Адам неліктен күледі? Ғалымдар күлкі мен күлкілі сәттердің құпиясын түсіндірді

Адам неліктен күледі? Ғалымдар күлкі мен күлкілі сәттердің құпиясын түсіндірді

Мадина Асылбекова
Фото: unsplash.com/Lesly Juarez

Күлімдеу мен күлкі адамның қуанышын білдіретін табиғи әрекет сияқты көрінеді. Дегенмен ғалымдар адам тек әзілге ғана күлмейді деп санайды.

Кейде біз өзімізді ыңғайсыз сезінгендіктен, қобалжығанда немесе ашуды жасыру үшін де күлеміз. Тіпті күнделікті өмірдегі күлкіміздің өзі көбіне әзілге мүлде қатысы жоқ екен.

Зерттеушілер пікірінше, күлкі мен күлімсіреу – адамзаттың ең көне қарым-қатынас құралдарының бірі.

Күлімдеу мен күлкінің айырмашылығы қандай?

Күлімдеу – адамның бет әлпетіндегі мимикалық өзгеріс. Еріннің екі шеті жоғары көтеріліп, ұрт тартылып, ал шынайы қуаныш кезінде көз айналасындағы бұлшықеттер де қозғалады. Сондықтан адамның шын көңілден күліп тұрғанын көзінен-ақ байқауға болады.

Ал күлкі әлдеқайда күрделі процесс. Бұл кезде дауыс байламдары, диафрагма және тыныс алу жүйесі қатар жұмыс істейді. Ми алдымен болған жағдайдың қауіпті емес екенін бағалап, содан кейін ғана адамның күлкісін іске қосады.

Күлкі / unsplash.com/Jacqueline Munguía

Ғалымдардың айтуынша, бұл процеске мидың бірнеше бөлігі қатысады. Бірі жағдайды сараласа, екіншісі дыбыс шығаруға жауап береді.

Күлкі не үшін керек?

Зерттеулерге сүйенсек, күлкі адамдар сөйлей бастағанға дейін-ақ пайда болған. Маймылдар ойнаған кезде күлкіге ұқсас дыбыстар шығарады. Ал егеуқұйрықтарды қытықтағанда олар адамның құлағына естілмейтін ультрадыбыстық «күлкі» шығаратыны анықталған.

Бастапқыда мұндай дыбыстар қауіп жоқ екенін білдіретін белгі болған. Жануарлар ойнап жүріп бір-бірін итеріп немесе тістеген кезде қарсыласына «бұл – ойын ғана» деген белгі береді.

Уақыт өте келе күлімдеу мен күлкі адамдар арасындағы сенімді арттырып, агрессияны азайтатын әлеуметтік құралға айналды.

Неге біз күлкілі болмаса да күлеміз?

Ғалымдардың ең қызық тұжырымдарының бірі – адамдар көбіне әзілге емес, қарапайым әңгіме кезінде күледі.

Мысалы, «Жарайды, мен кеттім», «Қарашы, кім келді?» немесе «Шынымен бе?» деген сияқты қарапайым сөздерден кейін де адамдар жымиып немесе күліп жатады.

Мұндай жағдайда күлкі – әңгімені жалғастырудың, әңгімелесушіге жылы қарым-қатынас білдірудің белгісі. Ол қарсы тарапқа «сені тыңдап тұрмын», «саған достық ниеттемін» дегенді аңғартады.

Сондықтан адам жалғыз отырғанда көп күлмейді. Ал көпшілік ортада күлкі әлдеқайда жиі байқалады.

Әзілге күлгенде мида не болады?

Күлкілі әзіл естігенде ми бірнеше кезеңнен өтеді.

Алдымен ол әңгіменің қалай аяқталатынын болжайды. Кейін күтпеген бұрылыс пайда болады. Бір сәтке абдырап қалған ми жаңа түсініктеме тауып, жағдайдың қауіпті емес екенін түсінеді. Дәл осы кезде адамда қуаныш сезімі пайда болып, күлкі шығады.

Егер күтпеген жағдай қауіпті болып көрінсе, мысалы, біреу қатты жарақат алса, онда күлкі бірден тоқтайды.

Неге кейде қобалжығанда күлеміз?

Көпшілік алдында қателесіп кеткенде немесе ыңғайсыз жағдайға тап болғанда адамның еріксіз күліп жіберетіні бар.

Мамандар мұны ағзаның қорғаныс механизмі деп түсіндіреді. Мұндай күлкі:

Мысалы, маңызды кездесуде қате сөйлеп қойсақ, еріксіз жымиюымыз «қателескенімді түсіндім, оны дұшпан ретінде қабылдамаңыздар» деген белгі іспетті.

Неліктен күлкі жұқпалы?

Біреудің күлкісін естігенде өзіміздің де еріксіз жымиып кететініміз бар.

Ғалымдардың айтуынша, күлкі дыбысы мидағы қозғалысқа жауап беретін аймақтарды белсендіреді. Соның әсерінен адамның жүйке жүйесі өздігінен сол эмоцияны қайталауға бейімделеді.

Күлкі / unsplash.com/Ivana Cajina

Бұл қасиет адамдар арасындағы сенімді нығайтып, ұжымда ортақ көңіл күй қалыптастыруға көмектеседі.

Күлкінің денсаулыққа пайдасы бар ма?

Күлкі барлық аурудың емі болмаса да, оның ағзаға оң әсері ғылыми түрде дәлелденген.

Шынайы күлкі кезінде күйзеліс гормоны саналатын кортизолдың деңгейі уақытша төмендейді. Сонымен қатар ағзада эндорфиндер – «бақыт гормондары» көп бөлінеді.

Соның арқасында адамның ауырсынуды сезінуі аздап бәсеңдеп, көңіл күйі жақсарады.

Неге адам өзін өзі қытықтай алмайды?

Қытық пен күлкі бір-бірімен тығыз байланысты.

Адам өзін өзі қытықтағанда ми қолдың қай жерге және қалай тиетінін алдын ала біледі. Сондықтан күтпеген әсер болмайды.

Ал басқа адам қытықтағанда жанасудың күші мен бағытын алдын ала болжау мүмкін емес. Осындай тосын әсер қауіпсіз ортада рефлекстік күлкіге ұласады.

Күлкі – адамдарды жақындастыратын қасиет

Ғалымдардың пікірінше, күлкі мен күлімдеу – адамзаттың эволюция барысында қалыптасқан ең маңызды әлеуметтік дағдыларының бірі. Олар адамдардың бір-біріне сенім артуына, қарым-қатынас орнатуына және күрделі қоғам құруына ықпал еткен ерекше биологиялық механизм саналады.

Оқи отырыңыз

{