Алтынға апарар жол: Азиададағы боксшылардың нәтижесіне көңіл тола ма?

Алтынға апарар жол: Азиададағы боксшылардың нәтижесіне көңіл тола ма?

Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

Аичи–Нагоядағы Азия ойындарына ұлттық құраманың нөмірі бірінші спортшылары аттанды. 11 боксшының бесеуі жүлдеге ілікті. Cоның ішінде Алуа Балқыбекова, Наталья Богданова және Махмұд Сабырхан  қола жүлдегер атанса, Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай финалға шықты. Шешуші айқас 2 қазанда өтеді. 

Қыздарға артылған жүк ауыр

Иә, әйелдер құрамасынан бес бірдей үздік боксшы жапон жерінде бокстасты. Елдегі бокс тарихына үңілсек, әзірге ешкімде әйелдер арасында Азия ойындарының чемпионы атағы жоқ. 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азиадада 57 келіге дейінгі салмақта Карина Ибрагимова финалға шығып, күміс жүле алған-ды. Сондықтан биыл жанкүйерлер де, сарапшылар да әйелдер құрамасынан алтын күтті. 

Айтып-айтпай не керек, 54 келіде жұдырықтасқан Назым Қызайбай үшін турнир ерте аяқталды. Үш дүркін әлем чемпионы алғашқы жекпе-жегінде Қытай өкілі Чжао Сюаньмен кездесті. Қытайлық боксшы 4:1 есебімен жеңіске жетті. Сарапшылар Қызайбайға жапон жерінде жеребе жолдас болмағанын алға тартады. 

фото: Қазақстан Бокс федерациясы

Қыздардың жеребеде жолы болмады. Назым Қызайбай бірінші айналымда-ақ  Қытай қызына түсіп қалды. Виктория Графеева бірден Олимпиада чемпионына тап болды. Алуа финалға жету жолында қытай қызына жол берді. Сондықтан қыздарға қиын болды деуге болады. Аида Әбікеева да қытай қызына тап болды. Әйелдер боксына келгенде Қытайдың алдына қара салмайтынын білеміз, – дейді сарапшы Олжас Байбосын. 

Назымнан кейін 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Виктория Графеева  жарыс жолын ерте аяқтады. Қытайлық Тайбэйдің олимпиадалық жүлдегері Линь Юйтинмен жұдырықтасып, өте тартысты жекпе-жекте 2:3 есебімен жол берді. Бұл салмақта бес төрешінің үшеуі қарсыласын, екеуі Графееваны жоғары бағалаған. Десе де бокс сарапшысы Аслан Қаженов төрешілер шешімді бұрмалағанын атап өтті.

Қыздардан Виктория Графеева мен Наталья Богданованың жеңісі ұрланды деп нық сеніммен айта аламын. Не екенін білмеймін, төрешілер жеңісті бермей қойды. Өкінішті, жалындап тұрған қыздарға обал болды, – деді Аслан Қаженов. 

Десе де Олжас Байбосын Викторияның жеңілгенін айтады. Оның қарсыласы мықты екенін, кездесуде екі тарап та барын салғанымен, Линь Юйтин бір бас жоғары болғанын атап өтті.  Әрі осы боксшы өткен Азия ойындарының финалында Карина Ибрагимованы жеңгенін қосты. 

Наталья Богданованың жеңілісінен кейінгі дау

Артынша Аида Әбікеева (65 кг) жарысты ширек финалдан бастады. Ол Қытайдың Ли Шуымен кездесті. Жекпе-жек 0:4 есебімен Қытай боксшысының пайдасына шешілді. Мұнда да сарапшылар Әбікееваның қарсыласы мықты екенін атап өтті. 

 Назым, Аида, Алуа соңғы жекпе-жектерінде қарсыластарынан жеңілді. Не жетіспегенін түсінбедім. Себебі жөнінде бапкерлер, федерация өкілдері жауап бергені дұрыс. Жаттығу көп болды ма, жарыс көп болды ма, зорықтырып алды ма нақтысын айтсын. Қыздар климатқа үйренісе алмады деп айта алмаймыз. Өйткені турнирге 10 күн ерте келді. Тиісті жағдай жасалды. Бірақ үміт ақталмады. Қыздар тарихы жетістік тіркесе деп үміттендік. Бұған дейінгі Азия ойындарында  Карина Ибрагимова күміс алды. Сол көрсеткіштің өзін қайталай алмадық, – деп атап өтті Аслан Қаженов. 

фото: Нұрғали Жұмағазы

Ал 51 келіде бақ сынаған Алуа Балқыбекова  жарысты сәтті бастады. Оның алғашқы қарсыласы Үндістан өкілі Сакши болды. Осы жекпе-жекте Алуа  3:2 есебімен басым түсті. Ширек финалда Балқыбекова Жапонияның Юна Нишинакасын тағы да 3:2 есебімен жеңіп, жартылай финалға өтті. Жартылай финалда оны Азияның тәжірибелі боксшыларының бірі, Вьетнам өкілі Нгуен Тхи Там күтіп тұрды. Бұл жолы Алуа төрешілердің бірауызды шешімімен 0:5 есебімен жеңілді. Сөйтіп, қоланы қанағат тұтты. 

