Спорт

Әлем чемпионатындағы ең әсерлі алты оқиға

18.06.2026 12:45
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Әлем чемпионаты тек голдар мен турнирлік кестеден тұрмайды. Биылғы мундиальда жанкүйерлерді алаңдағы ойыннан гөрі футболшылардың тағдыры алаңдатуда. Әкесінен ерте айырылған Аймен Хусейннің өмірі, анасын трибунаға жеткізу үшін тұтас АҚШ жұмылған Возиньяның хикаясы – футболдың адам тағдырларымен астасқанын көрсетеді. El.kz интернет порталы әлем чемпионатындағы ең әсерлі оқиғаларға шолу жасады.

Әлем чемпионаты үшін екі сағатқа кешіккен ел

Бұған дейін әлем чемпионатына шыққан командалар көшеде шеру өткізіп, жанкүйерлерімен бірге мерекелегені белгілі. Алайда биыл Өзбекстанда футболдың ықпалы бұдан да жоғары деңгейге көтерілді. Елдің кейбір мекемелері жұмыс уақытын кейінге шегеріп, тұрғындарға ұлттық құраманың ойынын тамашалауға мүмкіндік берді.

Бұл жағдай кездейсоқ емес. Себебі Өзбекстан биыл өз тарихында алғаш рет футболдан әлем чемпионатына қатысып отыр. 1991 жылы тәуелсіздік алған ел үшін бұл көптен күткен арман еді.

Фото: ашық дереккөзден

Футболға деген қызығушылықтың қаншалықты артқанын жұмыс кестесінің өзгеруінен-ақ байқауға болады. Көпшілік ұлттық құраманың матчын өткізіп алмау үшін жұмыс күнін кейінірек бастауды жөн көрді. Бұл Өзбекстанда футболдың жай спорт емес, ұлттық мақтаныштың символына айналғанын көрсетті.

Қызығы, Өзбекстан әлем чемпионатына алғаш шыққан төрт дебютанттың бірі саналады. 2026 жылғы мундиальда алғаш рет қатысып жатқан құрамалар қатарында Өзбекстан, Кабо-Верде, Иордания және Кюрасао бар.

Айта кету керек, Өзбекстан құрамасы матчқа Орта Азия елдерінің туларын алып шықты. Осы арқылы олар «біз тек өзбек халқы үшін емес, бүкіл Орта Азияның намысы үшін ойнап жүрміз» деген ойды жеткізгендей.

Фото: видео скрин ЖИ арқылы өңделді

Терроризм әкесін тартып алды, бірақ арманын ала алмады

Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Ирак құрамасының жеңіс голын соққан Аймен Хусейн бүгінде миллиондаған жанкүйердің құрметіне ие футболшы. Алайда оның табысқа жету жолы жеңіл болған жоқ. Керісінше, ол соғыс пен терроризмнің қасіретін өз басынан өткерген спортшылардың бірі.

Аймен Хусейн 1996 жылы Ирактың Киркук провинциясында дүниеге келген. Оның балалық шағы елдегі тұрақсыздық пен қарулы қақтығыстар кезеңімен тұспа-тұс келді. Болашақ футболшы небәрі 12 жасында әкесінен айырылды. Ирак армиясында қызмет еткен әкесі террорлық шабуылдың құрбаны болды. Бұл оқиға отбасы үшін ауыр соққы еді.

Фото: ашық дереккөзден

Арада бірнеше жыл өткенде тағдыр тағы бір сынақ жіберді. Айменнің ағасын ISIS содырлары алып кетіп, содан бері оның тағдыры белгісіз күйінде қалды. Осылайша жасөспірім шағында-ақ ол отбасының екі бірдей тірегінен айырылды.

Қиындықтарға қарамастан Аймен футболдан қол үзген жоқ. Бір кездері отбасына көмектесу үшін спортты тастап, жұмыс істеуді де ойлаған. Бірақ анасы ұлына арманы үшін күресуді тоқтатпауға кеңес берген. Кейін бұл шешім оның өмірін түбегейлі өзгертті.

