Кеше, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихыҚазақстанда мобильді интернет жылдам байланысы бар елдердің арасында қолжетімді қызметтердің бірі саналады. Finprom.kz сарапшылары тариф құнын, интернет жылдамдығы мен трафик көлемін салыстырып, осындай қорытындыға келген.
Зерттеу авторларының пікірінше, интернеттің қолжетімділігін тек тариф бағасымен бағалау дұрыс емес. Абонентке қанша гигабайт берілетіні және желінің қаншалықты жылдам жұмыс істейтіні де маңызды.
Бір гигабайттың бағасы әлемдік орташа көрсеткіштен төмен
Британиялық Broadband Genie компаниясының деректеріне сәйкес, Қазақстандағы тарифтік пакеттерде бір гигабайттың медианалық бағасы шамамен 30 центті құрайды. Бұл абоненттердің нақты шығыны емес, тарифтердегі интернет көлемінің құны екенін ескеру қажет.
Broadband Genie рейтингісінде Қазақстан 53-орынға тұрақтап, мобильді интернеті ең қолжетімді елдердің алғашқы ширегіне енді.
Әлем бойынша бір гигабайттың орташа бағасы 1,23 долларды құрайды. Бұл Қазақстандағы көрсеткіштен төрт еседен астам жоғары.
Интернеті жылдам елдердің арасында Қазақстан ең арзан ондыққа енді
Төмен баға интернет сапасының жоғары екенін білдірмейді. Сондықтан сарапшылар байланыс құнын оның жылдамдығымен салыстырған. Ол үшін Speedtest Global Index рейтингіндегі мобильді интернет жылдамдығы бойынша алғашқы 55 ел таңдалды.
Осы топтың ішінде Қазақстан интернет бағасының арзандығы бойынша жетінші орынға шықты. Елде мобильді интернеттің айлық құны 10,65 долларды құрайды.
Ал интернеті жылдам елдер тобында ай сайынғы байланыс үшін орта есеппен бұдан 2,5 еседен астам көп ақша төленеді.
Интернет жылдамдығы Канада мен Италиядан жоғары
Қазақстандағы мобильді интернеттің орташа жылдамдығы – 93 Мбит/с. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Канада, Италия және Испаниядан озып тұр. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия елдерінің арасында көш бастап келеді.
Дегенмен интернеті жылдам елдердің өз ішінде Қазақстан рейтингтің төменгі бөлігіне жақын орналасқан. Вьетнам, Грузия және Үндістанда интернет жылдамдығы жоғары әрі бағасы да арзан.
Мұны Канаданың мысалынан анық көруге болады. Онда мобильді интернет жылдамдығы Қазақстандағыдан төмен болғанымен, айлық тариф құны 5,5 есе қымбат.
Жылдам интернет үшін бірнеше есе артық төлейді
Жылдамдық рейтингісінің көшбасшылары көбіне интернеті ең қымбат елдердің қатарына жатады. Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Кувейтте мобильді интернеттің айлық құны 58,8 доллардан 80 доллардан астам сомаға дейін жетеді.
Кувейтте байланыс Қазақстанмен салыстырғанда 7,5 еседен астам қымбат. Ал интернеті ең арзан елдердің көбі Speedtest жылдамдық рейтингісіне мүлде енбеген.
Зерттеу авторлары интернет бағасын пойыз билетінің құнымен салыстырады. Баяу пойызға арзан билет алу әрдайым тиімді емес. Ал жүрдек пойыздың билет құны бизнес-класс бағасымен бірдей болса, оны кез келген адамның қалтасы көтере бермейді.
Қазақстандықтар әлемдік орташа көрсеткіштен көп интернет тұтынады
Халықаралық электр байланысы одағының деректеріне сәйкес, өткен жылы Қазақстанда бір мобильді жазылымға шаққандағы интернет трафигі 283 ГБ болған.
Әлемдік орташа көрсеткіш – 184 ГБ. Демек, қазақстандық абоненттер интернетті әлемдік орташа деңгейден шамамен 1,5 есе көп тұтынады.
