2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен НарбайКриштиану Роналду үшін әлем чемпионаттарының дәуірі аяқталды. 2026 жылғы мундиальдің 1/8 финалында Португалия құрамасы Испаниядан 0:1 есебімен жеңіліп, жарысты аяқтады.
Кездесудегі жалғыз голды қосымша уақытта алаңға тыңнан қосылған Микель Мерино соғып, Испанияны ширек финалға алып шықты. Ойыннан кейін 41 жастағы Роналду бұл өзінің соңғы әлем чемпионаты болғанын ресми түрде мәлімдеді.
Мен бар күш-жігерімді салдым. Мен Португалияға үш бірдей титул алып бердім, маған дейін құрамада бірде-бір титулы болмаған. Ұлттық құраманың ең ірі жетістігі 2016 жылғы Еуропа чемпионаты еді. Шынымды айтсам, мен үшін оның маңызы әлем чемпионатымен бірдей. Менің ар-ұятым таза. Ертең жаңа күн, өмір жалғаса береді, – деді футболшы.
Алайда ол Португалия ұлттық құрамасындағы мансабын аяқтайтыны туралы нақты шешім қабылдамағанын айтып, алдымен отбасымен бірге уақыт өткізіп, кейін ойланатынын жеткізді.
Алты әлем чемпионатының куәсі
Роналду 2006 жылдан бері қатарынан алты әлем чемпионатына қатысқан алғашқы футболшы атанды. Бұған дейін ешбір ойыншы мұндай көрсеткішке қол жеткізмеген.
Тағы бір тарихи жетістігі – ол әлем чемпионаттарының алты бірдей додасында гол соққан тұңғыш футболшы болды. Бұл рекорд оның есімін футбол тарихына тағы бір мәрте алтын әріппен жазды.
Жетпеген жалғыз белес
Криштиану Роналду клубтық деңгейде бес мәрте Чемпиондар лигасын жеңіп, бірнеше елдің чемпионы атанды, бес «Алтын доп» иеленді. Ұлттық құрама сапында 2016 жылы Еуропа чемпионы атанып, 2019 және 2025 жылдары УЕФА Ұлттар лигасының кубогын көтерді.
Дегенмен әлем чемпионатының кубогы оның ғаламат мансабындағы алынбаған жалғыз ең ірі жүлде болып қалды. Көптеген шетелдік сарапшылар дәл осы жайт Роналдудың мансабына қатысты ең үлкен өкініш ретінде бағаланып жүргенін жазады.
Reuters агенттігінің жазуынша, Португалия Испанияға қарсы кездесуде лайықты қарсылық көрсеткенімен, тағдырды қосымша уақыттағы жалғыз сәт шешті. Ал The Guardian басылымы бұл матчты «бір дәуірдің аяқталуы» деп бағалап, Роналдудың ұлттық құрамадағы 20 жылдан астам жолы Португалия футболының ең табысты кезеңіне айналғанын атап өтті.
Роналду әлем чемпионы атана алмаса да, футбол тарихындағы ең ықпалды ойыншылардың бірі ретінде қалатыны сөзсіз. Оның рекордтары мен жетістіктерінің біразы әлі ұзақ уақыт бойы қайталанбауы мүмкін.
2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен Нарбай1 Шілде, 17:41
Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?1 Шілде, 17:12
Спорттағы қазақ тілі: сәннен сұранысқа дейін30 Маусым, 14:11
«Керек болып қалар»: үйіңізде бекер шаң басып жатқан 18 зат