2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде соққан шешуші голы арқылы Аймен Хусейн Ирак футболының тарихына енді. Оның добы ел құрамасын 40 жылдан кейін алғаш рет әлем чемпионатына шығарды. Бұл жеңіс бүкіл Ирак халқы үшін тарихи сәт еді.

Әлем чемпионаты басталар алдында тағы бір күтпеген жағдай орын алды. АҚШ-қа келген футболшы Чикаго әуежайында бірнеше сағат бойы тексеруден өтті. Соған қарамастан ол турнирге қатысып, алғашқы матчтардың бірінде Норвегия қақпасына гол соғып, тағы да ел үмітін ақтады.

«Ешбір ана баласының тарих жасаған сәтін жіберіп алмауы керек»

2026 жылғы әлем чемпионатының ең әсерлі оқиғаларының бірі Кабо-Верде құрамасының қақпашысы Возиньяға қатысты. Испанияға қарсы тарихи матчтан кейін көз жасына ерік берген футболшының жанын ауыртқан нәрсе жеңіс не марапат емес, анасының стадионда болмауы еді.

Кабо-Верденің әлем чемпионатындағы алғашқы ойынында Возинья Испания шабуылшыларының бірнеше қауіпті соққысын қайтарып, матч қаһарманына айналды. Алайда ойыннан кейін ол анасы Ана Кандида Эвораның АҚШ визасына байланысты трибунадан қолдау көрсете алмағанын айтты. Қаржылық қиындықтар мен құжат рәсімдеу мәселелері оның әлем чемпионатына келуіне кедергі болған.

фото: ашық дереккөзден

Бұл оқиға әлеуметтік желіде кең таралып, мыңдаған жанкүйердің жүрегін елжіретті. Ақыры мәселе АҚШ саясаткерлерінің деңгейіне дейін жетті. АҚШ Өкілдер палатасындағы демократтар көшбасшысы Хаким Джеффрис Мемлекеттік хатшы Марко Рубиоға арнайы жүгініп, футболшының анасына көмектесуді сұрады. Оның: «Ешбір ана баласының тарих жасаған сәтін жіберіп алмауы керек» деген сөзі әлемдік БАҚ-та кеңінен тарады.

Нәтижесінде АҚШ билігі Возиньяның анасына визаны жедел рәсімдеуге көмектесетінін мәлімдеді. Барлық төлемдер алынып тасталып, жол жүру мәселесі де шешіле бастады. Енді Ана Кандида Эвора ұлының Уругвайға қарсы матчына келіп, оны трибунадан қолдай алады.

Қызығы, Возинья бала кезінде ата-әжесінің қолында өскен. Кейін олар өмірден өткен. Сондықтан әлем чемпионатындағы тарихи сәтте жанында ең жақын адамы – анасының болмағаны футболшыға ауыр тиген. Испаниямен матчтан кейінгі көз жасы да осы сағыныш пен өкініштен туған еді.

Йоан Виссаның өмірі фильмге сұранып тұр

2026 жылғы әлем чемпионатында ДР Конго құрамасының алғашқы голын соққан Йоан Висса көпшілік үшін жай ғана шабуылшы болып көрінуі мүмкін. Алайда оның өмір жолы футболдағы ең ауыр тағдырлардың бірі саналады.

2021 жылдың шілдесінде Висса Франциядағы үйінде болған кезде есігін қаққан әйелге есік ашады. Әйел футболшының кішкентай қызын ұрлап кетпек болып, қарсылық көрсеткен Виссаның бетіне қышқыл сұйықтық шашқан. Соның салдарынан футболшы ауыр химиялық күйік алып, екі көзіне шұғыл операция жасалды. Дәрігерлер оның көру қабілетін жоғалтып алуы мүмкін екенін айтқан.

Фото: ашық дереккөзден

Шабуыл дәл оның Англияның «Брентфорд» клубына ауысар алдындағы күндері болған. Висса бірнеше ай бойы емделіп, көру қабілетін қалпына келтіруге тырысты. Кейін өзі бұл оқиғадан кейін футболды мүлде тастауды ойлағанын мойындаған. Өйткені сол сәтте карьера емес, отбасының амандығы маңыздырақ көрінген.