Айлық есеппен алғанда, бір жазылымға 23,6 ГБ трафиктен келеді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан интернетті ең көп пайдаланатын өңір саналатын ТМД елдерінің орташа деңгейінен де жоғары.
Желіге түсетін жүктеме артып келеді
Жекелеген операторлардың абоненттері бұдан да көп интернет пайдаланады. Биыл Tele2 абоненті айына орта есеппен 40 ГБ трафик жұмсайды.
Kcell және Activ желілерінде бірінші жартыжылдықтағы орташа көрсеткіш айына 30,4 ГБ болған.
Ал Beeline абоненттерінің екінші тоқсандағы интернет тұтыну көлемі айына 22,9 ГБ-ты құрады. Желі арқылы өтетін трафик көбейген сайын базалық станциялар саны мен желінің өткізу қабілетін арттыру қажеттілігі туындайды.
Операторлар жүздеген миллиард теңге инвестиция салып жатыр
Соңғы үш жарым жылда Kcell және Activ брендтеріне иелік ететін «Кселл» АҚ-ның күрделі шығындары 411,8 млрд теңгеге жеткен.
Ал Beeline және izi брендтерінің иесі «КаР-Тел» ЖШС осы кезеңде 288,6 млрд теңге инвестиция салған.
Tele2 мен Altel өз шығындарын жарияламайды. Дегенмен компания онжылдықтың соңына дейін желіні дамытуға 400 млрд теңгеден астам қаражат бағыттауды жоспарлап отыр.
Салаға салынатын инвестиция екі есе өсті
Соңғы үш жылда ақпарат және байланыс саласына салынған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеге жуықтады. Бұл бұған дейінгі үш жылдағы көрсеткіштен екі еседен астам көп.
Өсімнің бір бөлігі 5G жиіліктеріне арналған лицензияларды сатып алумен байланысты. Оған шамамен 156 млрд теңге жұмсалған. Алайда бұл шығындарды есептемегеннің өзінде инвестиция көлемі екі еседен астам артқан.
Биыл да өсім жалғасып жатыр. Қаңтар-қыркүйек аралығында саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 47%-ға өскен.
Байланыс тарифтері инфляциядан баяу қымбаттады
2020 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін мобильді байланыс тарифтерінің абоненттік төлемі 58,4%-ға өскен.
Осы кезеңде жалпы инфляция 86,8%-ды құрады. Азық-түлік, өнеркәсіп тауарлары мен ақылы қызметтердің бағасы да шамамен осындай деңгейде қымбаттаған.
Дегенмен жекелеген жылдары байланыс тарифтері күрт өскен. Бұған дейін сарапшылар 2024 жылы ұялы байланыс бағасы 27%-ға көтерілгенін хабарлаған. Бұл жалпы инфляция деңгейінен үш еседен астам жоғары.
Бір гигабайттың құны арзандап келеді
2020-2025 жылдар аралығында бір мобильді жазылымға шаққандағы интернет трафигі 77%-ға өскен. Ал абоненттік төлем осы деңгейде артпағандықтан, бір гигабайттың нақты құны төмендеген.
Халықтың табысы да тарифтерге қарағанда жылдам өсіп келеді. Биыл екінші тоқсанда орташа табыс 410 мың теңгеге жеткен. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен екі еседен астам жоғары.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазақстандықтар жалпы шығынының 3,4%-ын байланыс қызметтеріне жұмсайды. Бұл үлес соңғы жылдары айтарлықтай өзгермеген.
Алдағы уақытта не өзгереді?
Сарапшылар желілерді жаңғырту, 5G технологиясын дамыту және интернет трафигінің өсуі қосымша инвестицияны қажет ететінін ескертеді. Олардың пікірінше, тарифтерді біртіндеп индекстеу байланыстың қолжетімді әрі сапалы болып қалуына мүмкіндік береді.
Зерттеу авторлары табысы төмен отбасылар үшін тарифтердің өсуі өзгелерге қарағанда қаттырақ сезілуі мүмкін екенін де мойындайды.
Кеше, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер5 Қараша, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді