Амандасу әдебі – қоғам айнасы

Амандасу әдебі – қоғам айнасы

Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

«Сәлем – сөздің анасы» дейді қазақ. Бір қарағанда күнделікті өмірдегі қарапайым әрекет көрінгенімен, амандасудың астарында тұтас бір мәдениет, тәрбие және адамға деген құрмет жатыр. Адамның үлкенге қалай сәлем бергенінен оның тәрбиесін, ал өзіне берілген сәлемді қалай қабылдағанынан оның кісілік болмысын аңғаруға болады.

Қазақ қоғамында амандасу ешқашан жай ғана «сәлемдесу» деңгейінде болмаған. Жасы кіші үлкенге бірінші сәлем берген, келген адам отырған адаммен амандасқан, алыстан келген кісі ел-жұрттың амандығын сұраған. «Мал-жан аман ба?», «Ел-жұрт аман ба?» деген сұрақтардың өзі халқымыздың сәлемдесуді адамдар арасындағы байланысты бекемдейтін ерекше мәдени құбылыс ретінде қабылдағанын көрсетеді.

Бүгінде заман өзгерді. Қала мәдениеті, жаһандану, түрлі елдердің ықпалы адамдардың қарым-қатынас тәсіліне де әсер етті. Кейде бір-бірімізге асығыс бас изеп өте шығамыз, кейде танысымыздың сәлемін естімегендей боламыз. Ал кей ортада күнделікті амандасудың өзін құшақтасып, беттен сүйісіп қарсы алумен алмастырып жүрміз. Осы мәселе биыл қоғам назарын қайта аударды.

Президент көтерген мәселе

2026 жылғы 23 тамызда Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрағына жауап берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы амандасу мәдениетіне қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы күнделікті қарым-қатынаста ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сондай-ақ ерлер мен әйелдердің беттен сүйісіп сәлемдесуі қазақтың дәстүрлі әдебіне тән емес екенін айтты.

Президенттің бұл пікірі қоғамда қызу талқыланды. Бір жағынан, бұл – адамның жеке қарым-қатынас мәдениетіне қатысты мәселе. Екінші жағынан, ұлттық әдептің қазіргі қоғамдағы орны туралы ойлануға себеп болған пікір. Мәселенің мәні тек «қалай амандасу керек?» деген сұрақпен шектелмейді. Оның астарында «Біз өз мәдениетімізді қаншалықты білеміз?», «Балаларымызға қандай әдеп үлгісін көрсетіп жүрміз?» деген сауалдар жатыр.

Зиялылар қостаған бастама

Амандасу мәдениеті туралы бұл мәселені қоғамға белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп бұған дейін де бірнеше рет көтерген.

2020 жылы жарияланған «Замандас, кездескенде есіңе алып, амандас!» атты мақаласында ол қазақтың амандасу дәстүрінің тәрбиелік мәніне тоқталған. Автордың айтуынша, үлкенге сәлем беру, оның батасын алу қазақ тәрбиесінің маңызды бөлігі болған. Жасы кіші адам үлкенге бірінші болып «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем берген, кейін мал-жанның амандығын сұраған. 

Нұртөре Жүсіп амандасуды адамның адамға деген құрметінің белгісі ретінде қарастырады. Ол сол мақаласында қазақтың дәстүрлі амандасуының бірнеше үлгісін ұсынған. Ұлттық сипаттағы сәлемдесуде оң қолды кеуде тұсына қойып, бас изеп ізет білдіруді, ресми ортада «Саламатсыздар ма?» немесе «Армысыздар» деген сөздерді қолдануды, ал көпшілік ортада қысқа әрі түсінікті «Сәлем!» деген амандасу үлгісін қалыптастыруды ұсынған. 

Ал 2026 жылғы шілдеде берген сұхбатында Нұртөре Жүсіп бұл ойын тағы да жалғастырып, Қазақстан халқы үшін ортақ амандасу үлгісін қалыптастыру жөнінде пікір айтты.

«Сәлем» деген сөзді негізге алсақ деп жазған едім. Үлкен ортаға, үлкен бір жиындарға келгенде жағалай барлық адаммен қол алысу мүмкін емес. … «Сәлем!» – «Сәлем!». Қолыңызды жүрек тұсына, кеудеңізге қойып, осылай сәлемдесіп өтсе, осы үлгіні алсақ қайтеді деген ұсыныс тастадым», – дейді Нұртөре Жүсіп. 

Оның бұл ұсынысының тағы бір ерекшелігі – амандасу мәдениетін мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтудің бір құралы ретінде қарастыруы. Жазушының айтуынша, әртүрлі этнос өкілдері қазақша амандасудың жөнін сұрайды. Сондықтан күнделікті өмірдегі қарапайым «Сәлем!» сөзінің өзі қоғамды ортақ тілдік кеңістікке жақындастыра алады. 

Қазақ қалай амандасқан?

Қазақтың дәстүрлі амандасу мәдениеті бір ғана қалыппен шектелмеген. Оның түрі адамның жасына, жынысына, туыстық қатынасына, әлеуметтік жағдайына және кездесудің сипатына қарай өзгеріп отырған. Мәселен, жасы кіші адамның үлкенге бірінші сәлем беруі – кең тараған әдеп нормасы. Ер адамдар қол алысып амандасқан. Үлкен кісіге құрмет білдіру үшін қолды кеудеге қою, бас ию сияқты ишаралар қолданылған.