 Наталья Богданова болса  (75 кг)  ширек финалда өзбек қызы Азиза Зокированы 4:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Бұл жеңіс Богдановаға кем дегенде қола медальді қамтамасыз етті. Жартылай финалда қазақстандық боксшы Үндістанның олимпиада жүлдегері Ловлина Боргохайнмен кездесті. Өте тартысты айқаста үндістандық спортшы 3:2 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде, ел қоржыны тағы бір қоламен толықты. 

Айта кетерлігі, Қазақстан Бокс федерациясы Наталья Богданованың жартылай финалдағы нәтижесі бұрмаланғанын айтып, World Boxing ұйымына ресми протест жолдаған. Протест нәтижесі алда белгілі болады. 

Жеребе жолдас болмады

Қазақстан ерлер құрамасы Азия ойындарына алты салмақта бақ сынады:  Махмұд Сабырхан (55 кг), Оразбек Асылқұлов (60 кг), Төрехан Сабырхан (70 кг), Сабыржан Аққалықов (80 кг), Нұрбек Оралбай (90 кг), Айбек Оралбай (+90 кг). Махмұд Сабырхан (55 кг) ә дегенде Иран өкілі Мехди Каземиді 5:0 есебімен жеңді. Ширек финалда Оңтүстік Кореяның Шин Джэённан 3:1 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда  Филиппиннің тәжірибелі боксшысы Карло Пааламмен жолы түйісті. Өте тартысты кездесуде Паалам 3:2 есебімен басым түсті. Сөйтіп, Махмұд Сабырхан қола жүлдеге ие болды. Бірақ сарапшылар да, федерацияда төреші шешімімен келіспейді. 

фото: Нұрғали Жұмағазы

Махмұд Сабырхан Карло Пааламды жеңді, бірақ төреші біздің боксшының қолын көтермеді. Жеңіс ұрланды деуге болады. Махмұдтың барлық жекпе-жегі ауыр өтіп жатыр. Өйткені жеребе жолдас болмады. Байқасаңыз, төрешілер боксшылардың жеңісін бұрмалап жатыр. Бірінші раундта қыздарға да, жігіттерге де басымдық бермеді. Айта кетерлігі, Махмұдтың жекпе-жегіне протест берілді деп жатыр. Бірақ нәтиже өзгермейтініне сенімдімін. Шешім қаралмайды, жеңіс қайтпайды, – деп отыр Аслан Қаженов. 

Ал 60 келіге дейін салмақта сынға түскен Оразбек Асылқұлов алғашқы жекпе-жегінде Оңтүстік Корея өкілі Чан Донхванмен кездесіп, 1:4 есебімен жол берді. Артынша Сабыржан Аққалықов (80 кг) та алғашқы кездесуінде Оңтүстік Кореяның Ким Минсонгынан 2:3 есебімен жеңілді. Мұндай нәтижеге жанкүйерлер де, сарапшылар да таңданысын жасырмады. 

Жігіттерге тоқталатын болсақ, бірінші айналымда жарыс жолынан шығып қалған екі жігіт таңғалдырды. Екеуі де жеңілмеуі тиіс еді. Бір қызығы, екеуі де Оңтүстік Корея боксшысына жеңілді. Кейіннен сол боксшылар финалға жетіп жатыр. Шын мәнінде, қарсыластары мықты болып тұр. Бірақ бәрібір ақтауға келмейді. Аққалықов пен Оразбек Асылқұлов осы Азиадада кемінде жүлдегер болуы керек еді, – дейді Олжас Байбосын.  

фото: Арлан Олжабай

90 келіге ауысқан Нұрбек Оралбай болса алғашқы кездесуінде Ауғанстан өкілі Силаб Нуриді 5:0 есебімен жеңді. Ширек финалда оны өзбек Тұрабек Хабибуллаев күтіп тұрды. Нұрбек  өте тартысты айқаста 2:3 есебімен жеңіліп, жарысты тоқтатты. 

Нұрбектің жекпе-жегін көрдіңіздер. Хабибуллаев – өте мықты қарсылас. Осыған дейін екеуі Қытайдағы әлем кубогы аясында бокстасқан. Сол кезде де өзбек боксшысы жеңді. Тұрабек 90 келіге бейімделген боксшы. Қолының ұзындығы, дене бітімі 90 келіге келіп тұр. Нұрбек осы салмаққа жақында ғана ауысты. Кеше тең деңгейдегі кездесу өткізді. Сәл-сәл жетпей қалған тұсы бар. Сондықтан Нұрбек келесі жекпе-жегінде жеңіске жетеді деп ойлаймын, – дейді Олжас Байбосын.

