Әлем чемпионаты: Асыл Айтақын қола жүлде үшін күреседі

Әлем чемпионаты: Асыл Айтақын қола жүлде үшін күреседі

Айзат Айдарқызы
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатының жетінші жарыс күні еркін күрестен 61, 70, 86 және 125 келі салмақтағы балуандар бозкілемге шықты.

Ұлттық  құрама сапынан төрт еркін күрес шебері тәжірибелі қарсыластарымен күш сынасты. Сондай-ақ бірнеше тартысты кездесу мен күтпеген нәтиже тіркелді. Солардың ішінде 61 келіде сынға түскен Асыл Айтақын қола медаль үшін белдеседі. 

Асыл Айтақынның жарқын жеңістері

61 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Асыл Айтақын жарысты сәтті бастады. Алғашқы айналымда қырғызстандық Өмүрбек Асан уулуын 4:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті. Одан кейін әзербайжандық Нуреддин Новрузовпен кездескен отандасымыз аса тартысты белдесу өткізді. Екінші кезеңнің соңғы секундтарына дейін 2:4 есебімен ұтылып жатқан Асыл соңғы сәтте екі ұпай еншілеп, жеңісті жұлып алды. Төрешілердің бейнеқайталауды қарауынан кейін 5:4 есебімен жеңіске жетті.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Ширек финалда қазақстандық балуан Германия өкілі Хорст Лермен кездесті. Бұл жолы Асыл қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 10:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Осылайша, ол әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алған. Алайда финал жолдамасы сарапқа салынған белдесуде ол Иран балуаны Ахмад Мұхаммаднежад Джаванға 1:2 есебімен жол берді. 

Енді Асыл Айтақын 31 қазан күні қола жүлде үшін күреседі. Оның қарсыласы жұбаныш белдесулерінен кейін белгілі болады.

Қазақстанның өзге балуандарының нәтижесі

70 келіде Санжар Досжанов алғашқы белдесуінде Кения өкілі Юджин Омулулені 11:0 есебімен жеңді. Алайда ширек финалға шығу жолындағы кездесуде Моңғолия балуаны Тулга Тумур Очирге 1:2 есебімен есе жіберді. Осылайша, қазақстандық балуан жарысты жалғастыра алмады.

86 келіде Болат Сақаев Испания өкілі Габриэль Иглесиасты 4:0 есебімен жеңіп, жарысты жақсы бастады. Дегенмен келесі кезеңде АҚШ балуаны, әлемдік күрестің танымал өкілі Кайл Дейкке қарсылас атанып, 0:11 есебімен жеңіліп қалды.

125 келіде Едіге Қасымбек алғашқы белдесуінде Грузия өкілі Александре Абрамишвилиді 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Бірақ келесі айналымда Түркия балуаны Хакан Бүйүкчингилге 1:11 есебімен жол берді.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Ал 65 келіде жұбаныш белдесуіне қатысқан Өсімжан Дастанбек Иранның танымал балуаны Рахман Амузад Халилимен кездесіп, 0:11 есебімен жеңілді. Осылайша, ол қола медаль үшін күресу мүмкіндігінен айырылды.

Әлемдік жұлдыздар арасындағы тартысты кездесулер

Бүгінгі жарыста әлемдік күрестің танымал балуандары да өнер көрсетті. 86 келіде АҚШ өкілі Кайл Дейк бірнеше тартысты белдесу өткізіп, жартылай финалға шықты. Ол алғашқы кездесуінде Моңғолия балуаны Батбилгуун Наадамбаттан 2:5 есебімен ұтылып жатып, белдесу соңында 6:5 есебімен жеңісті жұлып алды. Кейін Литва өкілі Паулиус Лескаускасты 13:2 есебімен жеңіп, ширек финалда Қырғызстан балуаны Мәлік Шаваевтан 6:2 есебімен басым түсті.

Осы салмақтағы ең қызықты кездесулердің бірі Олимпиада чемпионы Магомед Рамазанов пен Иран балуаны Камран Ғасемпур арасында өтті. Ғасемпур қарсыласын 5:3 есебімен жеңіп, сенсация жасады. Алайда келесі белдесуде Қырғызстан өкілі Мәлік Шаваевқа таза жеңіліп, жарыстан шығып қалды.

61 келіде ресейлік Завур Угуев те жартылай финалға жолдама алды. Ол Солтүстік Корея өкілі Кван Мён Кимді 10:0 есебімен жеңіп, Өзбекстан балуаны Гуломжон Абдуллаевпен өткен ширек финалда 3:2 есебімен басым түсті. Албания атынан сынға түскен Зелимхан Абакаров та ширек финалда Жапония балуаны Тошихиро Хасегаваны 8:1 есебімен жеңді.

125 келіде Иран балуаны Амир Хоссейн Заре Ямайка өкілі Аарон Джонсонды 10:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. АҚШ балуаны Уайатт Хендриксон да Германия өкілі Мохсен Сиярды 12:2 есебімен ұтып, келесі кезеңге өтті.

Оқи отырыңыз

{