Жаңалықтар

Apple-дің мерейтойлық смартфоны қандай болады

25.05.2026 12:10
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz / fpt

Әлеуметтік желіде мерейтойлық iPhone 20 туралы жаңа мәліметтер қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Инсайдер Джон Проссер жүргізетін fpt. YouTube арнасында құрылғының рендерлері жарияланып, смартфонның жаңа дизайны көрсетілді.

Фото: fpt

Жиексіз экран трендтке айнала ма?

Жарияланған бейнематериалға қарағанда, жаңа iPhone бұрынғы модельдерден айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін. Құрылғы иілген жиектері бар дисплеймен жабдықталған. Кей сарапшылар оның сыртқы келбетін iPhone 6 үлгісіне ұқсатып, бірақ заманауи жиексіз экранмен толықтырылған нұсқа деп сипаттап отыр. Камера блогының стилі де өзгеріп, iPhone Air концептіне жақындай түскені байқалады.

Фото: fpt

Рендерлердегі тағы бір ерекшелік – смартфонда екі ғана камераның көрсетілуі. Бұл көпшіліктің қызығушылығын тудырды, себебі Apple-дің соңғы флагмандық құрылғыларында үш сенсорлы жүйе қолданылып келеді. Сарапшылар мұны компания жаңа иілген дисплейлі дизайнды барлық модельдерге ортақ етуі мүмкін деген болжаммен байланыстырады.

Батареялары да өзгеруі мүмкін

Тек сыртқы өзгерістер емес, техникалық жаңартулар да күтіліп отыр. Мәліметтерге сүйенсек, компания дәстүрлі литий-ионды аккумуляторлардан бас тартып, кремний аноды бар батареяларды қолдануы ықтимал. Мұндай технология құрылғы көлемін өзгертпей-ақ аккумулятор сыйымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Фото: fpt

Смартфон жаңа A21 чипімен жабдықталады деп күтілуде. Бұған дейін чиптер негізінен TSMC өндірісінде жасалса, енді Intel зауыттарының да тартылуы ықтимал екені айтылуда.

Камера жүйесінде де өзгерістер болады деген ақпарат бар. Инсайдерлер мәліметінше, құрылғы жаңа HDR-сенсормен жабдықталып, фото және видео түсіру мүмкіндіктері кеңейе түсуі мүмкін.

Жаңа iPhone 20 қашан шығады?

Сонымен қатар Apple жоғары жылдамдықты HBM жад технологиясын енгізу мәселесін де қарастырып жатыр. Бұл шешім смартфондағы жасанды интеллект функцияларының жұмысын жылдамдатуға бағытталған. Дереккөздердің хабарлауынша, Samsung аталған технологияны ықшам құрылғыларға бейімдеумен айналысып жатыр және болашақта OLED-дисплейлер мен жад модульдерінің негізгі жеткізушісіне айналуы мүмкін.

Фото: fpt

Алдын ала мәліметтер бойынша, мерейтойлық iPhone 20 ресми түрде 2027 жылы таныстырылады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз