Спорт

Әлемнің үздік шабандоздары Астанада бас қосты

29.05.2026 17:15
Амангүл Тілейқызы
Фото: Ел кз/ Аружан Қали
Астанада халықаралық ат спорты жарысы басталды. Алғаш рет FEI аясындағы үш ірі турнир бір уақытта өтіп жатыр. Үш күнге созылатын додаға әлемнің түрлі елдерінен келген шабандоздар қатысып, конкур мен атпен мәнерлеп жүруден бақ сынайды.
 
Бұл турнирлер 2026 жылы Ахенде өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің бірі саналады. Сонымен қатар қазақстандық шабандоздар алғаш рет халықаралық рейтингтік ұпайларды өз елінде жинауға мүмкіндік алып отыр.
Ел кз/Аружан Қали 

Астанаға Бразилия, Колумбия, Үндістан, Марокко, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка Республикасы, Мысыр, Эквадор, Ресей, Өзбекстан, Қазақстан және өзге де елдерден спортшылар келді. 

Ел кз/Аружан Қали 
Ел кз/ Аружан Қали 

Жарыс бағдарламасына халықаралық деңгейдегі конкур мен атпен мәнерлеп жүру сайыстары енген. Турнирдің басты бәсекесінің бірі – кедергі биіктігі 160 сантиметрге дейін жететін Әлем кубогы кезеңінің Гран-при сайысы.

Ел кз/ Аружан Қали 

ҚР ат спорты бойынша бас бапкері Әсет Толқымбеков бұл жарыстың ел спорты үшін тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

Ел кз/ Аружан Қали 

Ат спорты федерациясы үшін Астана қаласында осындай ауқымды әрі халықаралық маңызы зор іс-шараны қабылдау – үлкен мәртебе. Қазақстан тарихында алғаш рет бір алаңда бірден үш халықаралық турнир өтіп жатыр. Бұл – отандық ат спортының дамуына серпін беретін әрі Қазақстанның әлемдік спорт жүйесіндегі беделін нығайтатын маңызды қадам, – деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде Астана әлемнің түкпір-түкпірінен келген шабандоздарды, халықаралық сарапшылар мен ат споры қауымдастығы өкілдерін тоғыстырған ерекше орталыққа айналған.

Ел кз/ Аружан Қали 
Ел кз/ Аружан Қали 

Бір кездері Ұлы Жібек жолы өткен Еуразия жүрегінде бүгінде түрлі елдердің мәдениеті, дәстүрі және спорт мектептері қайта тоғысып отыр. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі Қазақстанның ең жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық дайын екенін дәлелдейді, – деді бас бапкер.

Халықаралық додаға қатысу үшін Колумбиядан келген 17 жастағы шабандоз Емилиана Лондоньо да жарыс туралы жылы пікірін білдірді. Ол ат спортымен бес жасынан бері айналысады және қазіргі таңда конкур дисциплинасында өнер көрсетеді. Бұл жарысқа үлкен сеніммен шыққанын жасырмады. 

Ел кз/ Аружан Қали 

Мен Қазақстанға анаммен бірге келдім. Мұндағы ұйымдастыру деңгейі өте жоғары екен. Қазақстан маған қатты ұнады. Бүгін жеңімпаз болуға толық дайынмын. Қазір бар назарымды соған аударып отырмын, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы күндері көрермендерді жылдамдыққа, дәлдікке және шынайы спорт рухына толы тартысты бәсекелер күтіп тұр. 

Ел кз/ Аружан Қали 

Бұл халықаралық жарыстар Қазақстанның әлемдік ат спорты кеңістігіндегі орнын нығайтып қана қоймай, елдегі ат спорты мәдениетінің жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды оқиға ретінде бағалануда.

Ел кз/ Аружан Қали 

Аружан Қали 

Оқи отырыңыз