«Арзан төлем – ұзақ қарыз»: Ұлттық банк автонесие салдары туралы ескертті

«Арзан төлем – ұзақ қарыз»: Ұлттық банк автонесие салдары туралы ескертті

Назерке Чакирбаева
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Қазақстанда көлікті несиеге алатындар көбейіп келеді. Соңғы үш жылда автонесие портфелі екі еседен астам өсіп, 4 трлн теңгеден асты. Әзірге төлемін кешіктіріп жүргендердің үлесі күрт өскен жоқ. Алайда Ұлттық банк дәл осы көрсеткішке алданып қалмау керегін ескертеді. Реттеушінің 2025 жылға арналған қаржылық тұрақтылық есебінде автонесие нарығындағы бүгінгі қарқынды өсімнің салдары кейін байқалуы мүмкін екені айтылған.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Үш жылда не өзгерді?

2023 жылы қазақстандықтарға көлік сатып алуға 1,4 трлн теңге несие берілген. Бір жылдан кейін бұл сома 1,8 трлн теңгеге жетсе, 2025 жылы шамамен 2,4 трлн теңгені құрады.

Яғни небәрі екі жылдың ішінде жылдық несие көлемі 1 трлн теңгеге артқан. Ұлттық банк мәліметінше, 2025 жылы берілген автонесиенің көлемі сол кезеңдегі ипотекалық несие көрсеткішімен шамалас.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Жалпы автонесие портфелі 2023-2025 жылдары екі еседен астам өсіп, 4 трлн теңгеден асты. Оның жеке тұлғаларға берілген барлық несие ішіндегі үлесі де екі есе көбейген: 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы 8%-дан 2025 жылдың соңында 16%-ға дейін жетті.

Автонесиеге сұраныстың артуына жаңа көліктерге қатысты борыш жүктемесі коэффициенті бойынша жеңілдіктер мен дилерлік бағдарламалар да әсер еткен. Бірақ нарықтағы қарқынды өсімнің екінші жағы бар.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Қарызын кешіктіргендер азайған. Онда қауіп неде?

Бір қарағанда, автонесие нарығындағы жағдай тұрақты көрінеді. Екінші деңгейлі банктердегі төлемі 90 күннен астам кешіктірілген автонесиелердің үлесі 2023 жылдың басындағы 5%-дан 2025 жылдың соңында 4,1%-ға төмендеген.

Үшінші сатыдағы, яғни қарыз алушының несиені өтеу қабілеті айтарлықтай нашарлаған қарыздардың үлесі де 6,3%-дан 5,3%-ға азайған. Алайда Ұлттық банк мерзімі өткен несиелер үлесінің төмендеуін автонесие портфелі жақсарды деп бағалауға асықпау керегін айтады.

Себебі банктер балансынан есептен шығарылған қарыздардың үлесі керісінше өсіп отыр. 2023-2025 жылдары бұл көрсеткіш екі есеге жуық артып, 2,9%-ға жеткен. Бұл – қарастырылған кезеңдегі ең жоғары деңгей. Есептен шығарылған берешекті қоса есептегенде, 2025 жылдың соңында проблемалық қарыздар бүкіл автонесие портфелінің 7%-ын құраған.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Көлікті бес жылдан астам уақытқа несиеге алатындар көбейді

Ұлттық банк назар аударған тағы бір мәселе – несиенің қанша жылға рәсімделіп жатқаны.

Соңғы жылдары берілген автонесиелердің 60%-дан астамы бес жылдан ұзақ мерзімге алынған. Ал 2026 жылдың басында автонесие портфеліндегі мұндай қарыздардың үлесі 73,1%-ға жетті.

Демек, автонесие алғандардың едәуір бөлігі көлігінің ақысын бес жылдан астам уақыт төлейді.

Ұзақ мерзім ай сайынғы төлемді азайтуға мүмкіндік бергенімен, қарыз алушы бірнеше жыл бойы тұрақты төлем жасауға міндетті. Осы уақыт аралығында оның табысы мен қаржылық жағдайы өзгеруі мүмкін. Ұлттық банк ескертіп отырған тәуекелдің бірі де осы. Бірақ мәселе тек несие мерзімінде емес.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

15 млн теңгеден қымбат көлікке сұраныс күрт артқан

2025 жылы қазақстандықтар қымбат көліктерді де несиеге жиі ала бастаған. Бір жылдың ішінде құны 15 млн теңгеден асатын автомобильдерге 50,7 мың несие берілген. Бұл – осы санатта алдыңғы екі жылда берілген несиелердің жалпы санынан да көп.

Мұндай автонесиелердің жалпы сомасы 627 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 157%-ға өскен.

Ұлттық банк қымбат көліктерге берілетін несиелер саны мен көлемінің осындай қарқынмен өсуі банк портфельдеріне қосымша тәуекел тудыруы мүмкін екенін атап өткен.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Ұлттық банк неге қазір ескертіп отыр?

Автонесие нарығындағы негізгі мәселе бүгінгі кешіктірілген төлемдердің көлемінде ғана емес. Соңғы бірнеше жылда берілген қарыздардың саны көбейіп, мерзімі ұзарды әрі қымбат көліктерге берілетін несие айтарлықтай артты.

Сондықтан бүгін қалыпты көрінген көрсеткіштердің салдары кейін байқалуы мүмкін. Ұлттық банк мұны автонесие портфелі сапасының «кейіннен нашарлауына» алғышарт қалыптастыратын фактор ретінде бағалап отыр.

Осыған байланысты реттеуші қарыз алушылардың төлем қабілетін мұқият бағалап, автонесие нарығындағы тәуекелдерді тұрақты бақылау қажет екенін атап өтті.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Оқи отырыңыз

{