Әке мен қыз арасындағы жеке шекараны қай жастан сақтау керек?

Әке мен қыз арасындағы жеке шекараны қай жастан сақтау керек?

Көктем Қарқын
Фото: AI көмегімен жасалды

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде әкенің қыз баласына деген физикалық жақындығы, оны қалай құшақтап, қалай сүйгені қызу талқыланып жүр. Бір тарап әкенің қызын ернінен сүюін орынсыз деп санаса, енді бірі мұндай пікірлер ер адамдарды өз баласынан алшақтатып жіберуі мүмкін екенін айтады.

Осы тұста маңызды сұрақ туындайды: әке қызын қалай жақсы көруі керек және балаға деген табиғи мейірім мен жеке шекараны бұзудың аражігін қалай ажыратамыз? Отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, бұл мәселеде ең алдымен баланың жас ерекшелігін, психологиялық және физиологиялық дамуын ескеру қажет.

Физикалық жақындықтың формасы өзгеруі керек

Психологтың пікірінше, кішкентай кезінде ата-анасының құшағында өсіп, үнемі еркелеп жүретін бала есейген сайын оның жеке шекарасы да қалыптаса бастайды. Сондықтан ата-ана бұрынғыдай физикалық жақындықты сақтағанымен, оның формасын өзгертуі керек.

Қыз бала өскен сайын, әсіресе өтпелі кезеңде физиологиялық және психологиялық тұрғыдан дамиды. Оның жеке шекарасы қалыптасып, кеңейе түседі. Анасы да, әкесі де осыны ұмытпауы керек. Бұрын кішкентай бөпені қолыңыздан тастамай, құшақтап, бауырыңызға басып жүрсеңіз, бала есейген сайын физикалық жақындықты азайтып, оның формасын өзгерту қажет, – дейді отбасылық психолог.

Маманның сөзінше, әке мен қыз арасындағы мейірімді қарым-қатынас тоқтамауы керек. Бірақ баланың жасына сай физикалық жақындықтың түрлерін таңдаған жөн. Мысалы, қызын маңдайынан, бетінен сүю, шашынан иіскеу, құшақтау – әкелік мейірімді білдірудің табиғи жолдары.

Мұндай қарым-қатынас балаға өзін қауіпсіз сезінуге көмектеседі. Сонымен бірге ата-ана баланың денесіне қатысты жеке шекараларды кішкентай кезінен қалыптастыруы қажет.

Иә, әке ретінде баланы сүйіп, құшақтаймыз. Бірақ маңдайынан сүйіп, иіскеуге, бетінен сүюге, шашын иіскеуге, құшақтауға болады. Өсе келе осы әдет қалыптасуы керек. Түрлі сезім оятуы мүмкін әрекеттерден алыстаған дұрыс, – дейді Ержан Мырзабаев.

Баланың қарсыласпауы – бәріне келісім бергені емес

Психолог ата-аналар жиі ескере бермейтін тағы бір мәселеге назар аударады. Ол – баланың физикалық жақындыққа қатысты реакциясы.

Кейде ата-аналар баланың қарсылық білдірмеуін, үндемей тұруын немесе күліп қабылдауын әрекеттің дұрыс екеніне дәлел ретінде қабылдайды. Алайда бұл әрдайым баланың шын қалауын білдірмейді.

Баланың реакциялары да маңызды. Бала ұнатып жатыр, қарсылық білдірмеді деп ойлау – қате, – дейді маман.

Балалар кей жағдайда өзіне ұнамайтын әрекетке қарсылық білдіре алмауы мүмкін. Әсіресе өтпелі кезеңдегі қыз балалар өз сезімдерін толық түсініп, жеке шекарасының бұзылып жатқанын бірден аңғара бермейді.

Сондықтан ата-ана баланың үнсіздігін келісім деп қабылдамауы керек. Керісінше, оның көңіл күйіне, дене қимылына, өзін қалай сезініп тұрғанына назар аударғаны жөн. Егер бала құшақтаудан бас тартса немесе сүйгенді қаламаса, оның таңдауын құрметтеу қажет.

Бұл жерде маңыздысы – әке мен қыздың арасындағы сүйіспеншілікті шектеу емес, баланың денесіне қатысты шешім қабылдау құқығын қалыптастыру.

