Америкалық ESPN спорт порталы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының басталуына 30 күн қалғанда турнир фавориттерінің жаңартылған рейтингін жариялады.
Тізім көшін Испания құрамасы бастады. ESPN сарапшылары «Барселонаның» жас жұлдызы Ламин Ямаль жарақат алғанына қарамастан, испаниялықтарды алдағы мундиальдің басты фавориті деп санайды.
Екінші орынға Франция құрамасы жайғасса, қазіргі әлем чемпионы Аргентина үздік үштікті түйіндеді. Ал алғашқы бестікке Англия мен Бразилия командалары да енді.
41 жастағы Криштиану Роналду өнер көрсететін Португалия құрамасы алтыншы орынға тұрақтады. Ал Германия жетінші сатыдан көрінді.
Сонымен қатар ESPN Өзбекстан құрамасына да ерекше назар аударған. Өзбек футболшылары тарихта алғаш рет әлем чемпионатына қатыспақ. Олар K тобында Португалия, Колумбия және Конго Демократиялық Республикасымен бірге өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Өзбекстанмен бір топқа түскен Колумбия рейтингте 12-орынға жайғасса, Португалия басты фавориттердің алғашқы алтылығына кірген.
Рейтингке сондай-ақ Нидерланд, Марокко, Норвегия, Бельгия, Сенегал, Хорватия және Жапония құрамалары енді.
ESPN нұсқасы бойынша 2026 жылғы әлем чемпионатының басты фавориттері:
Құрамалар ойыншылар тізімін қашан жариялайды?
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Алдағы мундиаль тарихта алғаш рет жаңа форматта ұйымдастырылмақ.
ФИФА-ның футбол географиясын кеңейту бағдарламасы аясында бұл жолы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 48 құрама қатысады. Бұған дейін, яғни 1998 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта турнирге 32 команда ғана жолдама алып келген еді.
Әлем біріншілігінің матчтары Солтүстік Американың 16 қаласында өтеді. АҚШ-та ойындар Атланта, Бостон, Даллас, Хьюстон, Канзас-Сити, Лос-Анджелес, Майами, Нью-Йорк, Филадельфия, Сан-Франциско және Сиэтл қалаларында ұйымдастырылады. Мексикадан Мехико, Гвадалахара және Монтеррей қабылдаушы қала ретінде таңдалса, Канада атынан Торонто мен Ванкувер матчтарды өткізеді.
ФИФА талаптарына сәйкес, әлем чемпионатына қатысатын құрамалардың соңғы тізімінде 23 пен 26 аралығындағы футболшы болуы мүмкін. Оның ішінде міндетті түрде үш қақпашы болуы тиіс. Ал алдын ала кеңейтілген құрамға 35-тен 55-ке дейін ойыншы енгізіледі.
Командалар ресми тізімді кез келген уақытта жариялай алады. Дегенмен ФИФА барлық құрамаларды ресми бекітетін соңғы күн – 2026 жылдың 2 маусымы.
11 мамырда құрамалар алдын ала кеңейтілген тізімді ұсынуы тиіс. Бұл құрамға 35-55 футболшы енгізіледі.
25 мамыр – ұлттық құрамаларға шақырылған ойыншыларды жариялаудың соңғы күні.
25 мамыр мен 1 маусым аралығында командалар әлем чемпионатына қатысатын негізгі құрамын жариялайды.
Ережеге сәйкес, егер футболшы жарақат алып қалса, команда турнирдегі алғашқы матчқа дейін бір тәулік бұрын оны басқа ойыншымен алмастыра алады.
Кейбір құрамалардың ресми тізімді жариялау күндері:
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты футбол тарихындағы ең ауқымды турнирлердің бірі болмақ. Жаңа формат жанкүйерлерге бұрынғыдан да көп матч пен жаңа қарсыластар текетіресін көруге мүмкіндік береді.