Жаңалықтар

Аптап ыстықта қалай қорғануға болады

18.06.2026 17:40
Ажар Лаубаева
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

Соңғы күндері еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық. Ауа температурасының жоғарылауы күнделікті өмірге ғана емес, адам денсаулығына да әсер етеді. Мамандар мұндай кезеңде ағзаның қызып кету қаупі артатынын ескертіп отыр. Осы орайда ыстық өтудің белгілерін біліп, одан қорғанудың қарапайым жолдарын еске сақтаған жөн.

Күн өту мен ыстық өтудің айырмашылығы неде?

Жаздың аптап ыстық күндерінде көпшілік өзін жайсыз сезінсе, оны бірден күн өтті деп ойлайды. Алайда дәрігерлер күн өту мен ыстық өтудің екі бөлек жағдай екенін айтады.

Күн өткен кезде күн сәулесі тікелей басқа әсер етіп, ми мен қан тамырларының қызуына себеп болады. Ал ыстық өту бүкіл ағзаның шамадан тыс қызуынан туындайды. Бұл үшін міндетті түрде күннің астында жүру шарт емес. Кейде желдетілмейтін бөлмеде, қоғамдық көлікте немесе ыстық көліктің ішінде ұзақ отырудың өзі ағзаның қызып кетуіне әкелуі мүмкін.

Әсіресе балалар, егде жастағы адамдар және күн астында жұмыс істейтін жандар ыстықтың әсерін ауыр қабылдайды. Сондықтан аптап күндері ағзаның берген белгілеріне бейжай қарамаған жөн.

Қандай белгілерге назар аудару керек?

Ыстық өту көбіне әлсіздіктен басталады. Адамның басы айналып, көзі қарауытып, жүрегі айниды. Кейбіреулер өзін қатты шаршағандай сезінеді, ал енді бірінде құсу байқалуы мүмкін.

Жағдай күрделене түскен сайын дене қызуы көтеріліп, адамның санасында өзгерістер байқалады. Бұлшықеттер тартылып, құрысуы мүмкін. Ауыр жағдайда адам есінен танып қалады.

Мұндай белгілер байқалса, уақыт жоғалтпай әрекет ету керек. Ең алдымен адамды салқын жерге апарып, тар киімдерін босатып, су берген дұрыс. Маңдайына немесе мойнына салқын сулық қою да көмектеседі. Егер жағдайы жақсармаса, міндетті түрде дәрігер шақыру қажет.

Аптап ыстықтан қалай қорғануға болады?

Мамандар күннің ең ыстық мезгілі – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында сыртта көп жүрмеуге кеңес береді. Егер маңызды шаруа болмаса, бұл уақытта көлеңкеде немесе салқын жерде болған жөн.

Сыртқа шыққанда ашық түсті, жеңіл киім киіп, баскиім киген дұрыс. Бұл қарапайым көрінгенімен, күннің әсерінен қорғанудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.

Су ішуге де ерекше көңіл бөлген жөн. Ыстықта ағза көп сұйықтық жоғалтады, сондықтан шөлдемей тұрып-ақ су ішіп отырған дұрыс. Компот, морс, салқын шай секілді сусындар да пайдалы. Ал алкоголь мен тәтті газдалған сусындар керісінше ағзаның сусыздануын күшейтеді.

Үйде болған кезде бөлмені жиі желдетіп, салқын душ қабылдаған пайдалы. Қажет болса желдеткіш немесе кондиционер қолдануға болады.

Кімдерге ерекше сақ болған жөн?

Аптап ыстыққа ең осал топ – балалар мен қарт адамдар. Олардың ағзасы температураның күрт көтерілуіне төзімді бола бермейді.

Сондықтан балаларды жабық көлікте немесе күн түсіп тұрған бөлмеде қалдыруға болмайды. Оларға жиі су беріп, баскиім киюін қадағалау қажет. Күннің ең ыстық уақытында балаларды далаға алып шықпаған дұрыс.

Қарт адамдарға да дәл осындай күтім қажет. Олар жиі су ішіп, мүмкіндігінше салқын жерде демалғаны жөн.

Жаз мезгілінде тамақтану тәртібін де жеңілдеткен дұрыс. Майлы әрі ауыр тағамдардың орнына көкөніс, жеміс-жидек, салқын тағамдар мен ашытылған сүт өнімдерін таңдаған жөн. Ал спортпен шұғылдану немесе ауыр жұмысты таңертеңгі не кешкі салқын уақытқа қалдырған дұрыс.

Оқи отырыңыз