20.05.2026
10:40
180
Жаңалықтар

Алты президентпен жұмыс істеген қазақ қызы АҚШ-та елші атанды

АҚШ Сенатының шешімімен этникалық қазақ қызы Әсел Робертс (Төленова) Америка Құрама Штаттарының Словениядағы төтенше және өкілетті елшісі болып бекітілді. Бұл – тек дипломатиялық тағайындау ғана емес, күллі қазақ халқы үшін тарихи сәт. Өйткені Әсел Робертс АҚШ тарихында елші дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ атанды.

Бұл жаңалық әлемнің әр түкпіріндегі қазақ жастарына үлкен үміт сыйлады. Қазақ даласында дүниеге келген қыздың әлемдегі ең ықпалды елдердің бірінің жоғары дипломатиялық қызметіне жетуі – еңбек пен білімнің, табандылық пен арманның жеңісі. Оны бұл қызметке Дональд Трамп ұсынған. АҚШ Сенатында өткен дауыс беру кезінде оның кандидатурасын 46 сенатор қолдап, 43 сенатор қарсы шыққан. 

 Дипломатқа дейінгі жолы

Әсел Қалиқызы Робертс 1976 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Кей деректерде оның Алматы қаласымен де байланысы айтылады. Кеңес Одағының соңғы кезеңінде өскен ол тарихи өзгерістердің куәсі болды.

Әселдің өміріндегі ең үлкен бетбұрыс 15 жасында басталды. АҚШ үкіметінің студенттік алмасу бағдарламасы арқылы Америкаға аттанған жасөспірім қыз Arizona және Vermont штаттарында білім алды. Мектептегі оқуын АҚШ-та аяқтауы оның дүниетанымын түбегейлі өзгертті.

kz_in_usa

Кейін ол бұл кезең туралы:

Америка маған үлкен мүмкіндік сыйлады. Бұл – арман орындалатын ел екеніне сендім», – деп айтқан.

Жас Әсел үшін бұл сапар тек білім алу емес, болашаққа ашылған жаңа есік болды.

Джорджтаун университетінен Ақ үйге дейін

1993 жылы Әсел Робертс әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірі – Georgetown University жанындағы Edmund A. Walsh School of Foreign Service факультетіне оқуға түседі. Ол халықаралық құқық пен халықаралық ұйымдар бағыты бойынша білім алып, бакалавр дәрежесін иеленді.

Студенттік жылдары Ақ үйде тәжірибеден өтті. Бұл оның дипломатиялық мансабының алғашқы баспалдағы еді.

kz_in_usa

Оқуды тәмамдаған соң, 1999 жылы АҚШ Мемлекеттік департаментінің Президент Протоколы басқармасында жұмысын бастады. Содан бері ол америкалық дипломатия жүйесінің маңызды тұлғаларының біріне айналды.

Алты президентпен жұмыс істеген дипломат

Әсел Робертс 20 жылдан астам уақыт бойы АҚШ мемлекеттік қызметінде еңбек етті. Ол түрлі маңызды лауазымдарды атқарды:

  • аға кеңесші;
  • протокол басшысының міндетін атқарушы;
  • халықаралық сапарлар жөніндегі жетекші қызметкер;
  • дипломатиялық мәселелер бойынша протокол офицері.

2021 жылы Джо Байден әкімшілігі кезінде АҚШ мемлекеттік протоколының басшысы міндетін атқарды. Бұл қызметте ол әлем лидерлерінің сапарларын, халықаралық саммиттер мен тарихи кездесулерді ұйымдастырды.

kz_in_usa

Әсел Робертс алты президенттік әкімшілікпен жұмыс істеген санаулы дипломаттардың бірі. Оның кәсіби жолы Ronald Reagan кезеңінен басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.

Халықаралық саясаттағы күрделі келіссөздер, мемлекетаралық кездесулер, қауіпсіздік пен дипломатиялық хаттамалар 0 мұның бәрі оның тәжірибесінің бір бөлігіне айналды.

Словениядағы тарихи миссия

2026 жылдың ақпанында Дональд Трамп Әсел Робертстің кандидатурасын Словениядағы АҚШ елшісі қызметіне ұсынды. Кейін Сенат бұл шешімді қолдап, оның кандидатурасын ресми түрде бекітті.

Сенаттағы тыңдау кезінде Әсел ханым Қазақстандағы балалық шағын ерекше ықыласпен еске алып, АҚШ-қа ризашылығын білдірді. Ол екі ел арасындағы достық пен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға күш салатынын айтты.

Словения – АҚШ-тың Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі. Сондықтан бұл қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сарапшылардың пікірінше, Әсел Робертстің мол тәжірибесі жаңа дипломатиялық миссияда айрықша рөл атқарады.

Отбасы және жеке өмірі

Әсел Робертс жұбайы Шон Робертспен 20 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп келеді. Отбасы Нью-Йорк штатындағы Buffalo қаласында тұрады. Ерлі-зайыптылардың Айден есімді қызы бар.

Ол қызын өзінің ең үлкен шабыт көзі екенін жиі айтады. Қызметтегі жетістіктеріне қарамастан, ол отбасы құндылығын әрдайым бірінші орынға қояды.

ашық дереккөз 

Әсел Робертс бірнеше тілді еркін меңгерген:

  • қазақ тілі;
  • ағылшын тілі;
  • орыс тілі;
  • жапон тілі.

Бұл қабілет оған халықаралық дипломатияда зор артықшылық береді. Қазақ ауылынан шыққан қыздың АҚШ-тың жоғары дипломатиялық элитасына енуі – әлемнің кез келген биігін бағындыруға болатынын дәлелдейді. Оның жетістігі әсіресе шетелде білім алуды, халықаралық деңгейде мансап құруды армандайтын жастар үшін ерекше мотивация.

Бүгінде Әсел Робертс есімі АҚШ дипломатиясының тарихына алтын әріппен жазылды. Ол – тұңғыш қазақ елші. Оның өмір жолы болашақ ұрпаққа шабыт беретін тағылымды тарихқа айналды.