АҚШ-қа саяхаттау, білім алу немесе іскерлік сапармен баруды жоспарлайтын қазақстандықтар саны жыл сайын артып келеді. Америкаға сапардың алғашқы әрі ең маңызды кезеңі – виза рәсімдеу. Оның үстіне «биыл футбол жанкүйерлеріне виза алу жеңілдейді екен» деген ақпарат тағы бар. Осы және басқа да сұрақтың жауабын виза эксперті Досмұхаммед Райымбек айтып берді.
Иә, АҚШ-тың көші-қон саясаты қатаңдағанымен, Қазақстан азаматтары үшін туристік және іскерлік визалар бұрынғыдай қолжетімді. Арман болған штампты бастыру үшін құжаттарды дұрыс дайындап, сұхбатқа тыңғылықты әзірлену керек. Қазір Римде магистратурада білім алып жүрген Досмұхаммед Райымбек бұрын Ұлыбританиядағы виза орталығында агент болып жұмыс істеген. Саяхаттау хоббиі екенін, кейінірек мұны қосымша табыс көзіне айналдырғанын айтады. Оның сөзінше, футболдан әлем чемпионатының визаға әсері турасында нақты ақпарат жоқ.
Әлем чемпионатына билет алған жанкүйерлердің визаны оңай алатыны туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ футбол тамашалауға баратыныңыз рөл ойнауы мүмкін. Мұның бәрін консулдық шешеді. Егер осы мақсатта виза тапсырсаңыз үш айлық виза басып беруі мүмкін.Негізі, виза үш айдан он жылға дейін беріледі, – дейді ол.
АҚШ-қа бару үшін қандай виза қажет?
Маманның айтуынша, Қазақстан азаматтары АҚШ-қа алдын ала виза рәсімдеуі тиіс.
АҚШ визалары иммиграциялық және иммиграциялық емес болып екіге бөлінеді. Туристер мен іскерлік сапарға шығатын азаматтар арасында ең сұранысқа ие түрі – B1/B2 визасы. Егер сапарыңыздың мақсаты демалыс, туыстарға қонаққа бару немесе іскерлік кездесу болса, дәл осы виза қажет, – дейді Досмұхаммед Райымбек.
Оның сөзінше, B1 іскерлік кездесулерге арналса, B2 туризм, емделу және қонаққа бару мақсатында беріледі.
АҚШ визасын рәсімдеу неден басталады?
Виза алу процесі DS-160 электронды сауалнамасын толтырудан басталады. Бұл анкета АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми CEAC порталында рәсімделеді.
Анкетаны толтыру кезінде жеке мәліметтер, жұмыс орны, табыс көзі, сапар мақсаты және әлеуметтік желідегі аккаунттар көрсетіледі. Ең бастысы – барлық ақпарат шынайы болуы тиіс. Кез келген қате немесе жалған мәлімет визадан бас тартуға себеп болуы мүмкін, – дейді сарапшы.
Ол анкетаны толтырған соң берілетін растау парағын міндетті түрде сақтап, басып шығару қажет екенін атап өтті.
Қандай құжаттар қажет?
АҚШ визасына өтініш беру үшін міндетті құжаттар тізімі бар. Мысалы, паспорт; DS-160 растау парағы, сұхбатқа жазылғаныңызды растайтын құжат, 5×5 см фотосурет,. Қосымша құжаттар да артық етпейді.
Жұмыс орнынан анықтама, банк шотының көшірмесі, неке куәлігі, балалардың туу туралы куәлігі және жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттар Қазақстанмен байланысыңызды дәлелдеуге көмектеседі, – дейді сарапшы.
Консулдық алым қанша?
2026 жылы B1/B2 визасының консулдық алымы 185 АҚШ долларын құрайды.
Бұл төлем өтінішті қарау үшін алынады. Виза мақұлданбаса да, қаражат қайтарылмайды. Сондықтан құжаттарды жібермес бұрын барлық мәліметті мұқият тексерген жөн, – дейді Досмұхаммед Райымбек.
Сұхбат қайда өтеді?
Қазақстан азаматтары АҚШ визасына Астана қаласындағы елшілікте немесе Алматыдағы Бас консулдықта сұхбат тапсыра алады.
Төлем расталғаннан кейін арнайы жүйе арқылы ыңғайлы күнді таңдап, сұхбатқа жазылуға болады, – дейді маман.
Виза рәсімдеудегі ең жауапты кезең – консулмен әңгімелесу.
Консул сіздің сапар мақсатыңызды, жұмысыңызды, қаржылық жағдайыңызды және Қазақстанға оралу себептеріңізді анықтайды. Жауаптарыңыз қысқа, нақты әрі сенімді болуы керек. Артық ақпарат берудің қажеті жоқ, – деп кеңес береді Досмұхаммед Райымбек.
Оның айтуынша, консул үшін басты мәселе – өтініш берушінің елге қайта оралатынына көз жеткізу. Консул әдетте бірнеше стандартты сұрақ қояды.
Америкаға не үшін барасыз? Қанша уақытқа жоспарлап отырсыз? Сапар шығындарын кім өтейді? Қайда жұмыс істейсіз? Бұған дейін қай елдерде болдыңыз? Осындай сұрақтарға дайын болған жөн, – дейді Досмұхаммед Райымбек.
Виза неше жылға беріледі?
Қазақстан азаматтарына B1/B2 визасы көбіне 10 жылға рәсімделеді.
Бұл – көп мәртелік виза. Яғни, осы мерзім ішінде Америкаға бірнеше рет баруға болады. Бірақ АҚШ-та қанша уақыт болатыныңызды шекара қызметі анықтайды, – дейді ол.
Неліктен виза берілмеуі мүмкін?
Сарапшының айтуынша, визадан бас тартудың ең жиі себебі: конусулдықтың сіздің елге қайтатыныңызға күмәнмен қарауы, тұрақты табысыңыздың болмауы, анкета толтырудағы кей қате, сапар мақсатын анықтап көрсетпеу, шетелге аз шықсаңыз, сұхбатта сенімсіз жауап берсеңі. Сондықтан барынша тиянақты дайындалып, мүдірмей жауап беруге тырысқан жөн.