24.04.2026
11:21
373

Алматыда Мұхтар Шахановтың атына көше беріле ме? Әкімдік жауап берді

Әлеуметтік желіде жұрт жуырда өмірден өткен ақын Мұхтар Шахановтың есімін Алматы қаласындағы көшелердің біріне беру туралы ұсыныс білдіріп жатыр. Осыған қатысты Алматы әкімдігі Baribar.kz порталының ресми сауалына жауап берді.

Әкімдік мәліметінше, ақынның есімін көше атауына беру мәселесі белгіленген тәртіпке сәйкес мемлекеттік органдар мен тиісті комиссиялардың қарауына ұсынылады.

Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбеттің айтуынша, бұл үшін алдымен қала әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданып, ұсыныс Республикалық ономастика комиссиясына жолдануы тиіс.

Бұл мәселе бойынша Алматы әкімдігінің қаулысы мен Алматы мәслихатының бірлескен шешімі арқылы Республикалық ономастика комиссиясына ұсыныс жолданады, – деді Бақыт Қалымбет.

Оның сөзінше, ең алдымен Республикалық ономастика комиссиясы ақынның есімін көше атауына беруге келісім беруі қажет. Комиссия құрамында белгілі ғалымдар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері бар. Тек содан кейін ғана Алматы әкімдігі мен мәслихат қаладағы көшелердің біріне атау беру немесе қайта атау жөнінде шешім қабылдайды.

Айта кетейік, әлеуметтік желі қолданушылары қаладағы Розыбакиев немесе Тимирязев көшелерінің біріне Мұхтар Шахановтың есімін беру туралы ұсыныс айтып жатыр.

Сонымен қатар әкімдік «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңының талаптарын да еске салды. Атап айтқанда, заңның 25-бабының 5-бөлігіне сәйкес, елді мекендердегі нысандарға тұлғаның есімі оның қайтыс болған күнінен кейін кемінде бес жыл өткен соң ғана беріледі.

Оқи отырыңыз: 

Еске сала кетейік, көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Ақынмен қоштасу рәсімі 21 сәуірде Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Ал 22 сәуірде ол Арыстанбаб кесенесі маңындағы зиратқа жерленді.

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын қарапайым қызметтен бастап, кейін журналистика мен әдебиет саласында жемісті еңбек етті. «Оңтүстік Қазақстан» және «Лениншіл жас» газеттерінде қызмет атқарып, Қазақстан Жазушылар одағында, «Жалын» журналында басшылық қызметтерді атқарды.

Қоғамдық-саяси қызметте де белсенді болған ақын КСРО халық депутаты, Жоғарғы Кеңес мүшесі, Қазақстан Республикасының Халық депутаты болды. 1993-2003 жылдары Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. Кейін Мәжіліс депутаты ретінде ел өміріндегі маңызды бастамаларға қатысқан.