Әлемге әйгілі альпинист Нирмал Пурджа Пәкістандағы қар көшкінінен қаза тапты

Әлемге әйгілі альпинист Нирмал Пурджа Пәкістандағы қар көшкінінен қаза тапты

Асқар Таудай
Фото: Ашық дереккөзден

Әлемдік альпинизм тарихында есімі алтын әріппен жазылған непалдық альпинист Нирмал Пурджа Пәкістандағы Қарақорым тау жотасында орналасқан Броуд-Пик шыңында (8047 метр) болған қар көшкінінен қаза тапты. Қайғылы оқиға туралы оның Elite Exped агенттігі ресми түрде мәлімдеді.

Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, Пурджамен бірге экспедиция құрамындағы өзге де альпинистер апаттан аман қалмаған. Алдын ала мәлімет бойынша, қар көшкінінен кейін жалпы 10 альпинист із-түзсіз жоғалып кеткен.

«Бүгін жүрегімізге ауыр қайғы ұялатып, Нирмал Пурджаның Броуд-Пик тауында болған қар көшкінінен қаза тапқанын растаймыз. Әлем батылдығы, қарапайымдылығы және адам мүмкіндігінің шексіз екеніне сенген ұлы альпинистердің бірінен айырылды», – делінген агенттік мәлімдемесінде.

Жоспарда болмаған шың

Нирмал Пурджа бастапқыда Броуд-Пикке көтерілуді жоспарламағанын бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында жазған еді. Оның негізгі мақсаты – Гашербрум II (G2) шыңын бағындыру болатын.

Алайда Пәкістанға аттанар алдында өз жетістіктерін қайта саралаған альпинист Броуд-Пикті де бағындырса, тек Чо-Ойю шыңы ғана қалатынын түсінген. Осылайша ол әлемде алғаш болып барлық 14 сегізмыңдық шыңды екі рет әрі қосымша оттегісіз бағындырған адам атануға мүмкіндік алмақ болған.

«Бұл жоспарланған мақсат емес еді. Бірақ Броуд-Пикке шықсам, тек бір ғана шың қалатынын түсіндім. Сонда тарихта барлық 14 сегізмыңдықты екі мәрте, оттегісіз бағындырған алғашқы адам болар едім», – деп жазған болатын спортшы.

Альпинизм аңызы

Непалда дүниеге келген Нирмал Пурджа ұзақ жылдар Ұлыбритания армиясының арнайы бөлімінде қызмет атқарған. Кейін кәсіби альпинизмге бет бұрып, әлемдегі ең танымал тау бағындырушылардың біріне айналды.

2018 жылы Ұлыбритания патшайымы II Елизавета оны биік таулы альпинизмді дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін Британ империясы орденімен (MBE) марапаттады.

2019 жылы Пурджа адамзат тарихында алғаш рет барлық 14 сегізмыңдық шыңды небәрі алты айдың ішінде бағындырып, әлемдік рекорд орнатты. Бұл жетістік оған халықаралық деңгейде зор танымалдық әкелді.

Кейін ол осы тарихи сапары туралы кітап жазып, оның ерлігі негізінде Netflix «14 шың: Мүмкін емес мүмкін болады» атты деректі фильм түсірді.

Сондай-ақ Нирмал Пурджа Эверест, Лхоцзе және Макалу шыңдарын 48 сағат ішінде бағындырған алғашқы альпинист ретінде тарихқа енді. 2021 жылы ол тоғыз непалдық альпинистпен бірге К2 шыңына қыс мезгілінде алғаш көтерілген экспедиция құрамында болды.

2024 жылы Пурджа тағы бір тарихи жетістікке жетіп, әлемдегі барлық 14 сегізмыңдық пен «Жеті шың» бағдарламасын оттегі баллонын қолданып та, қолданбай да толық аяқтаған алғашқы адам атанды.

Қарақорымдағы қайғылы оқиғалар

Нирмал Пурджаның қазасы Қарақорым тау жүйесінде бір жылдың ішінде болған екінші ірі қайғылы оқиғаға айналды. Осы жылдың 28 шілдесінде дәл осы өңірде Лайла шыңына көтерілу кезінде екі дүркін Олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы, германиялық биатлоншы Лаура Дальмайер де қаза тапқан болатын.

Нирмал Пурджаның есімі әлемдік альпинизм тарихында рекордтарымен, батыл шешімдерімен және биік шыңдарды бағындырудағы ерекше жетістіктерімен мәңгі сақталады.

Оқи отырыңыз

{