30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыMitsubishi компаниясы аты аңызға айналған Pajero жол талғамайтын көлігінің жаңа буынын ресми түрде таныстырды. Бесінші буын модель рамалы конструкцияға ие болып, 2,4 литрлік турбодизельмен жабдықталған. Қызығы, жаңа Pajero гибридті немесе электрлік нұсқасыз ұсынылып отыр.
Pajero қайтадан рамалы көлікке айналды
Mitsubishi рамалы Pajero-ны модельдік қатарға қайтаратынын биыл мамыр айында ресми мәлімдеген болатын. Осыдан кейін жаңа көліктің бірнеше тизері көрсетілді.
Pajero тарихы 1982 жылдан басталады. Төртінші буыны 2006 жылдан 2021 жылға дейін конвейерде тұрды. Кейбір нарықтарда модель Montero немесе Shogun атауларымен сатылды.
Бұған дейін жаңа Pajero Nissan Patrol моделіне жақын болады деген болжам болған. Алайда компания басқа шешім қабылдаған. Бесінші буын Pajero қазіргі Mitsubishi L200/Triton пикапымен бір платформада жасалған.
Жол талғамайтын көлік баспалдақ тәрізді рамамен жабдықталған. Өндірушінің айтуынша, жоғары берікті болатты кеңінен қолдану автомобильдің салмағын азайтуға мүмкіндік берген. Сонымен қатар раманың көлденең қимасы үлкейтіліп, оның бұралуға төзімділігі арттырылған.
Алдыңғы жағында тәуелсіз серіппелі аспа қолданылса, артқы бөлігі тұтас көпірі бар тәуелді серіппелі аспамен жабдықталған.
Жаңа Pajero-да Super Select 4WD-II толық жетек жүйесі бар. Ол асимметриялық өздігінен блокталатын орталық дифференциалмен жұмыс істейді.
Өлшемдері мен дизайны
Жаңа Mitsubishi Pajero-ның ұзындығы 4920 мм, ені — 1925 мм, биіктігі — 1910 мм. Доңғалақ базасы 2870 мм-ге тең. 20 дюймдік дөңгелектермен жабдықталған нұсқасының жол клиренсі 230 мм болады. Бұл көрсеткіш автомобильдің жолсыз жерлердегі мүмкіндігін арттырады.
Сыртқы дизайны Mitsubishi-дің қазіргі фирмалық стилінде орындалған. Алдыңғы бөлігінде Т-тәрізді күндізгі жүріс шамдары орналасқан. Олар жарық жолағымен өзара біріктірілген.
Негізгі фаралар күндізгі шамдардың астына орналастырылған. Төменгі бөлігінде шағын тұманға қарсы шамдар бар.
Артқы шамдар тік орналасқан, оларға көлденең қосымша секциялар жалғанған. Көліктің сыртқы бейнесін ірі бамперлер мен кеңейтілген доңғалақ аркалары толықтырады.
Радиатор торының екі нұсқасы ұсынылады: бірі көлденең жолақтармен, екіншісі торлы өрнекпен жасалған.
Жеті орындық салон
Mitsubishi Pajero жаңа буынында жеті орындық салон қарастырылған. Жабдықталу деңгейіне қарай мультимедиа және цифрлық аспаптар панелінің экрандары 12,3 немесе 14,3 дюйм диагональмен ұсынылады.
Орталық дисплейдің астында физикалық батырмалар мен дөңгелек басқару элементтері сақталған. Ал орталық тоннельде қозғалыс режимдерін таңдауға арналған ірі селектор орналасқан.
Жабдықтар тізіміне үш аймақты климат-бақылау, орындықтарды желдету және Yamaha аудиожүйесі кіреді. Сонымен қатар автомобильде сегіз қауіпсіздік жастығы бар. Олардың арасында алдыңғы орындықтардың ортасында орналасқан орталық жастық та қарастырылған.
Жүргізушіге көмектесетін жүйелер кешеніне айналаны толық көрсететін камералар, адаптивті круиз-бақылау, автоматты тежеу, жолақта ұстап тұру және соқыр аймақтарды бақылау жүйелері кіреді.
Pajero тек дизельмен шықты
Жаңа Mitsubishi Pajero-ның ең қызықты ерекшеліктерінің бірі — модельдің әзірге гибридті жүйесіз ұсынылуы.
Жол талғамайтын көлік L200/Triton пикапынан алынған 2,4 литрлік 4N16 турбодизельді қозғалтқышпен жабдықталған.
Қозғалтқыштың қуаты 204 ат күшін құрайды. Максималды айналу моменті нұсқасына қарай 470 немесе 480 Нм болады.
Қозғалтқыш 8 сатылы классикалық автоматты беріліс қорабымен жұптасады. Салыстыру үшін, L200/Triton пикабында осы мотор алты сатылы автоматпен жұмыс істейді.
Қай елдерде сатылады?
Жаңа Mitsubishi Pajero өндірісі Таиландтағы, Triton пикабы да шығарылатын зауытта жолға қойылады. Алғашқы нарық Таиланд болады. Мұнда жаңа жол талғамайтын көліктің сатылымы 2026 жылдың соңына дейін басталуы мүмкін.
Кейін Pajero Австралия мен Жапония нарықтарына шығады. Одан соң модель Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы және Таяу Шығыс елдеріне жеткізіледі.
Жалпы алғанда, Mitsubishi жаңа Pajero-ны шамамен 100 нарықта сатуды жоспарлап отыр.
Компанияның жаңа даму стратегиясына сәйкес, Pajero бұдан былай жеке модель емес, жеке модельдер әулетіне айналады. Бұл қатарға болашақта кемінде тағы екі модель қосылмақ.
Осылайша, Mitsubishi Pajero атымен танымал жол талғамайтын көлік нарыққа заманауи технологиялармен бірге, дәстүрлі рамалы конструкция және дизельді қозғалтқышпен қайта оралды.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды