Жаңалықтар

АҚШ пен Израиль антирейтингте: Әлем халықтары қай елдерді ұнатпайды?

22.06.2026 13:36
Ажар Лаубаева
Фото: El.kz коллажы

Әлемдегі әр ел туралы қалыптасқан көзқарас әртүрлі. Кей мемлекет тұрақтылығымен, қауіпсіздігімен және өмір сүруге қолайлы жағдайымен танылса, енді бірі түрлі саяси оқиғалар мен халықаралық даулардың әсерінен жиі сынның астында қалады. Мұндай пікір елдің туристік тартымдылығына да, шетелдік инвестиция көлеміне де ықпал етеді. Осыған байланысты 2026 жылғы Democracy Perception Index зерттеуі әлем тұрғындарының түрлі мемлекеттерге қатысты көзқарасын саралап көрген. Сауалнамаға 85 елден 46 мыңнан астам адам қатысып, нәтижесінде 65 мемлекеттің әлемдегі имиджі бағаланды.

Швейцария мен Канада көш бастады

Рейтингте Швейцария мен Канада бірінші орынға шықты. Екі елдің де көрсеткіші +36 болды. Сарапшылар мұны аталған мемлекеттердің тұрақтылығымен, өмір сүру деңгейінің жоғарылығымен және халықаралық аренадағы жағымды имиджімен байланыстырады.

Үздік үштікке Жапония (+34) мен Швеция (+33) енді. Ал Италия (+32), Австралия (+30) және Жаңа Зеландия (+30) да жоғары нәтиже көрсетті.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, әлем жұртшылығы қауіпсіздік, тұрақтылық және өмір сүру сапасы жоғары елдерге көбірек сенім білдіреді.

Еуропа елдері алдыңғы қатарда

Ең жоғары бағаланған 15 елдің басым бөлігі Еуропада орналасқан. Жалпы алғанда Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің орташа көрсеткіші +26 болған. Алайда Франция мен Ұлыбританияның нәтижесі салыстырмалы түрде төмен болды. Екі ел де +11 көрсеткіш жинаған.

Азиядағы дамыған мемлекеттер де жақсы нәтиже көрсетті. Мәселен, Сингапур мен Оңтүстік Кореяның әрқайсысы +21 ұпайға ие болды.

АҚШ күтпеген нәтиже көрсетті

Әлемдегі ең ықпалды мемлекеттердің бірі саналатын АҚШ бұл рейтингте көшбасшылар қатарынан көрінбеді. Керісінше, оның көрсеткіші -16 болып, халықаралық деңгейде ең төмен бағаланған бес елдің қатарына енді.

Сарапшылар мұны соңғы жылдардағы сыртқы саясатпен, халықаралық қақтығыстармен және әлемдік қоғамдық пікірдің өзгеруімен байланыстырады.

Бұрын көптеген ел үшін мүмкіндік пен демократияның символы саналған АҚШ бүгінде әлем тұрғындарының бағалауында Германия, Жапония немесе Ұлыбритания секілді серіктестерінен әлдеқайда төмен көрсеткішке ие.

Зерттеуде АҚШ көрсеткіші Иран (-17) мен Ирактың (-13) деңгейіне жақын болғаны да назар аудартады.

Рейтингтің соңында Израиль тұр

Зерттеу нәтижесі бойынша ең төмен көрсеткіш Израильде тіркелді. Елдің рейтингі -24 болды.

Сарапшылар соңғы жылдары аймақтағы шиеленістердің күшеюі халықаралық қоғамдық пікірге айтарлықтай әсер еткенін айтады. Әсіресе Газа секторындағы қақтығыстар, Ливан және Сириямен арадағы әскери әрекеттер, сондай-ақ Иранмен қарым-қатынастың ушығуы Израильге деген көзқарастың өзгеруіне себеп болған. 

Нәтижесінде Израиль зерттеуге қатысқан барлық елдің ішінде ең төмен баға алды. Тіпті оның көрсеткіші Ауғанстан мен Солтүстік Кореядан да төмен болды. Бұл екі елдің рейтингі -19 деңгейінде тіркелген.

Елдің имиджі неге маңызды?

Қазіргі таңда мемлекеттің халықаралық аренадағы бейнесі оның экономикасы немесе әскери әлеуеті сияқты маңызды факторлардың біріне айналды. Себебі шетелдіктердің белгілі бір елге деген көзқарасы туристік тартымдылыққа, инвестициялық ахуалға және халықаралық серіктестікке тікелей әсер етеді.

Сондықтан көптеген мемлекеттер өздерінің оң имиджін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Ал мұндай рейтингтер әлем тұрғындарының қай елдерге сенім артатынын және қандай мемлекеттердің беделі әлсіреп жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш саналады.

Оқи отырыңыз