Азиададан екі алтын бұйыра ма?

Жігіттердің жеңілісінен кейін Төрехан Сабырханның (70 кг) жарқын жеңісі  есеңгіреп қалған жанкүйерді қуантты. Ол алғашқы жекпе-жегінде Қатар боксшысы Мохаммед Дбичиді 5:0 есебімен жеңді. Ширек финалда Ирак өкілі Али Касим Хамдан әл-Саррайды бірінші раундта нокаутпен ұтты. Жартылай финалда Төрехан Өзбекстанның Шавкатжон Болтаевымен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен Азия ойындарының финалына шықты. 

Екі алтын алуға мүмкіндік бар. Кешегі Төреханның жекпе-жегін бабында жүргенін көрдік. Дәл осы қарқында финалда бокстасатын болса қарсыласына мүмкіндік жоқ. Оның үстіне Төреханның мансабында бір-ақ рет жеңілгенін, ал оның Зейад Ишаиш екенін ескерсек, бізді нағыз тартыс күтіп тұр. Өйткені Төрехан Азия чемпионатында осы боксшыдан жеңілген. Бұл боксшыда кеткен кегі бар, – дейді Олжас Байбосын. 

Ал Айбек Оралбай (+90 кг)  жарысты бірден ширек финалдан бастады. Алғашқы кездесуінде Қырғызстанның Мырзакир Кошалиевын 5:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда үнді боксшысын 5:0 есебімен жеңіп, Азия ойындарының финалына жолдама алды. Оның финалдағы қарсыласы – өзбек Жахонгир Зокиров. 

фото: Қазақстан бокс федерациясы

Айбекке келетін болсақ, оның қарсыласы өзбек боксшысы 20-25 келіге дейін арықтап, сыптай болған. Кеше қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді. Жекпе-жек жайында нақты болжам жасау қиын. Екеуі бұған дейін үш рет кездесіп, екеуінде Айбек жеңіске жеткен. Соңғы үлкен жарыста Айбектің чемпион болғанын ескерсек, Оралбай – фаворит, – дейді Олжас Байбосын. 

Сарапшы Аслан Қаженов те Айбек пен Төреханның алтынға лайық екенін, бұған дейін де жарқын ойын өрнегін көрсеткенін алға тартты. 

Азия ойындарының алтын медалін күтіп жүргенімізге 12 жыл болды. Қазақ боксы үшін үш цикл бойы алтын күтудің артында біраз мәселе тұр. Кейінгі кезде Олимпиада ойындарында да, Азиада да алтын жүлде бұйырмай жүр. Соңғы рет Инчхонда өткен Азиададан 6  алтын арқалап қайттық, – дейді Аслан Қаженов.

Алтынның арасы неге үзіліп қалды?

Сарапшының сөзінен кейін, Азия ойындарындағы қазақ боксшыларының өнеріне талдау жасадық. 1994-2023 жылдар аралығында боксшылар 16 алтын жеңіп алған. Жалпы, осы аралықта бокстан қоржынға 46 медаль түскен. 2010 жылдан бері қарай алып қарасақ, Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында Данияр Елеусінов (64 кг) пен Серік Сәпиев (69 кг) алтыннан алқа тақты. 2014 жылы Инчхонда өткен ойындарда 6 алтын жүлде алды. Мұнда Данияр Елеусінов (69 кг) екі дүркін Азия чемпионы атанды. 

фото: Нұрғали Жұмағазы

Бұдан кейін қазақ боксында құлдырау дәуірі басталды. 2018 жылы Джакартада өткен Азиадада ұлттық құрама бокстан алтын алмады. Ханчжоуда да боксшылардың жолы болмады. Бұған не себеп болғанын сарапшылардан сұрап көрдік. 

World Boxing ұйымын Геннадий Головкин басқарады. Десе де қазақстандық президентінің көзінше отандық боксшылардың жеңісін ұрлағаны өте қиын жағдай. Тағы бір түсініксіз тұсы – төрешілердің арасында бір қазақстандық маман жоқ. Төрешілер тізімінде арысы – Шри-Ланка, Гватемалла, Аргентина, берісі Азия елдерінен өзбек, тәжік, жапон жүр. Бірақ қазақ жоқ. Головкиннің қызметке келгеніне 1 жыл толды. Сол аралықта неге осы мәселе реттелмеді? Неге жүйе бір қалыпқа түспеді? Әуелде ұйым таза әрі ашық боксты қолдайтынын айтқан-ды. Бірақ іс жүзінде олай болмай жатыр. Өкініштісі, IBA кезіндегі мамандар жаңа ұйымда жұмыс істеп жүр. Қазақ боксшыларының жеңісі ашықтан-ашық ұрлануына осы фактор себеп болып отыр, – дейді Аслан Қаженов. 

Оқи отырыңыз

{