Ал ұзақ уақыт көріспеген жақын адамдардың құшақтасып, төс қағыстырып қауышуы да болған. Сондықтан күнделікті амандасу мен ұзақ уақыттан кейінгі көрісудің ара-жігін ажырату маңызды. Бұл жөнінде этнограф Досымбек Қатыра да қазақта бұрыннан әртүрлі амандасу үлгілері болғанын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, ұзақ уақыт көріспеген адамдардың құшақтасып амандасуы мүмкін болғанымен, күн сайын көрісіп жүрген адамдардың амандық сұрасуы көбіне қарапайым сәлемдесумен шектелген. 

«Амандасудың да өзіндік әдебі бар»

Қазақтың дәстүрлі амандасу мәдениеті туралы пікір білдірген зиялы қауым өкілдерінің бірі – ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин. Ол амандасуды адамның адамға деген құрметі мен ықыласының көрінісі деп түсіндіреді. Сонымен қатар амандасу мен көрісудің екі бөлек ұғым екенін атап өткен.

«Амандасу – адамның адамға деген ықыласының жарқын көрінісі», – дейді Нұрлан Оразалин. 

Ақынның пайымынша, қол беріп амандасу – күнделікті сәлемдесудің бір үлгісі болса, құшақтасу мен қауышудың да өз орны бар. Яғни дәстүрді сақтау дегеніміз барлық жағдайда бір ғана қимылды қолдану емес, әрбір әрекеттің мәні мен орнын білу.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов те бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қазақ қоғамында үлкенге сәлем беру, жастың сәлемін алу және оған ақ тілегін білдірудің өзіндік мәдениеті болған. Жасы кіші адам үлкенге ізетпен сәлем берген, ал үлкен кісі оның сәлемін алып, батасын берген. 

Бұл жерде назар аударарлық бір нәрсе бар: қазақтың амандасу мәдениеті біржақты құрмет емес, өзара сыйластыққа негізделген. Кіші үлкенге құрмет көрсетеді. Үлкен кішіге ақ батасын береді. Яғни сәлем – екі адамның арасындағы әлеуметтік байланысты ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын да білдіретін белгі.

Сәлем – тәрбие бастауы

Амандасу мәдениеті баланың тәрбиесінен басталады. «Атаңа сәлем бер», «Әжеңмен амандас», «Үлкен кісіге бірінші болып сәлем бер» деген сөздер қазақ отбасында бұрыннан айтылып келген. Баланың үлкенге сәлем беруі арқылы ата-ана оған тек белгілі бір қимылды үйреткен жоқ. Онымен бірге үлкенді сыйлау, өзінен кішіні құрметтеу, өзгенің бар екенін ескеру, қарым-қатынаста әдеп сақтау сияқты құндылықтарды сіңірді.

Қазіргі білім беру бағдарламаларында да сәлемдесу ұлттық этикеттің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Қазақстанның бастауыш және негізгі орта білім беру бағдарламаларында оқушылардың сәлемдесу, танысу, рұқсат сұрау, қоштасу кезінде ұлттық этикетті сақтау дағдыларын қалыптастыру көзделген. Бұл амандасу мәдениетінің тек отбасылық тәрбие емес, жалпы қоғамдық мәдениеттің бір бөлігі екенін көрсетеді.

Қалалық өмір амандасу мәдениетін өзгертті ме?

Бүгінгі қала өмірі адамды асықтырды. Лифтке кірдік – телефонға үңілеміз. Көршімізді кездестірдік – үнсіз өте шығамыз. Бір кеңседе күн сайын көретін әріптесімізбен кейде таңертең амандасуды да ұмытып кетеміз. Нұртөре Жүсіп осы мәселені 2020 жылғы мақаласында да көтерген еді. Ол подъезде, лифтіде, көшеде кездескен адамдардың бір-біріне сәлем бермей өте шығуы туралы мәселе қозғаған. 

Шын мәнінде, амандасу үшін көп уақыт қажет емес. Бір ауыз «Сәлем!», «Сәлеметсіз бе?», Бір ауыз «Ассалаумағалейкүм!» немесе жай ғана жылы жүзбен бас изеу. Бірақ сол қысқа ғана әрекеттің өзі қарсы алдыңыздағы адамды байқап тұрғаныңызды, оны сыйлайтыныңызды білдіреді. 

Қазақ қоғамы бір орында тұрған жоқ. Қазір біз – көпэтносты, көпмәдениетті, урбанизацияланған қоғамбыз. Сондықтан дәстүрдің барлық элементін бұрынғы қалпында қайталау мүмкін де, міндетті де емес. Бірақ дәстүрдің өзегін сақтауға болады. Ал амандасу – осы құндылықтардың ең қарапайым әрі күнделікті көрінісі.

Заман өзгеруі мүмкін. Амандасудың формасы да өзгеруі мүмкін. Бірақ оның өзегіндегі адамға деген құрмет пен ізет өзгермеуге тиіс. Өйткені кейде қоғамның мәдениетін үлкен реформалар емес, күнделікті өмірдегі бір ауыз «Сәлем» көрсетеді.

Оқи отырыңыз

{