«Әлемнің бірінші ракеткасы елге келеді»: Рыбакина Қазақстанда шеберлік сабағын өткізеді

«Әлемнің бірінші ракеткасы елге келеді»: Рыбакина Қазақстанда шеберлік сабағын өткізеді

Диана Орынбасар
Фото: instagram.com/lenarybakina

Әлемнің бірінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Астана мен Алматыға келеді. Бір аптаға жоспарланған сапар барысында ол жас теннисшілерге шеберлік сабағын өткізіп, жанкүйерлерімен кездеседі. Сонымен қатар спортшы Қазақстанда жарақатына байланысты медициналық тексеруден өтеді.

Жас спортшылармен тәжірибесін бөліседі

Рыбакинаның елге сапары US Open-2026 турниріндегі тарихи жеңісінен және WTA рейтингінде алғаш рет бірінші орынға көтерілуінен кейін өтпек.

Қазақстанда болатын бір апта ішінде Рыбакина Астана мен Алматыдағы жас теннисшілермен кездесіп, кортта шеберлік сабағын өткізеді. Әлемдік теннистің ең ірі додаларында мол тәжірибе жинаған спортшы жас ойыншылармен кәсіби тәжірибесімен бөліседі. Сондай-ақ оның жанкүйерлермен кездесуі де қарастырылған.

Фото: instagram.com/lenarybakina

Сапар аясында Рыбакина медициналық тексеруден өтеді. Теннисші Цинциннатиде өткен WTA 1000 турнирінде ахилл сіңірін жарақаттап, ширек финалдық кездесуге шыға алмаған еді. Жарақат US Open кезінде де сыр берген. Соған қарамастан Рыбакина Нью-Йорктегі жарысты соңына дейін өткізіп, чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Мансабындағы үшінші Grand Slam

US Open-дегі жеңіс Елена Рыбакинаның мансабындағы үшінші Grand Slam титулы болды. Ол бұған дейін 2022 жылы Уимблдонда жеңіске жетіп, 2026 жылы Australian Open чемпионы атанған еді. Нью-Йорктегі табысынан кейін қазақстандық теннисші WTA рейтингінде алғаш рет бірінші орынға көтерілді. Осылайша Рыбакина әлемдік әйелдер теннисінің рейтингін бастаған Қазақстан атынан өнер көрсететін алғашқы спортшы атанды.

Бұл маусым Рыбакина үшін айрықша нәтижелермен есте қалды. Бір жылдың ішінде Australian Open мен US Open турнирлерінде топ жарған ол Grand Slam додаларындағы титулдарының санын үшке жеткізді.

Фото: instagram.com/lenarybakina

Басты міндет – жарақаттан толық айығу

Жаттықтырушылар штабының мәліметінше, теннисшінің емделіп, толық қалпына келуіне кемінде екі апта қажет. Осыған байланысты Рыбакина Қытайда өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне қатыса алмайды. Енді спортшы үшін басты міндет – денсаулығын қалпына келтіріп, толыққанды жаттығуға оралу.

Елена Рыбакина Қазақстан атынан халықаралық аренада өнер көрсетуді мақтан тұтатынын бірнеше рет айтқан. Оның биылғы US Open-дегі жеңісі мен әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілуі отандық теннис үшін тарихи нәтижеге айналды.

Оқи отырыңыз

{