Футболшының айтуынша, шабуылдан кейін алты айға жуық уақыт өткенде ғана көзі толық қалпына келген. Ол тіпті ұзақ уақыт бойы жалғыз ұйықтай алмайтын жағдайға түскен. Қазір де көз тамшыларын тұрақты қолданады.

Алайда Висса берілмеді. Ауыр операциялардан кейін алаңға қайта оралып, Англия Премьер-лигасының үздік шабуылшыларының біріне айналды. Ал 2026 жылғы әлем чемпионатында ДР Конго тарихындағы алғашқы голдың авторы атанды.

«Әке, сен әр туған күнімде футбол ойнап жүресің»

Футбол жанкүйерлері мексикалық қақпашы Гильермо Очоаны әлем чемпионаттарының аңызы ретінде таниды. Ол бес бірдей мундиальға қатысып, Мексика құрамасының символына айналды. Бірақ оның ең әсерлі оқиғаларының бірі футбол алаңында емес, отбасында болған.

Бір күні Очоаның қызы әкесіне жүрек тебірентерлік хат жазған. Онда кішкентай қыз әкесінің туған күндерінде үнемі футболда жүретінін айтып, сағынышын жеткізеді.

Фото: DPA/ТАСС

Әке, сен менің туған күнімде үнемі футбол ойнап жүресің. Кейде сені қатты сағынамын. Бірақ мен түсінемін. Сен өз елің үшін бар күшіңді салып жүрсің. Мен сенімен мақтанамын, – деп жазған ол.

Бұл хат кейін әлеуметтік желілерде кең тарап, мыңдаған жанкүйердің жүрегін елжіретті. Ал Очоа үшін әлем чемпионаты тек спорттық жарыс емес. Ол ондаған жылдар бойы мексикалық жанкүйердің үмітін арқалап келеді. Алайда сол жетістіктің екінші жағы да бар – отбасыдан жырақта өткен айлар, жіберіп алған мерекелер мен балаларының есейіп кеткен сәттері.

Қызының хатына жауап ретінде Очоа оның сөздері өзіне кез келген марапаттан қымбат екенін айтқан. Өйткені әлем чемпионатындағы жеңістер уақыт өте ұмытылуы мүмкін, ал баланың әкесіне деген мақтанышы мәңгі сақталады.

Норвегия жанкүйерлерінің «викингтік» перформансы

Биылғы футболдан әлем чемпионаты тек алаңдағы тартысты матчтармен емес, жанкүйерлердің әсерлі перформанстарымен де есте қалып жатыр. Солардың бірі – Норвегия құрамасының жанкүйерлері ұйымдастырған ерекше шоу.

Матч басталар алдында трибунадағы мыңдаған норвегиялық жанкүйер бір мезетте қолдарын алға-артқа сермеп, ескек есіп отырғандай қимыл жасады. Бұл көрініс әлеуметтік желілерде кең таралып, көптеген футболсүйер қауымның қызығушылығын тудырды.

Фото: ашық дереккөзден

Бұл перформанс кездейсоқ таңдалмаған. Норвегия тарихында викингтер маңызды орын алады. VIII-XI ғасырларда Скандинавиядан шыққан теңізшілер мен жауынгерлер ұзын кемелермен мұхиттарды кесіп өтіп, Еуропаның түрлі өңірлеріне саяхат жасаған. Сондықтан ескек есу қозғалысы – норвегиялықтардың тарихи мұрасы мен ұлттық болмысына жасалған ишара.

Футболдағы мұндай перформанстар жанкүйерлер мәдениетінің бір бөлігіне айналған. Біреулер алып баннерлер көтерсе, енді бірі ұлттық дәстүрді көрсететін қойылымдар ұйымдастырады. Ал норвегиялықтардың «викинг кемесін еске түсірген» бұл әрекеті әлем чемпионатының ең әсерлі жанкүйерлік көріністерінің бірі ретінде бағаланып отыр.

 

Оқи отырыңыз