақыру ресми құжат – шақырту қағазынан басталады.

Шақырту қағазы – азаматты жергілікті әскери басқару органына шақыру шараларына қатысу үшін шақыратын ресми құжат. Қарапайым сөзбен айтқанда, әскерге шақыру осы құжаттан бастау алады, – деп атап өтті ведомство.

Шақырту қағазы бірнеше тәсілмен жеткізіледі. Ол азаматтың қолына жеке табысталуы мүмкін немесе жұмыс орны, оқу орны арқылы беріледі. Сонымен қатар, соңғы жылдары цифрлық форматтағы хабарламалар енгізілген.

Шақырту eGov.kz порталындағы жеке кабинет, eGov Mobile қосымшасы және SMS арқылы да жіберіледі. Бұл тәсілдер 2025 жылдан бастап заңды күшіне енді, – делінген мәліметте.

Құжатта шақырылушының келу уақыты, күні және нақты мекенжайы көрсетіледі. Министрлік белгіленген уақытта келмеудің жауапкершілігі бар екенін ескертеді.

Дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылады, ал әскерден жүйелі түрде жалтару қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, – деп нақтылады ведомство.

Шақырту алған азамат ең алдымен құжаттағы мәліметтердің дұрыстығын тексеруі тиіс. Атап айтқанда, аты-жөні, мекенжайы, келу күні мен шақыру мақсатына мән беру қажет. Сонымен қатар алдын ала қажетті құжаттарды дайындау ұсынылады.

Олардың қатарына жеке куәлік, тіркеу куәлігі, білім туралы құжаттар немесе оқу орнынан анықтама, медициналық қорытындылар және кейінге қалдыруға негіз болатын құжаттар кіреді.

Егер азамат белгіленген уақытта келе алмаса, бұл туралы алдын ала әскери комиссариатқа хабарлап, себебін құжатпен растауы тиіс.

Ауырған жағдайда – медициналық анықтама, оқу немесе жұмысқа байланысты болса – тиісті растайтын құжаттар ұсынылуы қажет, – делінген түсіндірмеде.

Министрлік өкілдері шақырту қағазы бірден әскерге жіберуді білдірмейтінін де атап өтті.

Шақырту әдетте деректерді нақтылау, медициналық тексеруден өту, жарамдылық санатын анықтау және кейінге қалдыру негіздерін тексеру үшін жүргізіледі, – деп қорытындылады ведомство.

Осылайша, мамандардың айтуынша, талаптарды алдын ала біліп, құжаттарды уақытында дайындаған жағдайда шақыру рәсімі еш қиындықсыз өтеді.