Өтпелі кезеңдегі жауапкершілік

Қыз баланың өтпелі кезеңі – физиологиялық өзгерістермен қатар, психологиялық тұрғыдан да күрделі уақыт. Бұл шақта бала өз денесіндегі өзгерістерді, жаңа сезімдерді, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын енді түсіне бастайды.

Кейде өзіне жақын адамның әрекеті дұрыс па, әлде жеке шекарасынан асып кетті ме деген сұраққа жауап бере алмауы мүмкін. Тіпті үлкендердің әрекетіне қарсы тұруға батылы жетпеуі де ықтимал.

Осы себепті психолог баланың жеке шекарасын қорғау міндетін оның өзіне артып қоюға болмайтынын айтады.

Өтпелі шақта қыз балалар үшін кейбір сезімдер жаңа болуы мүмкін. Жеке шекаралары бұзылып жатқанын байқамай да қалады. Таныс адамның шекарасынан өткенінің дұрыс немесе қате екенін түсінбей қалуы мүмкін. Сондықтан балаға жауапкершілік жүктемеу керек. Ата-ана ретінде балаға сепарация жасап, дұрыс субординация қалыптастыру жауапкершілігін өзімізге алуымыз қажет, – дейді Ержан Мырзабаев.

Яғни балаға «Неге қарсы болмадың?», «Неге айтпадың?» деп кінә артудың орнына, ата-ана оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Қыз бала өз денесіне қатысты қандай әрекетке келісетінін, қандай әрекетке келіспейтінін білуі маңызды. Сонымен қатар оның «жоқ» деген жауабын жақындары да құрметтеуі керек.

Әке қызымен қандай тақырыпта сөйлесуі керек?

Әке мен қыздың қарым-қатынасы тек физикалық жақындықпен өлшенбейді. Баламен сырласу, әңгімелесу, бірге уақыт өткізу, оның қызығушылығына көңіл бөлу де әкелік сүйіспеншіліктің маңызды бөлігі.

Қыз бала өзіне қиындық тудырған кез келген мәселені ата-анасына ашық айтып, көмек сұрай алуы керек. Әсіресе өзін мазалаған жағдайды жасырмай жеткізуіне мүмкіндік беретін сенімді орта қалыптастыру қажет.

Дегенмен отбасылық психолог әке мен қыз арасындағы әңгімелердің де белгілі бір шекарасы болғаны дұрыс деп есептейді. Оның пікірінше, интимдік тақырыптарды анасы қызымен, ал әкесі ұлымен талқылағаны жөн.

Баламен сырласу, әңгімелесу, уақыт өткізу де маңызды рөл ойнайды. Бала қалаған проблемасын ата-анасына ашық айтып сөйлесе алуы керек. Бірақ қыз бала әкесімен интимдік тақырыптарды сөйлеспейтіні сияқты, әкесі де бұл тақырыптарды қозғамауы керек. Кейбір әкелер «жігіттер жайлы қызыммен ашық сөйлесемін» деп әлеуметтік желіге жазып жатады. Бұл дұрыс емес. Анасы қызын бұл тақырыпта жақсы түсінеді. Ал әкесі ұлымен сөйлесуі керек, – дейді психолог.

Әкенің қыз бала өміріндегі орны ерекше. Қызына қамқорлық көрсету, оны қолдау, жетістігіне қуану, қиын сәтінде жанынан табылу – әкелік сүйіспеншіліктің негізгі көріністері. Қыз бала әкесінің жанында өзін қауіпсіз сезініп, оның қолдауына әрдайым сене алуы керек.

Алайда баланың есейгенін қабылдап, оның жеке кеңістігіне құрметпен қарау да – ата-аналық жауапкершілік. Әке қызынан алыстап, мейірімін жасыруы керек емес. Тек қызының жасына, психологиялық дамуына және жеке қалауына сай қарым-қатынас орнатуы қажет.

Өйткені балаға сүйіспеншілікті сезіндіру мен оның шекарасын құрметтеу – бір-біріне қарсы ұғымдар емес. Керісінше, екеуі қатар жүргенде ғана ата-ана мен бала арасында сенімді әрі қауіпсіз қарым-қатынас қалыптасады.

Оқи отырыңыз

{